Жанармай төңірегінде не түюге болады?

990

0

Әдетте сарапшылар Қазақстан ішкі нарықтағы бензин бағасын өзі-ақ қалыптастыра алады әрі елді арзан отынмен қамтамасыз етуге қабілетті дегенді айтады. Бірақ бұл – айтуға оңай, шешілуі қиын түйін.

Айталық, соңғы үш жылда мұнай бағасы айтарлықтай өзгерді. Бірақ нарықта өзгеріс жоқ. Жанармай бағасы тұрақты түрде өсумен келеді. Зерттеулерге сүйенсек, мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа «қара алтынның» 30-50 процентін өзіндік құны бойынша, яғни бір баррельді 25-30 долларға жеткізеді. Ал бензиннің бөлшек саудадағы құны оның мұнай өңдеу зауытындағы көтерме бағасына байланысты қалыптасады. Бұл жерде зауыттан жанар-жағармай құю стансасына жеткізуге дейінгі шығындар толық ескеріледі. Аталған шығындарға өнімді мұнай базасында сақтау, операциялық шығыстар, салықтар, банктік қызмет көрсету, қосылған құн салығы, жұмысшылардың еңбекақысы, алыс-беріс маржасы жатады. Бұл ретте баға белгілеудегі мұнайдың үлесі бар-жоғы 11-14% ғана құрайды. Ал жанар-жағармай құю стансаларының маржасы немесе таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңгеге зорға жетеді. Цифрлар жақсы сөйлейді, барлығы тап-тамаша, алайда өмірде керісінше.

Бірақ бізде қызық жағдай қалыптасқан. Мысал үшін айталық, мамыр-шілде айларынан бері жанармай бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Сарапшылардың түсіндіруі бойынша бағаның көтерілу «аргументі» бұлыңғыр. Әйтеуір быламық бірдеңе. Егер біз экономика заңдылығына сүйенетін болсақ, кез-келген тауардың бағасын сұраныс пен ұсыныс айқындайды. Бірақ бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіп бойынша жанармай олардың қатарына кірмейді. Енді біршама талдау жасап көрейік.

Қазақстанда отын бағасы 2015 жылға дейін мемлекеттік тұрғыдан реттеліп келді. Бастапқыда әкім­шілік бақылау шаралары отынның босату құнын тікелей анықтаудан ғана тұратын еді. Бірақ 2011 жылдан бастап олар бензиннің ең жоғары құнын белгілеумен шектелді. Өткен онжылдықтың орта­сында бұл шаралар жойылып, нарық мемлекеттің бақылауында бола тұра, еркін айналымға көшті. Мысалы, мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізу нарықтық бағамен емес, бұ­рын­ғыдай өзіндік құн бойынша жүзеге асырылады. Өз кезегінде, на­рық­­тың еркін айналымы түпкілікті баға сұраныс пен ұсыныс көлемінен қалып­­тасатынын көрсетті. Мемлекет бұған араласпайды. Дегенмен, мем­лекет­тік ұғым дегенді мүлдем ысырып тастауға бола ма? Өйткені жанармай – әлеуметтік тауар. Осыған қарағанда оның төңірегінде үлкен саясаттағы құйтырқы ойындардың жүретінін әл­бет­те, жоққа шығаруға болмайды. Бұл – енді мемлекет үшін ойланатын мәселе.

Айталық, сарапшылар пікірінше, еуразиялық экономикалық одақ аясын­дағы мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы 2025 жылға қарай табыс әкеле бастауы тиіс. Ортақ нарық құру ЕАЭО-ға мүше елдер үшін энергия ресурстарының қолжетімділігін арт­тыруға және отандық өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Одақ көлеміндегі бензиннің құны теңестіріледі. Демек, бұл жағдайда Қазақстан бағаны тағы да көтеруі керек. Өйткені ЕАЭО елдері арасында ең төменгі баға біздің республикаға тиесілі. Атап айтқанда, Ресейде АИ-92-нің 1 литрі шамамен 250 теңге тұрады. Тиісінше, біздегі бензиннің құны тағы 30 процентке өсуі мүмкін. Тек сонда ғана Ресей мен Қазақстандағы баға теңеседі.

Экономикада бір-бірімен байла­нысты тағы бір мәселе бар. Жалақының өсуі қазір инфляция қарқынын үдетті. Ол тіпті халықтың әлсіз тобының проблемасын ушықтырып жіберді.  Тағы бір мәселе бар. Екі елдің бағасын теңестірудің қиындықтары жетіп-артылады. Тауарлар еркін жүруі үшін жалақы көлемі де теңесуі керек. Дәл қазір Қазақстанда жалақы үстемелеп өсуде. Алайда бұл барлық салаға қатысты емес. Осының өзі әлеуметтік теңсіздік туғызып, халықтың бір тобының жанармай бағасының қымбаттауына деген алаңдаушылығын туғызуда. Осының барлығын қалай реттеуге болады?

Сондықтан мұнай-газ секторын дамытумен бірге бағаны тежеу Қазақстан үшін өзекті мәселе болып қала береді. Бұл ретте жағдайды оңалтудың бірден-бір жолы – мұнай өңдеуге барынша инвестиция тарту қажеттігі туындайды. Өйткені бұған салынған инвестициялар бензиннің өзіндік құнын төмендетуге оң ықпал жасайды.

Бензин – әлеуметтік маңызы жоғары өнім. Оның бағасы басқа тауарлардың құнына бірден әсер етеді, яғни бағаның өсуі халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Бұл экономика үшін тиімсіз, әлбетте. Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту – біздің ел үшін маңызды стратегиялық міндет. Алайда өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту үшін қаражат қажет.

Қазақстанда кейбір мәліметтер бойынша өндірістік қуаттарды ұл­ғайтуға бағытталған айналым қара­жатының 40 проценті банк және банктік емес секторлардың қарыздарынан тұрды. Бұл дегеніміз – несие. Демек кәсіпорындардың алған несиесі бензиннің өзіндік құнында міндетті түрде ескеріледі. Өкінішке қарай, бұл біздің нарықты кез келген жергілікті және сыртқы факторларға жығып береді.

Бұл жағдайда Қазақстан кредиттік жүктеменің бензиннің өзіндік құнына қатысты әсерін азайтуы қажет деп санайды сарапшылар. Ол үшін отандық мұнай өңдеу зауыттары сыртқы нарықтарға отын өткізу географиясын кеңейту арқылы капиталды ұлғайтуы керек. Бұдан бөлек, өндіріс көлемін өсіруге мүмкіндік беретін инвестиция тарту маңызды. Өйткені бензиннің әлемдегі ең төменгі бағасы Қазақстанға тиесілі. Демек бензин экспорты инвес­торлар үшін айтарлықтай пайдалы.

Тағы бір мәселені атап өткім келеді. Әлемде көптеген елдерде жанармай бағасы халықтың сатып алу қабілетімен тікелей байланысты. Ал егер біз бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттермен салыстыратын болсақ, бензин бағасы Қазақстанда ең арзан тауар. Айталық, Қазақстанда ол 0,40, Түрікменстанда 0,43, Әзірбайжанда 0,47, Ресейде 0,61, Өзбекстанда 0,65, Грузияда 0,69, Арменияда 0,70, Беларусьта 0,73, Украинада 0,85 доллар құрайды. Орташа жалақы осы елдердің барлығында дерлік Қазақстаннан төмен. Бұл, әлбетте, ойланатын жағдай.

Әлемде барлығы да салыстырмалы түрде айтылады. Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарларының бағасы тікелей және жанама түрінде субсидияланады. Ендігі жерде оған әлеуметтік тауар ретінде жанармайды қоссақ, бұл ақылға қонымсыз болар еді. Ол кезде біз нарықтың шынайы болмысынан арыламыз. Не істеу керек? Біздіңше  мұнай нарығындағы мемлекеттің ролін арттыру маңызы зор мәселенің бірі болып табылады.  Бұл енді мәселенің өткір түйінін шешкен болар еді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<