Статистика: төрт түліктің өсімі мен өнімі

658

0

Бұл өзі қызық тақырып. Дұрысы, қызығынан гөрі шыжығы көптеу мәселе. Әңгіме Қазақстан бойынша және Қызылорда аймағы деңгейінде мал өнімдерін өндіру жайы туралы болмақшы.

Алдымен мына мәселенің басын ашып алайық. Қазір Қазақ­станда мұнайдың бере­кесінен бойымызды аулақ ұстап, экономиканы әртараптандыру бағы­тындағы жұмыстардың қызу жүріп жатқан жайы бар. Олардың ішінде бірқатар түйткілдер мал өнімдеріне қатысты.

Сарапшылардың дерегі бо­йынша Қазақстанның мал өнім­дерін өндіру әлеуеті әзірге әлсіз. Қазір Қазақстанда өндірілген ет сұраныстың 80 процентін ғана қамтамасыз етеді екен. Қалған өнім шет елден тасымалданады. Керісінше, экспорт өлшемі мүлдем жоқтың қасы. Бұл орайда Қызылорда облысының жағдайы оншалықты мәз емес екенін білеміз. Әрине, мал басы өсуде, бірақ ол күткендегідей деңгейде болмай отырғанын жасыра алмаймыз. Алынған тақырыпты өзегіне жеткізіп талдау үшін біз облыстық статистика департаментіне арнайы қатынас жолдадық. Қатынаста 1991 және 2020 жыл аралығында негізгі мал санын білу, оның қаншалықты деңгейде өскенін сараптау мақсаты көзделген еді. Енді келген цифрларға көз жүгіртейік:

1991 жылы Қызылорда облысында 221 мың ірі қара, 1,6 млн қой мен ешкі, 71 мың жылқы, 26 мың түйе болыпты. Бұл жоспарлы экономиканың өмір сүрген соңғы жылы болып саналады. Әрине, жоспарлы жүйе мен нарықты салыстыруға болмайды. Қазір еңбекті ынталандыруға көп көңіл бөлінеді. Мемлекет тарапынан миллиардтаған теңге субсидияның бөлінуі – осының айғағы.

Бүгінгі уақытқа келейік. Ірі қара саны 2020 жылы 342 мың данаға жетіпті. Керісінше, қой мен ешкі саны екі есе азайған. Демек, біз соңғы отыз жыл көлемінде түліктің бұл түріне оншалықты мән бермегеніміз айқындалады. Керісінше, отыз жыл ішінде жылқы саны екі еседен астам өсіп, 165 мың басқа жеткен. Сол сияқты түйе саны 20 еседей өсіп, 515 басты құраған. Цифрлардың өзі көп нәрседен хабар береді. Біздің мал шаруашылығындағы бүгінгі жағдайымыз осындай.

Цифрлар көрсетіп отырғандай, фермерлер, әсіресе, ірі қара мен жылқы және түйе өсіруге айрықша мән беруде. Оның себебі түсінікті. Аталған түліктің өнімі қазір өтімді. Қымыз бен шұбат, одан қалды, аталған түліктің еті халық арасында, тіпті кейбір жақын, алыс шет елдерде үлкен сұранысқа ие болып, фермерлерді табыс табуға ынталандырып отырғанын байқаймыз. Алайда, бұл – мәселенің күнгейі. Оның көлеңкелі жақтарын айналып өтуге болмайды. Мал өнімдері дегенде, әсіресе, Қазақстанның шет елден сүт және оның өнімдерін тасымалдауы жақсылықтың нышаны дей алмаймыз. Төрт түлікті баптап өсірген қазақ үшін қазір бірқатар өнімдерді импорттауға тура келгеніміз өмірдің шындығына айналды.

Статистиканың бірлі-жарым дерегі көңіл көншітпейді. Айталық, 1990 жылы Қызылорда облысында 108 мың тонна сиыр сүті өндірілсе, 2020 жылғы көрсеткіш 90 мың тоннаны құрайды. Сонда облыс 30 жыл ішінде сүт өндіру бойынша Кеңес одағы құлайтын жылғы деңгейге де жетпепті. Неліктен? Бұл жерде цифрлардың біршама алшақтығына біз күмәнданғанымызды жасыра алмаймыз. 1991 жылы облыстағы халық саны 586 мың болса, қазір ол 800 мыңнан асып кетті, яғни екі есе көп. Бұрын және қазір қанша сүт өнімдерін тұтынамыз? Бұл сұраққа жауап беру біршама ойларға жетелейтін сыңайлы.

Бірқатар мамандармен телефон арқылы сөйлестім. Олардың қатарында бұрынғы кеңестік «қызыл директорлар» бар. Сол 90-жылы сүттің бір литрі майлылығына қарай 18-20 тиыннан сатылатын. Қазіргі баға – 220 теңге. Әрине, оның бұрынғы уақытпен салыстырғанда қаншалықты арзан немесе қымбат екенін бағамдау қиын. Дегенмен, салыстырмалы түрде біршама деректерді алға тартуға болады. Кеңес әлемінде жұмыссыздық болмайтын, негізінен халықтың алатын тұрақты жалақысы орта есеппен 120 рубль құрайды. Рубльдің сатып алу құны жоғары. Осының өзінен халықтың сұранысы қаншалықты қанағаттандырылғанын бағамдауға болады. Ал қазіргі нарықта тапшылық деген болмайды, барлығы дүкен сөрелерінде немесе тұтыну базарларында самсап тұр. Керісінше, олардың бәрін сатып алуға немесе қажетті деңгейде тұтынуға халықтың тұрмыс деңгейі көтере бермейтінін және есте ұстанғанымыз абзал.

Біз неліктен ағарғанға қатысты мәселе көтеріп отырмыз? Себебі біздің ішкі рынокта ет және ет өнімдерін тұтынуға қатысты пікірлер әркелкі. Ет және ет өнімдерін халықтың барлығы тиісті мөлшерде тұтынуға материалдық жағдайы көтере бермейді. Миллиардтаған теңге субсидия бөлінгенімен қазір бұл саладағы жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Дұрысы, өнімнің арзандауына субсидияның ықпалы өте аз. Бұл, әлбетте, сүт өнімдеріне қатысты. Бұған қосымша сырттан, яғни импортталатын сүт өнімдерінің қымбат екенін және ескергеніміз абзал.

Сарапшылардың айтуынша, Еуропада сүтті қабылдаушы мен оны өткізушінің арасы 50 шақырым алшақтықты құрайды. Ал біздегі ара қашықтық одан он есе жоғары, яғни тасымал шығыны көп. Көп жағдайда ол рентабельді емес. Бұған қосымша айтарымыз, Сыр өңірінің табиғи жағдайы қолайсыз. Ол әдетте мал азығындық дақылдардың өзіндік құнының шарықтап кетуіне әкеп соғады. Біз бұл орайда мемлекеттік субсидияның берілгенін қолайлы көреміз. Алайда, мемлекеттің қаржысы барлық салаға жете бермейді. Мәселенің бар түйткілі осында.

Сонымен, бүгінгі мәселенің жай-жапсарынан оқырмандарды біршама хабардар еттік деп ойлаймыз. Иә, мәселе күрделі. Сонымен бірге оны шешу жолдары да біршама түйткілдерді алға тартады. Біздіңше, бұл орайда бірыңғай мемлекеттік қолдауға сүйенбей, өзіміздің де мәселеге деген оңтайлы көзқарасымыздың қалыптасқаны дұрыс деп ойлаймыз. Қалай болғанда да нарықтың аты нарық. Ол әрдайым мемлекеттің қолдауына сүйене білуді қалай бермейді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз