Шетелдік банк: бізге қаншалықты тиімді?

1372

0

Бүгінгі күннің шындығы, бүкіләлемдік қауымдастық мемлекеттен бастап, ірі корпорациялар, одан қалды жеке тұлғалар қарызға өмір сүреді. Аталған құбылыстың өмірдің үйреншікті дағдысына айналғаны соншалық, капитализмнің есігін алғаш ашқан күннен бастап қазақстандық әрбір азамат оған әбден үйреніп алды.

Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздің ересек азаматтарының 80 проценті қарызға өмір сүреді. Қарыз, әлбетте, қайтарылуымен құнды.  Өкінішке  орай,  бұл  бағыттағы тірлігіміз әзірге оншалықты мәз емес, Қазақстандағы жетекші банктердегі мерзімі 3 айдан асып кеткен өтелмеген несие мөлшері жалпы қарыздың 10-12 процентін құрайды. Бұдан қарызын мерзімінде өтейтіндердің жағдайы тәуір деген пікір тумаса керек-ті. Көпшілігі «шықпа жаным шықпамен» күн кешеді, дұрысын айтқанда, өздерін материалдық, рухани қажеттіліктен шектейді. Атақты Виктор Гюго: «қарызға бату – құлдықтың бастамасы» депті. Алайда қарызға ақша алу инстингі әзірге бізді бұл түсініктен тым алыс­тау ұстайтын сыңайлы. Осының барлығы ұрпақ дамуының келешегі үшін жақсылықтың нышаны емес екенін және ескерткіміз келеді.

Өткен жылы Қазақстанға Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде шетелдік банктердің келуіне рұқсат етілді. Көпшілігіміз бұл шешімді қуана қабылдадық. Бәсекелестік туындап, несиелік мөлшерлеме проценті төмендейді деп үміттендік. Шындығында солай ма? Сарапшылардың пікірлеріне сүйеніп, біршама талдау жасап көрелік.

Сонымен, шетелдік банктерге ДСҰ шеңберінде есік ашылды. Тиісті құжатқа 2020 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қол қойды.

Ұлттық банк Қазақстанға келетін шетелдік банктерге бес талап қояды. Филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қадағалаушы органының лицензиясына және 20 млрд доллардан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. Бұдан басқа оқырмандар үшін қызығушылық туғызбайтын басқа да талаптар бар.

Бұл орайда сарапшылар пікірі не дейді?

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­тығының жетекшісі Елена Бахмутова шетелдік банктердің Қазақстанға осыған дейін келіп, лицензияларға сәйкес жұмыс істеп жатқанын, ДСҰ-мен келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен ұсына алатынын айтады.

– Шетелдік банктерден төніп тұрған қауіпті немесе қатал бәсекені көріп тұрған жоқ­пын. Ресейлік «Сбербанктің» қазақ­с­тан­дық банктермен бірлесе, бәсекелесе жұмыс істеп жатқаны қалыпты жағдайға айналды. Ал шындығында, «Сбербанк» – шетелдік банк. Бірақ босаңсуға болмайды. Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыз халықаралық нарықтарға өз бетімен шыға бастады. ДСҰ біз үшін үлкен сынақ емес деп айта аламын. Негізінде жергілікті ірі ойыншылар бәсекені жеңе алады, – дейді ол.

Бір нәрсе айқын. Шетел­діктердің келуі отандық банк­тердің белсенді жұмыс істеуін ынталандырады. Себебі ішкі нарықтағы кәсіби банк қыз­мет­керлерінің бәрі елімізге келіп-кеткен банктерде жұмыс істеп, тәжірибе жинағанын сарапшылар да мойындайды. Нарыққа кірген кез келген ойыншы жергілікті банктердің дамуына көмектеседі.

Қазақстан шетелдік банк­тер үшін тартымды екенін, тез дамып келе жатқан нарық болғандықтан халықаралық компанияларды қызықтыратынын айтқан қаржыгер Ерлан Ибрагим олардың оңай шағылатын жаңғақ емес екенін де ескертеді. Сарапшы атап айтқанда бұл пікірін бірқатар баспасөзде мәлімдеген еді.

Елге келген шетелдік банк­тердің өз клиенттерін қадағалауға толық мүмкіндігі бар. Бірақ қаржыгердің пайымдауынша, 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап шетелдік банктер елімізге келу үшін кезекте тұрады деп үміттеніп қалуға болмайды. Қазақстанда қаржы саясаты немесе бизнесті жүргізу саласында реттелмеген мәселелер баршылық. Тіпті олар біз күткен деңгейде келмесе де, барының өзі ішкі нарықты билеп-төстеуге үйреніп қалған қазақстандық ойыншыларға бәсекелестік тудыруы әбден мүмкін. Себебі олар шетелде қалыпты жағдай болып көрінетін өркениетті банк мәдениетін елге алып келіп, сервисті жаңғыртады. Сондықтан, жергілікті ойыншыларға қол­дағы бар клиенттерін сақтап қалудың заманауи жолдарын қарастырудан өзге амал жоқ. Ал банктік проценттік мөлшерлеме мәселесі, сарапшының пайымдауынша, Ұлттық банк анықтайтын базалық мөлшерлемеге сәй­кес есептеледі және елдегі макроэкономикалық жағдайды басшылыққа алады. Сондықтан бұл тұста шетелдік банктердің келуімен банк секторындағы жағдай батыс стандарттарымен теңеседі деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл – экономиканың өсімі­мен қатар жүретін мәселе.

Несиелер бойынша проценттік мөлшерлемелер, ең алдымен, қаржы­лан­дыру құнына байланыс­ты. Егер қар­жыландыру шетелдік банктің бас компаниясы арқылы жүзеге асырылатын болса, АҚШ долларындағы несие ставкалары төмен болады, өйткені қаржыландыру құны арзан. Бизнесті дамытуға бағытталған долларлық несиелерді алар болсақ, шетелдік банктердің келуі мөлшерлемені азайтуы мүмкін. Олардың ақша алатын қор базалары тәуекелдерді ескерген күннің өзінде әлдеқайда арзандау болатыны белгілі. Сондықтан кәсіпкерлерге арналған арзан несиелердің пайда болуы әбден мүмкін. Егер шетелдік банктің филиалы жергілікті қаржыландыруды қолданса, онда несиелеу шарттары отандық банктердікімен бірдей болады.

Қазақстанда филиалдар ашу құ­қы­ғы Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болу шеңберінде берілетінін айтқан Е.Ибрагим 2021 жылды үлкен өзге­рістермен қарсы аламыз, қазақтың банк ландршафты өзгереді деген үміттің ішінара ақталғанын айтады. Демек, келем дегендердің елге келіп филиалдарын ашуға нормативтік тұрғыда кедергі жоқ.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Жалпы әлемде ішкі мүмкіндіктерге сүйенуі үшін мемлекет халқының саны 50 млн адамнан кем болмауы тиіс. Әзірге қазақстандықтардың саны оның жартысына да жетпейді.

Бізде 100 млрд АҚШ доллары айналымда жүрген жергілікті жобалар өте аз. Елдегі ірі компаниялар қазақстандық банктердің көмегіне жүгінбейді. Сондықтан, сарапшылар бірін­ші кезекте, Грузия, Балтық жағалауындағы кішігірім банк­тердің келуі мүмкін екенін айтып жатыр. Одан өзге нарық бірінші кезекте Ресей мен Қытай банктері үшін тартымды болуы мүмкін.

Moody’s сараптамалық агент­ті­гінің сарапшысы Семен ­Исаков соңғы 10 жылда елден шетелдік ойыншылардың кетуі жиілеп кеткенін айтады. Олардың түсінігінде Қазақстанның қаржы нарығы Ресей мен Қытай ойыншылары үшін ғана қызықты.

Сарапшының пайымдауынша, ке­йінгі жылдары несиелендіру деңгейі экономиканың өсуімен салыстырғанда төмен, ал өскен негізгі банктік секторлар – тұтынушылық несиелеу және шағын бизнес саласын қамтиды. Мәселені талдап отырған Қазақстан Президенті тұтынушылық несиенің жалпы несие үлесіндегі салмағы 60 процентке жеткеніне алаңдаушылық білдірді. 

ХХI ғасыр тек адам капиталы емес, инвестиция үшін күреске толы болады. Бұл орайда сарапшылар Ұлттық банк немесе қаржы нарығын бақылап, реттеп отыратын агенттіктер шетелдік банктерді елде ұстап тұру үшін проценттік мөлшерлемені өз­гертуі мүмкін деген пікірді жиі айтуда. Егер, жағдай осыған қарай ойысса, қазақстандық банктер салымшыларынан айырылып қалуы әбден мүмкін еді. Бірақ бас банкир Ерболат Досаев былтыр журналистермен кездес­кенде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік банктердің филиалдарын реттеу резидент банктерге қолданылатын қолданыстағы реттеуші тәсілдерге негізделетінін айтып, бұл мәселеге нүкте қойды.

«Кейінгі 10 жылда Қазақ­станның ішкі жалпы өнім құры­лымындағы несиелендіру үлесі төмендеп кетті. Несиелендіруді қажетсінетін салалар көбейді. Шетелдік банктерде мұндай қаражат әрдайым бола бермейді» деді Moody’s сараптамалық агент­тігінің қазақстандық банк секторы бойынша жетекші талдау­шысы Семен Исаков онлайн-конференцияда.

Қазір күллі әлем экономика мен рухани салалардың барлығында жанкешті бәсекеге түскен. Бәсеке енді қаржы нарығында басталатын сыңайы бар. Кімнің мерейі үстем болады? Оны уақыт көрсетеді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<