Тұтыну нарығында не болып жатыр?

1055

0

Тұтыну нарығы дегеніміз күнделікті болып жатқан сан түрлі өмір түйткілдерімен, яғни шынайы болмыспен сабақтас ұғымдар санатына жататынын атап өткіміз келеді. Үкімет пен Ұлттық Банк өмірдің сол шынайы көрінісі бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жобасын белгілейді. Жыл соңында инфляциялық көрсеткіштері жұмыссыздық деңгейі нақтыланады, осыған орай алдағы жылдың межелері айқындалады.

Біздің бүгінгі болмысымызды қалай бағалауға болады? Міне, жыл өтті, коро­навирустың дерті шарпып, эко­номика дағдарысқа ұшырады. Енді біртіндеп айы­ғып келе жатқан сыңайымыз байқа­лады. Дегенмен, сол дағдарыстың зардабы орасан болғаны сонша­лық, бүкіл әлем елдері 2019 жылдың деңгейіне жетуге әлі бір жылдай уақыт бар екенін айтуда.

Сарапшылардың есебіне жү­гінсек, пандемия Қазақстанға 7,7 трлн теңге шығын әкелді. Ол шамамен 18 млрд АҚШ дол­лары. Қазіргі өл­шеммен алсақ, бұл – шамамен Қа­зақ­­станның бір жылғы бюджеті. Әлбетте, аз ақша емес.

Соңғы уақытта ел эконо­микасында оң сипаттағы көрі­ністер байқалуда. Міне, жарты жылға жуық уақыт болды, біздің басты табыс көзіміз – мұ­най қолайлы бағада са­тылуда. Қазақстанға қолайлы баға дейтініміз, Үндістандағы дерттің өршуінен нарықтың төмендегені болмаса, қазір ол барреліне 62-65 доллардан сатылуда. Экономикада оң көр­сет­кіш қалыптасып отыр дейтініміз Ресей вице-прьемері Александр Новак жуырда ғана 2021 жылы мұнай бағасы 60 доллардан төмендемейтінін айтты. Жақсы маман жай айтпайды, негізге сүйеніп айта­ды. Өйткені әлемдегі мұнай экспорттаушылардың бірі Ресей қазір нарықты реттеуге ықпалын жүргізіп отыр. Мұнай нарығындағы қолайлы ахуал Қазақстан бюджетінің кіріс көзін арттыруға ықпал жасауда. Біздің бүгінгі әрекетімізден көрініс беріп отырғандай ал­дағы шілде айында Қазақстан бюджетіне мил­­лиардтаған теңге табыс көзі қосы­латын болады. Қазірдің өзін­де депутаттар «көктен түс­кен» ақшаны қайда, нендей мақ­сат­қа жұмсау қа­жеттігін тал­қыға са­луда. Бірер цифрды атап өт­кіміз келеді. 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша елімізде жи­нал­­ған салық көлемі – 8,5 трлн  тең­ге. Бұл 2019 жылдың көр­сеткішінен 700 млрд теңгеге кем. Әсіресе, шағын және орта биз­нес деңгейі төмен түсті. Мұнай ба­ғасы төмендеді. Ұлттық қордан осы ол қылқылықтың орнын тол­тыру үшін триллиондаған теңге бөлінді.

Мұнай нарығындағы қолайлы ахуал Қазақстан бюджетінің кіріс кө­зін арттыруға ықпал жасауда. Біздің бүгінгі әрекетімізден көрініс беріп отырғандай, алдағы шілде айында Қа­зақстан бюджетіне миллиардтаған тең­ге табыс көзі қосылатын болады. Қа­зірдің өзінде депутаттар «көктен түскен» ақшаны қайда, нендей мақсатқа жұмсау қажеттігін талқыға салуда. Бірер цифрды атап өткіміз келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жиналған салық көлемі – 8,5 трлн теңге. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 700 млрд теңгеге кем. Әсіресе, шағын және орта бизнес деңгейі төмен түсті. Мұнай бағасы төмендеді. Ұлттық қордан осы олқылықтың орны­н толтыру үшін триллиондаған теңге бө­лінді.

Барлығы дұрыс. Үкімет пен Ұлттық Банк Президент тапсырмасына сәйкес тиісті оң қадамдар жасады. Бірақ сарапшылар 2021 жылдың тұтыну нарығындағы қымбатшылықтан бас­тал­ғанына алаңдаулы. Неге?

Сарапшылар оның бірқатар себеп­тері бар екенін айтады. Тұтыну на­рығына жалақы, жәрдемақы, басқа да төлемдер арқылы берілген қыруар қаржы қатты қысым жасауда. Тауар сатып алынған жерде бағаның қым­баттауы заңдылық. 2020 жылдың соңында, 2021 жылдың көкте­мін­де тап осылай болды. Қазір байқаға­ны­мыздай, тұтыну нарығында көптеген тауарлар мен қызмет түрлерінің ба­ғасы едәуір өскен. Соңғы айда баға біршама тұрақтанған сияқты. Есесіне баспана бағасы қымбаттады. Көкөніс бағалары ақшаның қысымынан кейін бір­шама қымбаттап барып, дәл қазір «сабасына» түскен сыңайлы. Біз кеше осы көріністі Қызылорданың бір­қатар тұтыну нарығынан байқаған­дай болдық. Байқағанымыз, тұтыну­шылардың ба­зардың, басқа да тұ­ты­ну нарығының қызметіне деген қызы­ғушылығы едәуір төмендеген. Ән­ше­йінде саудасы қызып жататын ломбард нүктелеріндегі тір­шілік баяу.

Журналистік қызығушылығымыз бізді «Универсам», ескі базар аума­ғындағы ломбард сауда орындарына баруға ынталандырған еді. «Сейф ломбард», «Гарант ломбард», «Бірінші ломбард», тағы сол сияқтылар сыйақы мөлшерін едәуір төмендетіп, олар өткіз­ген алтын бұйымына сәйкес ал­ған ақшаға күніне 0,2, 1,5 және 4,5 процент өсім қойған. Жалпы, өсім бо­йынша қайтаратын ақшаңыз айына 8-10 проценттен аспайды. Соның өзін­де ломбард қызметіне жаппай келу­шілер бұрынғыдай жоқтың қасы. Біздің шамалауымыз бойынша, ха­лықтың тұтыну қабілеті төмендегенін осыдан анық аңғаруға болады.

Нарық не істетпейді? Бұл – бізге шетелден, ұзақ жыл нарық эконо­микасы дамыған елдерден келген тә­жірибе. Ақша керек болса, тарықпай-ақ, ломбардқа немесе «Жедел ақша» сауда орындарына жолығуға болады. Қазір сол жедел ақшаға қызығып жат­қан бір пендені байқамадық. Се­бебі олардың қайтарымы айына 30 про­цент. Шынын айту керек, бұл – нарық бағасынан өте жоғары өлшем. Адамдардың сирек келетіні сондықтан шығар деп ойлаймын.

Елімізде бір жылда ғана ломбард­тар саны 4,5 есеге азайды. Неліктен?

Жыл басында елімізде 3000-нан астам ломбард жұмыс істеп тұрды. Алайда оның 700-і ғана мемлекеттік тіркеуден қайта өткен. Енді келесі жылдың басында олардың бәрі лицен­зиялаудан өтуі тиіс. Әйтпесе, шағын несие беру құқығынан қағылады. Биылдың өзінде ел аумағындағы лом­бардтардың саны 4,5 есе азайған. Қарыз беру ұйымдарының дені төтеден келген тезге шыдас бермеді. Пандемия салдарынан екінші тоқсанда тек қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігі бар ломбардтар ғана шағын несие беріп, халыққа қызмет көрсеткен. Де­генмен, кәсіпкерлердің осалдығын пай­даланған жалған ломбардтардың да төбе көрсеткені белгілі. Алданған азаматтар бар.

Біз Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне ломбардтар жөнінде сауал жолда­ған болатынбыз. Сауалымызға жауап келіп, онда облыста барлығы «лом­бард» кәсібімен айналысатын 60 салық төлеуші тіркелгені, оның ішінде 40 заңды тұлға, 17 фи­лиал мен өкілдік, 3 дара кәсіпкер екені атап көрсетілген. Ен­дігі қызықты қараңыз. Аталған cалық төлеушілерден 2018 жылы 33 688 851 теңге, 2019 жылы 40 009 397 теңге, 2020 жылы 46 223 668 теңге салық есептеліп, бюджетке өнді­ріліпті. Бюджет үшін бұл тиын-тебен, түсінікті болу үшін айтайық, ломбардтан бар болғаны жыл көле­мінде 33-40 млн теңге ғана түскен. Микроқаржы ұйымдарының біздің нарықта айтарлықтай үлесі жоқ. Бұл шағын бизнестің үлесі тарылып қана қоймай, жоғарыда айтқандай, халықтың сатып алу қабілеті соңғы уақытта едәуір төмендегенін көрсетеді.

Сарапшылар Үкімет белгілеген ин­фляциядан қазіргі өмірдегі көріністің біршама алшақ екенін айтуда. Бұл орай­да олар жуырда бюджетке мұ­най баға­сының қымбаттауына бай­ланысты Ұлттық Банктен базалық ставканы төмендетуді сұрады. Ұлт­тық Банк мөлшерлемені бұрынғы дең­гейде қалдырды. Базалық ставка нені білдіреді? Егер оны Ұлттық Банк төмендетсе, несие алу ставкасы тө­мендейді. Халыққа біршама жеңілірек болады. Бірақ Ұлттық Банктің өз саясаты бар екенін ескергеніміз абзал. Арзан несие ағымы күшейсе, инфляция шарықтайды, баға қым­баттайды. Бұ­дан кімге, қандай пайда бар?

Сонымен, Қызылорданың бірқа­тар сауда нүктелерін аралағанда сез­геніміз, жалпы халықтың тауар сатып алуға деген ынтасы бұрынғыдан едәуір төмендеген. Бұл халықтың қолында ақшаның көлемі өте өлшеулі екенін, тұтынушылардың көпшілігі несиеге өмір сүріп отырғанын білдіреді. Біздің ойымызша, осы құбылыс алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қазірдің өзінде бір адамда екі реттен несие алу үрдіске айналған. Соңғы деректердің өзі көрсетіп отыр­ғандай, халық тұты­нушылық несиені жиі алатын болған. Олардың жалпы несиедегі үлесі 70 проценттен астам. Бұған жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алаңдаушылық білдіргенін білеміз. Біз бірақ таза еңбек етіп, мал асырап, қызмет көрсету нарығын қыздыру орнына әртүрлі салтанатқа, үй салуға бейім екенімізден әлі арыла алмай келеміз.

Негізгі параметрлер бойынша толық аяқталмаған пандемиядан Үкімет біршама аз шығынмен шықты. Ұлттық Банктің есебі бойынша пандемиядан әлем экономикасы 4,4 процентке төмендеді. Қытайдан басқа елдердің барлығы үлкен зардап шекті. Бүгінгі жағдай көрсетіп отырғандай, Ұлттық Банк 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап өз дамуының оң бағытына шығады. Ұлттық Банк өз есебі бойынша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған кезде өсім 3,7-4 процент болады деген еді. Қазір, жоғарыда айтқандай, мұнай бағасы 62 доллар шамасында. Бұл өсім жоғары болады дегенді білдіреді.

Лайым осылай болғай.

  Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<