Тәуелсіздік кәсіпкерлік тынысын кеңейтті

952

0

Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықтық. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын, мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды. Соның ішінде Тәуелсіздік алғалы ғана қалыптаса бастаған, осы жолда қиындықтарды егемендікпен бірге еңсерген саланың бірі – кәсіпкерлік.

Құқықтық негіз қаланды

Кәсіпкерлік қызметін бұрынғы Кеңес одағы кезінде 1987 жылы қабылданған «СССР азаматтарының жеке еңбек қызметі туралы» заңы алғаш рет ресмилендірді. 1988 жылы «Кооперация туралы заң» қабылданды. Кооперативтер мен серіктестіктердің жаппай құрылуы басталды. Дегенмен, нарықтық инфрақұрылымның болмауына байланысты кооперативтердің аз бөлігі ғана аяғынан тұрып кете алды. Кейінірек 1988-1991 жылдары жалға беру, бірлескен кәсіпорындар мен банк қызметі туралы заңдар экономикалық жағдайды біршама ырықтандырды. Тұтастай алғанда, негізгі меншік мемлекеттікі болып қала бергенімен, жалға беру түріндегі аздаған босаңсулар біршама дәрежеде кәсіпкерлік белсенділікке жағдай жасады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар заңдар қабылданды. Саланың дамуына «Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі туралы» (1991), «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» (1992) заңдар түрткі болды. 1994 жылдың басында-ақ жеке кәсіпорындар саны 15,7 мыңды құрады. Салада жұмыспен қамтылғандар саны 164 мыңға жетті. 1998 жылдың басында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 307 мыңды құрап, оларда 1,2 миллион адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік қызметтің негізгі үш саласының ішінен бірінші орынға өндіріс те, тұтынушылар мен тауар өндірушілер арасындағы делдалдық та емес, сауда шықты.

Сол кезеңде ҚР Президентінің 1997 жылғы «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды белсендету және мемлекеттік қолдауды күшейту шаралары туралы» және 1998 жылғы «Жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне деген құқығын қорғау туралы» жарлықтары кәсіпкерліктің дамуына жаңа күш берген еді. Осы жарлыққа орай, Қазақстанда шағын бизнесті дамыту жөніндегі алғашқы арнайы орган ретінде сауда және экономика министрлігінің құрамында шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік құру және оның жұмысын ұйымдастыру ұйғарылды.

Бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек

Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамыту, қолдау құрылымын қалыптастыруда еліміз кезең-кезеңмен өзінің тарихи жолымен жүріп өтті. Мемлекеттің ішкі жүйесінде кешенді тәсіл мен мемлекеттік қолдау механизмі бар. Онда тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқығы мен мүддесін сақтау жұмысы жолға қойылған.

Еліміздегі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құруда бизнес-қоғамдастықтарды ұйымдастырудың континентальді моделі негізге алынған. Палатадағы кәсіпкерлердің жалпыға бірдей мүшелігі моделі континентальді (еуропалық) моделіне негізделген. Бұл модель Франция және Германияда әзірленіп, Еуропаның жетекші елдерінде сәтті жүзеге асып келеді. Бұл ретте 2013 жылы құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы бизнес пен биліктің тиімді серіктестігі негізінде дамуға қолайлы жағдай жасауда. Соның бір мысалы, өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 188 жоба әзірледі.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрылған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймағымызда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бизнесте белең алған заңсыздықтар мен түсініспеушіліктерді қарап, адал еңбек иесінің табысы артуы үшін мәселелердің жедел шешілуі жолға қойылған.

Айталық, өткен жылы пандемия салдары аймақта өндірілген өнім көлемі төмендеуіне алып келді. Алғашқы 6 айда шағын және орта кәсіпкерлікте 144,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,7 процентке аз. Төтенше жағдай, карантин кезеңдерінде Кәсіпкерлер палатасы жұмысын тоқтатқан емес. Бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетті. Елімізде төтенше жағдай енгізілген алғашқы күндері палата мамандары блок-посттарда тұрып кәсіпкерлердің кедергісіз жұмысын ұйымдастыру мақсатында ручной режимде жұмыс істеді. Көрші Түркістан облысында көкөністерді шығаруға шектеу қойылғанда мәселені облыс әкімдігіне жеткізіп, азық-түліктің кедергісіз өңірге кіруіне жағдай жасады.

Еуразиялық экономикалық комиссия күрішті өзге елдерге тыйым салу тетіктерін қарастырып жатқан шақта палата мамандары күрішшілермен бірге дабыл қағып, мәселені дер кезінде Үкіметке жеткізді. Осылайша қызылордалық кәсіпкерлер күрішті кедергісіз экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болды.

Жеке кәсіпте барлық әрекет заң аясында атқарылып, мемлекет пен тұтынушылардың қауіпсіздігі сақталып, адал жұмыс істегенде ешқандай мәселе де, қиындық та тумайды деп айту оңай. Бизнес иелерінің алдынан шығатын түрлі кедергілер мен қиындықтар табысты азайтатыны анық. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғап келеді.

Бергені мол бастамалар

2014 жылы ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша алғаш рет облыс әкімдігінің 100 процент қатысуымен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС құрылды. Орталыққа осы уақытқа дейін түрлі көздерден 8 млрд теңге қаржы тартылып, кәсіпкерлік субъектілерінің 1927 жобасы қаржыландырылды. Ал, 2015 жылы облыс әкімдігі мен орталық арқылы «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы іске асырылды. Бағдарламаға облыстық бюджеттен 360 млн теңге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Алмэкс» холдингтік компаниясынан 300 млн теңге тартылды. Оның аясында 110 жоба қаржыландырылып, 348 жаңа жұмыс орны құрылды.

2016 жылы облыс әкімдігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру мақсатында «Даму Сырдария» өңірлік бағдарламасын іске асырды. Оған 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Даму» қорынан 1,7 млрд теңге тартылды. Бағдарлама аясында бүгінге дейін 10,3 млрд теңгеге 913 жоба қаржыландырылған.

2017 жылы облыс кәсіпкерлеріне бір терезе қағидаты негізінде қызмет көрсететін толық форматтағы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылды. Орталық арқылы 2017-2019 жылдары облыс кәсіпкерлеріне 19 055 қызмет көрсетілді. Сол жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Қазақстан халқына жолдауы аясында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Қазірге дейін облысқа бағдарламаны іске асыруға 45,1 млрд теңге қаржы бөлінген. Бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздерінде барлығы 10 780 адам оқудан өтіп, 9 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткізді. Сондай-ақ, 4023 жоба шағын несиелендірілді.

Бағдарлама бес жылға ұзартылды

2018 жылы өңір кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасап, әкімшілік кедергілерді қысқарту, кәсіпкерлер жобаларын сүйемелдеу мақсатында салада қызмет көрсететін ұйымдар бір бизнес-орталыққа шоғырландырылды. Бизнес-орталық «Кәсіпкерлер үйі» деп аталып, толықтай облыс әкімдігінің қамкорлығына алынды.

Сондай-ақ, 2018-2020 жылдары жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау, өңірімізде шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін күрт өсіру үшін облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үш жылдығы жарияланды.

2019 жылы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қызылорда облысында инвестициялар тарту жөніндегі фронт-офисі болып айқындалды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті өңірде жаппай дамыту, бизнесте кездесетін кедергілерді барынша азайтуда, бизнесті жүргізуде қолайлы жағдайлар жасалғаны үшін аймақ 2017 жылдың қорытындысымен «бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингінде 1-орынды иеленді.

Ал, былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасы 5 жылға ұзартылды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «Бизнеске арналған Үкімет» платформасы аясында жұмысын жалғастырды. 2020-2021 жылдар аралығында «Бизнес­тің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа 5639,8 млн теңге қаржы бағытталды. Бағдарлама аясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 2789 жобасына 31,6 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Жиырма жыл жетістіктері

Елімізде соңғы 20 жылда сала қарқынды дамыды. Осы уақыт ішінде бизнес өкілдерінің саны 7 есе өсті. Мәселен, 2000 жылдардың басында елде небәрі 200 мың кәсіпкерлік субъект болса, биыл оның саны 1 млн 300 мыңға жеткен. Басым бөлігі – сауда-саттық және қызмет көрсету саласы. Ал елде өндірілетін отандық тауарлар 100-ден астам елге экспортталады.

Кәсіп иелері елді өніммен ғана емес, 4,5 млн тұрғынды жұмыспен де қамтып отыр. Салаға серпін берген – мемлекеттік бағдарламалардың үлесі айрықша. 2000 жылы шағын және орта кәсіптің экономикадағы үлесі 10 проценттен асқан жоқ. Қазіргі таңда 34 процентті құрап отыр. Үкімет тарапынан көп бағдарлама іске асып жатыр. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты 10 шақты жобаны ерекше атауға болады. Бұл ретте пандемия әсіресе, шағын кәсіпкерлікті шатқаяқтатып тастағаны жасырын емес. Десе де, бизнес өкілдері заман ағымына сай бейімделуді біледі. Былтырдан бері кәсіптің жаңа түрі – онлайн сауда қыза бастады. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы сауда көлемі еліміз бойынша 98 процентке артқан.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді белгілеп берген болатын. Тарата айтар болсақ, ең алдымен, қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру қажеттігіне екпін берді. Осы орайда Президент: «Соңғы жылдары бизнесті алаңдатқан бірқатар мәселе шешілді. Саланы бақылау және қадағалау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылданды. Мем­лекеттік органдардың тексерулеріне қатысты жұмыстар реттелді» деді.

Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде тиімді бизнесті қолдау керектігін атаған еді. Бұл ретте өңіріміздің өзінде соңғы бес жылда шағын және орта бизнесті дамытуда біршама қолдау шаралары іске асырылып, айтарлықтай нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Айталық, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8062 бірлікке немесе 17%-ке ұлғайып, 55 498 бірлікті құрады. Олардың жұмыс жасап тұрғандары 14820-ға ұлғайып, 49 434-ке жетті. Бүгінде аймақта кәсіпкерлік салада жұмыспен қамтылғандар саны 97 мың адамнан асып, өндірілген өнім көлемі 266,4 млрд теңгеден 396,6 млрд теңгеге жетті. Ал, ШОБ-тың жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 13,2 проценттен 16,7 процентке ұлғайды.

Қолдау болса, кәсіпке келу қиын емес

Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде көрініс табуда. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірде жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының материалдық негізі ретінде үлкен роль атқарады. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсару үстінде. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы.

Былтыр бұл саланы қолдау үшін Үкімет салықтық ынталандырулар беріп, несиелендіру аясын кеңейтті. Бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету шараларын қабылдады. Бұл шаралар өңірде де өз жалғасын тапты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова саланы дамытуда қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан болатын.

– Пандемия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер салықтық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. 9 мың сауда алаңы шамамен 700 млн теңге арендалық ақыдан, 194 кәсіпкер мемлекеттік меншікті жалдау құнынан босатылды. 8 мыңға жуық кәсіпкердің 11 млрд теңгеден астам несие қарызы кейінге шегерілді. Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында өткен жылы бизнесті қолдауға банктер 20 млрд  теңгеден астам қаражат бағыттады. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы несиелендірудің қолжетімді шарттары арқылы ауыл кәсіпкерлерінің стартап жобаларына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлді, – деді аймақ басшысы.

Пандемия кезінде былтыр өңірдің экономикалық ахуалына терең талдау жасай отырып, «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту картасы» қабылданды. Қаржы ұйымдары және банктер бизнеске 30 млрд теңгеден астам қаржы бағыттап, нәтижесінде шағын бизнестің 800-ден астам жобасы шағын несиелермен, тұрақты бизнестің 600-ге жуық жобасы банк несиелерімен қаржыландырылды.

Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шамамен 2,8 млрд теңге қайтарымсыз гранттар 4770 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бастамаларына табысталды.

Бұл қолдау шаралары өз кезегінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың санын 2,5 процентке арттырды. Бүгінде облыс бойынша бұл секторда 97 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Айта кету қажет, былтыр шағын және орта бизнес 396 млрд теңгенің өнімін өндіріп, жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 16,7%-ті құрады.

Жыл басынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 7,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 666 жобасы қаржыландырылып, 498 жобаға 2,9 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылған. Бағдарламаның несие портфелі өткен жылмен салыстырғанда, 6 есе ұлғайды. Оған екінші деңгейлі банктердің кәсіп­керлердің жобаларына мақұлдама беру тәртібі автоматтандырылған «скоринг» бағдарламасына қосылуы оң септігін тигізді. Бұдан өзге, биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 300 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылды. Жалпы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі пандемия кезеңінде аса зардап шеккен бөлшек сауда, жолаушылар тасымалдау, қоғамдық тамақтану сияқты шағын қызмет саласында жұмыс жасайтын микрокәсіпкерлік субъектілерінің үлесінде.

Бұдан бөлек, қаржыландыру Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы сияқты түрлі қаржы ұйымдары арқылы іске асырылуда. Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қосымша 3 млрд теңгеге жуық қаржы тартылуда.

Биылғы тағы бір жаңалық, ауылдық елді мекен кәсіпкерлерінің шағын несиелерге қолжетімділігін арттыру мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа микроқаржы ұйымы құрылуда. Бұл ұйым екінші жартыжылдықта өз жұмысын бастайды. Сонымен бірге, өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында микрокредиттеу құралы іске қосылады. Ол арқылы облысқа 1 млрд теңге қаржы қарастыру көзделуде.

Бұл қаражаттың барлығы кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа бастамаларын іске қосуға, бизнесті одан әрі кеңейтуге, нәтижесімен жұмыс орындарын құру және өндіріс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді. Осындай қолдау шараларының арқасында жыл сайын мыңдаған жоба қаржыландырылып, іске асуда.

Қорыта айтсақ, қолдау болып тұрған кезде кәсіпке келу қиындық тудырмайды. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа керекті ақпаратты жеткізіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, шағын және орта бизнестің жұлдызы жанатыны анық. Ол үшін кәсіпкерлікті құру мен дамытуға қанша несие керек, оны қайдан, қалай алу керек екенін білу қажет. Бұл туралы қажетті ақпаратқа ие болса, кәсіпкерлікке икемі бар адамдардың өзіне деген сенімі күшейіп, өз ойындағы жоспарларын біртіндеп жүзеге асыратыны белгілі. Демек, мемлекет осы жағдайды есепке алып, қарапайым халықты кәсіпкерлікке тартып, қоғам үшін пайдалы істің көбеюіне мақсатты түрде мүмкіндік беріп, жағдай жасап отыр.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<