Шойын жолдың бойында

584

0

Темiржолдың дүрсiлi ел экономикасының жүрек қағысы секілді. Қоғам өмірін бұл саласыз елестету қиын. Еліміздегі көлік логистикасының көшін бастаған шойын жол қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі әрқашан қоғам назарынан тыс қалған емес.  Қызылорда қаласы локомотив пайдалану депосының машинисі Данияр Сағатбекұлы жас та болса өз ісінің маманы атанып жүр.

Ол қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін салаға жас кезінен араласты. Тонналаған салмағы бар жетектемелерді сүйрей жүріп, оны өз еркіне бағындыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Ал жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуі тікелей теміржол машинисінің жауапкершілігінде. Сайын дала төсінде қас қақпай межелі мерзімде мекен-жайға баруы машинист үшін бұлжымас міндет саналады. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында да өзіне міндеттелген істі абыроймен атқарып келеді. Шаршадым деген кезі әсте болған емес. Өйткені шойын жолдағы шыдамдылық мұны шымыр етіп, еңбектің тезіне салып келеді.

– Еңбек жолымды Бейнеуде бастадым. Кейіннен 2016 жылы пойыз машинисі болдым. Әрине бастапқыда қобалжығанымды, қорыққанымды жасырмаймын. 2019 жылы туған жерім Сыр еліне жұмыс ауыстырып, Қызылорда теміржол депосына көмекші болып жұмысқа орналастым. Бір жылдан соң қайтадан пойыз машинисі болып жұмысымды жалғастырдым. Қазір осы мекемеде еңбек етіп келемін. 2007 жылы Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжіне оқуға түсіп, техник-механик мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Қосымша көмекші-машинист болып қайта білімімді жетілдірдім. Әр жолға шыққан сайын қаншама адамның өміріне жауапты екенімді сезініп, өзіме деген міндеттемемді ұғына түсемін, – дейді ол.

Данияр 2018 жылы Теміржолшылар күні қарсаңында ІІІ дәрежелі машинист болды. Он жылдық еңбегінің өтеуіндей талай жерде топ жарып, мақтау-марапаттан да, сый-сыяпаттан да кенде болған емес.

«Қызылорда депосы – мен сияқты талай қазақ баласының, қала берді біздің әкелеріміз бен аталарымыздың ізі қалған қарашаңырақ», – деп қуанышын бөлісті машинист жігіт.

Осы жылдар ішінде еңбек және технология ережелерін бұзған кезі болған емес, өзіне бекітілген тепловозды қашан да жарақты, жарқыраған таза күйінде ұстайды. Дизель отынын үнемдеуде де өзгелерге үлгі болып жүр. Кестеден кешігіп келген кезі жоқ.

Данияр Сағатбекұлы туралы депо басшылығының да пікірі өте жоғары. «Қандай жауапты жұмысты да сеніп тапсыруға әбден лайық тәжірибелі машинист. Өз ой-пікірі мен ұсынысын білдіріп, көзқарасы мен ұстанымын батыл қорғай алатын қайсар мінезді» деп сипаттама береді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<