Сыр өңірі Қазақстанның болашақ мұнай орталықтарының қатарында аталды

844

0

Жылдар бойы аграрлық сипатта дамыған Сыр экономикасы өткен ғасырдың 80-ші жылдардың басында бір серпілгендей болды. Өңірде мұнайдың алғашқы ұңғымалары атқылады. «Ленин жолының» тілшісі ретінде сонау Жезқазған өңіріне ат басын бұрып, сондағы алғашқы вахталық қалашықта болғаным бүгінгідей есімнен кетпейді. Мұнда барлығы бар. Жапан далада қоныстанған мұнайшылардың бүкіл тіршілігі автономды жабдықтауға қосылған.

Алғашқы мұнайшыларды осы қалашықта кездестірдік. «Маңғыстау мұнайгаздан» бөлініп шығып, өз алдына Қызылордада отау құрған «Оңтүстікмұнайгаз» шаңырағын көтерушілер қа­тарында Мұрат Саламатов, Есқожа Бергенбаев, Жеңіс Жалғасов, Қабыл Қыстаубаев, тағы ондаған мұнайшы болды. Олардың бар­лығы бізге, мұнайлы өлкені көтеруге Қазақстанның Ба­тысынан келді. Негізінен Сырдың тумалары болғандықтан, олар өз туған жеріне деген ыстық ықыластарын, ізгі шуақтарын ала келгендей еді.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайшыларға Қызыл­ордадан арнайы тікұшақтар, сол кездің жедел әуе көлігі «АН-2» қатынайтын. Журналистер қауымы да осы көліктермен 200 ша­қырымдық қашықтыққа сапар шегетін. Біз үшін бір қызық әлем. Қызылорданың мұнайы көп ұзамай өзінің алғашқы 100 мың тонна өнімін, кейін 1 млн тонна «қара алтынын» берді. Осы мерекелік даталар лайықты түрде аталып өтілгенін білеміз. Сыр мұнайы осылайша біздің өндірістік әлеуетімізді арттыра түсті. Көптеген әлеуметтік маңыз­ды нысандар пайдалануға берілді.

Мұнайлы өлкенің дам­уына Қызылорда облысын бас­қар­ған бірінші хатшы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің, ке­йін оны алмастырған Сейілбек Шаухамановтың елеулі үлес қосқанын аға ұрпақ жақсы біледі. Олар кеніштің облыстың аумақтық бөлінісінен тысқары жерін­де игеріліп жатуына орай одақтық басшылыққа шығып, Қарағанды жерін ұзақ мерзімге Қызылорда облысына беру жөнінде шешімнің шығуына қол жеткізді. Мұндай шешімнің кейін облыстың әлеуметтік-экономикалық салада болсын, жаңа бағытта дамуына елеулі ықпал жасаған еді.

Саланың табысы сол кезде республикадағы бірінші салынған диагностикалық ор­талық пен аурухананың құ­рылысына жұмсалды. Бұл орайда Мәскеумен, Орталық министрлікпен келісімге ке­лудің оңай болмағанын бү­гінде жыр етіп айтуға болады. Көп ұзамай ортақ жүйе құлап, Қазақстан тәуелсіздігін алды. Осынау қиын сәттердің экономикалық берекесіздікке ұласқанын біз жақсы білеміз. Мұнайшылардың өніміне көптеген шаруашылықтар қаржылай есеп айырыса алмады. Барлығы заттай алмасуға көшті, қарыздар ай санап емес, күн санап ұлғайды. Осы тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан ­Назар­баев мұнай өндірісін шетел­дік ірі компанияларға сату жөнінде бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Солардың қатарында «Оңтүстік­­­мұнай­газ» алдымен кана­да­лықтарға, кейіннен қытай­лықтарға сатылды.

Жалпы Қазақстанның мұ­най өндірісінің тарихы ғасыр­дан астам уақытты қамтиды. 2019 жылы Қазақстан отандық мұнайдың 120 жылдық мерей­тойын атап өтті. Елі­мізде алғашқы кен орны ашыл­ғаннан бері 300-ден аса мұнай кен орны игеріліпті. Бұл Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық дұрыс шешім қабылдап, мұнай саласына «Шеврон», «Аджип», «Шелл», «Тоталь», «СНПС» сияқты әлемдегі ең озық компаниялардың инвес­тициялары мен технологиялары тартылуы нәтижесінде мүмкін болды.  Әрбір жаңа жоба жүзеге асырылған сайын мұнай саласы өз қуатын және әлеуетін ұлғайта түсуде.

Мұнай қорының көлемі Қазақстанда 90-жылдардан бері 5,3 млрд баррельден 30 млрд баррельге дейін өсті. Еліміз мұнай экспорттаушы көшбасшы елдердің қатарына қосылып, әлемде мұнай қоры бойынша 12-орынға және газ қоры бойынша 22-орынға көтерілді. Қазіргі мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге артты.

Жалпы айтқанда, тәуел­сіз­дік жылдары ішінде 1,5 млрд тоннадан астам мұнай және 740 млрд текше метрден астам газ өндірілді. Ұлттық қорға кірістердің жалпы көлемі 33 трлн теңгені құрады. Мұнай және газ тасымалдау жүйесі толығымен дамытылды. Кас­пий мұнай құбыры арқылы «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орындарынан мұнайды экспорттауға ең қысқа жол мен тиімді экономикалық жағдайлар қамтамасыз етілді. Қытайға экспорттық бағыт ашылды. Сонымен, экспорт көлемі 5 есеге ұлғайып, оның бағыты 36 елге кеңейтілді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» ірі газ транзиттік дәлізі ашылды. 2018 жылы  Қытайға газ экспорты басталды. Мұнай өңдеу зауыттарын инновациялық жаңартуға жалпы 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициялар ­тартылды. Мұнай өнімдерінің ішкі нарығы жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес өнім­дермен толық қамтамасыз етілді.

Қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс деңгейін жүйелі негізде арттыруымыз қажеттігіне назар аудартты. Бұл орайда мұнай өнімдері өндірісінде жаңғыртудың нәтижесінде еліміздегі барлық үш зауыттың мұнай өңдеу қуаты ұлғайды.

Бұл ретте ҚР Президенті ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету мәселесіне назар аудартты.

Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету, негізінен, Ақтөбе, Қызылорда облыс­тарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Мұнай өңдеу за­уыттарындағы мұнай кө­лемінің азаю қаупі бар. Ресурсты тиімді пайдалану үшін Үкімет нақты ұсыныстар енгізуі қажет, – деп атап өткен еді Мемлекет басшысы.

Ел экономикасы үшін мұнай-газ-химия саласының әлеуеті зор. Әлемдік тәжіри­беде мұнай-газ-химиясына салынған әрбір доллар эконо­микаға 2-3 доллар өсім береді және 7 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Бү­гінде, осындай әлеуеті зор жобалардың ішінде 8 газ-химия инвестициялық жобасы пысықталып жатыр. Олардың жалпы құны 12 млрд АҚШ долларынан асады. Оның ішінде полипропилен және полиэтилен жобалары таяу шетел арасындағы полимер өндірісінің ең ірі жобалары болып есептеледі.

Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерінің 171 елді мекенін, оның ішін­де Нұр-Сұлтан қаласын та­биғи газбен кезең-кезе­ңімен қамтамасыз ететін Сары­арқа магистральдық газ құбы­ры­ның құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 778 шақырым құрайтын құбыр дәнекерленді. Жылдың соңына дейін магистральды құбырының құрылысы аяқталатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін Исатай, Абай, Жеңіс, Қаламқас-Теңіз бен Хазар жобаларына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд АҚШ долларынан асып жығылады. Теңіздегі жобалармен қатар еліміздегі аз зерттелген перспективалы аумақтарда геологиялық барлауды жандандыру жос­парланып отыр. Энергетика министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі 2021-2025 жылдарға Геологиялық барлау бағдарламасын қабылдайды.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев геофизикалық және геологиялық жұмыс­тарға отандық компания­лар­ды көптеп тарту қажет­тігін ескертті. Отан­дық ком­­паниялардың геофизи­ка­лық және геологиялық жұмыс­тардағы үлесі не бәрі бестен бірді ғана құрайды. Аталған қаражаттарды пайдаланудың нақты әрі ашық тетіктерін әзірлеу қажет. Ол үшін тиісті институттық инфрақұрылым айқындаған жөн. Бұл жерде инновация мен жаңа технологияларды ынталандыру, зерттеулерді қаржыландыру үшін үлкен резерв бар – деп атап көрсеткен еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғасырдан астам уақыт өтсе де, мұнай-газ саласының әлеуеті әлі де зор. Ол қарқынды дами отырып, жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келе жатыр. Одан да маңызды мәселені атап өткіміз келеді. Зерттеулер бойынша Қазақстанның болашақ мұнай орталықтары ретінде Қостанай, Түркістан және Қызылорда облыс­тары аталуда. Елімізде не­гізінен Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан геологиялық базалар өзектендіріліп, оның сапасын арттыру мақсатында жаңа база құрылатын болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар минис­тр­лі­гінің хабарлауынша, мемлекет өз қаражаты есебінен жер қойнауына терең геологиялық зерттеулер жүргізу ісіне кірісіп кетті. Осы барлаудың ерте сатыларында анықталған перспективті алаңдар туралы геологиялық ақпарат деректер базасына енгізіледі. Олар отандық, шетелдік жеке инвесторлар үшін ашық жарияланады.  Қазіргі кезде негізінен, еліміздің батыс өңірлері – республикамыздың «мұнай орталығы» саналады. Бірақ Энергетика министрлігінің мәліметінше, шамамен 40-50 жылдан кейін әлемдік алыптар қатарында саналатын «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақтың» «қара алтыны» сарқылады. Сол тұста олардың орнына келетін жаңа ірі мұнай кен орындары ашылуы мүмкін. Ендігі жерде Қызылорда, Қостанай, Түркістан облыстарының ресурстық базасын кеңейту мақсатында бұған дейін аз зерттелген шөгінді бассейндерге және мұнай-газ ресурстық әлеуетіне зерттеу жүргізіледі. Шөгінді бассейндер шегінде мұнай-газ жиналуының жаңа көкжиектері ашылады және жаңа мұнай-газ қабаттары анықталады. Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстандағы моно­қалалардың маңында мине­ралдық-шикізат әлеуеті геологиялық зерттеуден өткі­зіледі.

Осылайша мемлекет «қа­­зіргі кезде мұнайы қар­қынды өндіріліп жатқан бас­ты өңірлерді 2040 жылдан кейін ауыстыру» үшін қажетті көмірсутектің жаңа ресурстық қорын түзететін болады. Осы арқылы елдің ғасыр ортасынан кейінгі энергетикалық қауіпсіздігін кепілдендіріп, отын-энергетикалық кешеннің орнықты дамуына жол ашады. Бұл міндеттер Қазақстанның геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасында бел­гіленіп отыр.

Жерасты қазынасына жауапты министрліктің дерегі бойынша осы бесжылдықта қазақ жеріндегі бес аз зерттелген аймақта – Солтүстік Торғайдың, Ертіс маңының, Арал, Сырдария және Шу-Сарысу шөгінді бассейндерінің шикізат әлеуеті бағаланады. Осы өңірлер жерінің астында қанша көлемде мұнай мен газ жатқанына геологиялық-геофизикалық зерттеулер ж­асалады. Бұдан бөлек, Қа­зақ­станның шығыс (Зырян, Риддер, Серебрянск) және орталық (Жезқазған, Сәтпаев) аймақтарындағы моноқалалар жанында ірі ауқымда іздеу және іздеу-бағалау жұ­мыстары қолға алынады. Бұл осы моноқалалардың ме­талға қатысты шикізат базасын толықтырып, олардың өркендеуіне тың серпін беру үшін қажет. Өз кезегінде «қара алтынның» мол қорын табу үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий маңы шөгінді бассейнінің шығыс және оңтүстік бөліктерінің, Маңғышлақ және Оңтүстік Торғай бассейндерінің, Кас­пий теңізінің қазақстандық секторындағы Солтүстік және Оңтүстік бөлігінің терең қабаттарына бұрғы салады. Бұл аймақтар – осы 5 жыл ішінде мемлекеттік мұ­най операторының ба­сым­дықты бағдарына айналады. Бұған дейін тым аз зерт­телген 4 шөгінді бассейн аясында: «Солтүстік Торғай» бассейнінде – 17,4 мың шақырым, Аралда – 4,5 мың шақырым, Сырдария­да – 3,1 мың шақырым, Шу-Сарысу шөгінді алаптарында  7,9 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұ­мыс­тарын жүргізу жоспарлануда. Осы зерттеулердің нәтижесінде тірек-параметрлік ұңғымалар бұрғыланады. Осы  бесжылдықта жалпы ау­қы­мы 34,08 мың шақырым бо­йында күні бүгінге дейін толық­қанды зерттелмей келген шөгінді бассейндерге қатысты геологиялық-геофи­зикалық жұмыстар жүргі­зі­леді. Мұның ауқымын ұғыну үшін айта кетелік: яғни, Бельгия, Армения, Молдавия, Израиль, Катар, Ливан, Черногория секілді елдердің тұтас территориясына тең аумақта «қара алтын», «көгілдір отын» және басқа да пайдалы қазба қазыналары ізделеді. Геологтар қазақстандық осы аумақта мұнай және бас­қа да шикізат мол екеніне сенімді. Сондықтан Қостанай, Қызылорда, Түркістан облысы және басқа өңірлер жаңа бағдарламаға қазба байлық іздеудің перспективті аумақтары ретінде кіріп отыр. 2021-2025 жылдар аралығында геологиялық барлау саласына 1 триллион теңгеге дейінгі қомақты инвестиция құйылады деп күтілуде. Осынау кең көлемді зерттеулер қорытындысында алынған гео­логиялық материалдар ашық әрі қолжетімді болады. Егер қазіргі болжамдар расталып, мол ресурстар табылып жатса, оларды әрі қарай тереңірек барлап, игеруге қазақстандық және шетелдік инвесторлар шақырылады деп күтілуде. 

Жалпы, «Қазақстанның гео­­логия саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін мемлекет 5 жыл ішінде 165 миллиард 890,2 миллион теңге салуды жоспарлап отыр.

Мемлекеттің жоспарлау стратегиясы Орталық атқа­рушы және жергілікті биліктің ұстанымдарымен үйлесімді болуы қажет екені белгілі. Бұл орайда облыс басшылығы да тиісті жұмыстарды қолға алуда. Белгілі себептермен Қызылорда өңіріндегі мұнай компанияларында мұнай өн­діру көлемі соңғы жылдары күрт төмендеп кетті. Бұл, сайып келгенде, облыстың өнеркәсіп әлеуетінің біршама кемуіне ықпал жасады. Қазіргі таңда осыған орай облыстың 2021-2022 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі Жол картасы жасалуда. Аталған мерзімде жер қойнауын пайдаланушылар 79 жаңа бұрғыны іске қосады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта Арал теңізі акваториясының «Батыс», «Шығыс» учаске­ле­ріне сейсмикалық зерттеу жүргізіліп, 2022 жылы пайдалы қазбаны игеру қолға алынады.

Мұнайдың бүгінгі жағ­дайына келейік. Панде­мияға байланысты әлемде қалып­тасқан күрделі ахуал біршама жақсара бастады. ОПЕК+ көлемінде тиісті шешімдер қабылданды. Жыл көлемінде мұнай өндіру көлемі біршама қысқарды. Нәтижеде баға көтерілді. Бағаның көтерілуі Қазақстан экономикасының бюджеттің табыс көзінің артуына ықпал жасады. Сарапшылар 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмендемейді деген пікір айтуда. Бұл, әлбетте, Қазақстанға қолайлы. Қазақстанда 2020 жылы 85,7 млн тонна мұнай және конденсаты өндірілді. Сол 2020 жылы Қазақстан 68,5 млн тонна мұнай экспорттады. Оның ішінде 15,8 млн тонна мұнай қайта өңделді. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 17 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

Мұнай Қазақстан үшін басты игіліктің көзі болып қала береді. Оның қатарында Сыр өңірінің болуы болашақ көкжиегіміздің жарқын еке­ніне айғақ болады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<