Жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың саны азайтылады – Қуантыров

1219

0

Жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың саны азайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша іс-шаралар кешенін әзірледі. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады. Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың мақсаты – инфляцияны 2022 жылы 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұру және оны 2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейге дейін төмендету», – деді министр.

Оның атап өтуінше, бұл іс-шаралар Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қабылдауды, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендетуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай, көмір, электр энергиясы, дәрілік препараттар және тағы басқаларға бағалардың өсуін тежеуді қамтиды.

«Жүйелі іс-шаралар аясында жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайту жоспарлануда. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізілетін болады», – деді Әлібек Қуантыров.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<