Тұрғын үй нарқы – тұрмысымыздың айғағы

875

0

Экономика егер талдауға құрылып, белгілі бір ой қорытуға негіз қалайтын болса, алдыңыздан қызғылықты деректер шығар еді. Біз осы оймен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында тұрғын үй нарығында қалыптасқан жағдайды сана сүзгісінен өткізіп, Қызылорда қаласының мысалынан бағаның қалыптасуына, яғни халықтың сатып алу деңгейінің өзгеруіне біршама талдау жасап көрген едік.

1994 жылы кеңестік тұрғын үй қоры жекешелендіріліп, мемлекет мүлкінен арылды. Сол уақытта мемлекет өз меншігіндегі орасан зор тұрғын үй қорын сақтап қалуға, жөндеуге, басқалай қарекет істеуге қабілетсіз еді. Бұл орайда жекешелендіру саясаты туындады. Тұрғындар меншік иесі ретінде үйлерін сатуға немесе сатып алуға ерікті болды.

Мына цифрға зер салайық. 1993 жылы қараша айында Қазақстанның төл  валютасы – теңге айналымға енді. Қызылордадағы екі бөлмелі пәтерді сол жылдары 18 мың теңгеге сатып алуға болатын еді. Қызығы сол, пәтер жекешелендірілгенімен, ол уақытта халықтың қолында қаржы өте тапшы болатын. Нарықтың бағасын сұраныс пен ұсыныс реттейді дегендей, тұрғын үйлердің сатылуы да қиямет-қайымға айналғанын білеміз. Егер 1994-1995 жылдары орташа жалақы 2-4,5 мың теңге аралығында болса, әлгі пәтерді 5-6 жалақыға сатып алуға болатын.

Өтпелі кезең ұзаққа созылды.  Қазақстан нарығындағы тұрғын үйлерге қатысты өзгерісті көп күтуге тура келгенін атап өткім келеді. Бір әріптесімнің айтуынша, ол 2001-2002 жылдары екінші нарықтағы үйлерден 3 бөлмелі пәтерді 300 мың теңгеге сатып алыпты. Сол дәуірде де халықтың қолында ақша тапшы. Егер 2001 жылы Қазақстанда орташа жалақы 20 мың теңге болса, жаңағы пәтердің құнын 15 айда, яғни 1,3 жыл ішінде өтеуге болатын еді.

Қызық енді басталды. 2003-2006 жылдары тұрғын үй нарығында күрт өзгеріс пайда болып, пәтерлердің құны ә дегеннен 7-10 есе өсті. Пәтер негізінен доллармен саудаланды. Нарықтағы  осы өзгерісті қалай түсіндіруге болады? Осы жылдары әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Мемлекет тоқырау жылдарынан ес жиып, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Халықтың сатып алу деңгейі көтерілді. Сайып келгенде, аталған өзгеріс тұрғын үй нарығы бағасының көтерілуіне ықпал жасады. Осы дәуірде жолы болып, оңтайлы шешім қабылдағандар біршама ұтқанын атап өткіміз келеді. Себебі, экономикада сол уақытта инфляциялық үдерістің қарқыны біршама жоғары болып, банктен ұзақ мерзімге несие алғандар пайдалы жолды таңдады.

Нарық бір орында тұрмайды. Капиталистік әлемнің өмір тәжірибесі айқындағандай, тоқыраудан кейін өрлеу басталады. Қазақстанның несібесіне мұнай бағасы ұдайы көтерілді. 2010 жылы тағы бір әріптесімнің «Шұғыла» ауданынан жайлы 3 бөлмелі пәтерді 28 мың долларға сатып алғанын білемін. Сол жылдары теңгені долларға шаққанда Қазақстандағы орташа жалақы 500 АҚШ долларын құрайды. Нарықтың өлшемі ырқыңа көнбегенмен, біздің дөрекілеу есебіміз бойынша пәтердің құнынан сол әріптесіміз 5-6 жыл ішінде құтылады екен. Жалақысы тұрақты, табысы берекелі болса, әрине. Егер банк арқылы несие рәсімдесе, өтеу мерзімі ұзақ жылға созылады. Дегенмен, 2000 жылдардың орта шеніндегі Қазақстанның тұтыну және тұрғын үй нарығында жағдайды сараптайтын болсақ, шүкіршілік деуге болады. Халық осы жылдары несиеге үй сатып алуға жаппай ұмтылыс  жасады. Аталған жылдары мемлекет жаңа тұрғын үй салуға жаппай көшті. Соның өзінде сұраныстан ұсыныстың деңгейі төмен болды. Бірақ мемлекет бағаны реттеу, осының негізінде оңтайлы жағдай қалыптастыру бойынша ұтымды саясат жүргізе білді. Сол жылдары үй сатып алғандардың көпшілігі қазір қарыздарынан құтылды.

Қазіргі жағдайға келсек, сұраныс пен ұсыныс арасындағы ахуал теңескен сыңайлы. Қызылорданың төңірегінде салынып жатқан үйлердің қарасы көп. Кезекке тұрып, құжатыңды тексеру үрдісі де келмеске кеткен тәрізді. Бірлі-жарым мемлекет қамқорлығындағы адамдар болмаса, қалғандары пәтерді нарық бағасымен сатып алады. 2021 жылғы нарыққа көз салсақ, жаңадан салынған 2 бөлмелі пәтерді 13-15 млн теңгеге сатып алуға болады. Ескерте кетейік, қолыңызда нақты ақша болса, әрине. Бірақ негізгі тұтынушылар үйлерді мемлекеттің ипотекалық бағдарламасы бойынша 15-20 жылға сатып алады. Енді тұрғын үй нарығының соңғы 25 жыл көлемінде қалай өскенін, оның халықтың сатып алу қабілетіне қаншалықты әсер еткенін бағамдай беруге болады.

Қазір Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Бірақ соңғы кезеңде тұрғын үй материал­дары­ның құны күрт өсіп, бұл өз кезегінде нарықтағы бағасын ушық­тырып жіберді. Сарапшылар оны алып­сатар­лықтың ықпалы деп түсіндіреді. Бұл, әлбетте, жақсылықтың нышаны емес.

Халықтың жаңа үйлерді сатып алу мен қарызын өтеу арасындағы қиындық жылдар үлесіне созылатынын жасыруға болмайды. Кейбір отбасылар, шындығы сол, тұрғын үй қарызын өтеуге бүкіл саналы өмірін жұмсауы әбден мүмкін. Бірақ, тұрғын үй нарығы бүкіл әлемде осындай жолмен дамиды. Нарық күрделі, оның жолы шым-шытырық, мемлекет бүкіл халықтың сұранысын өз есебінен өтей алмайды. Өкінішке орай, бұл күннің шынайы болмысы екенін атап өткім келеді.

Бұл енді уақыттың шынайы болмысы.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<