Қызылорда құлпырып келеді

480

0

Қызылорда – небір өтпелі, қилы замандардың куәгері. 1818 жылы негізі қаланып Ақмешіт болған қоныстың қазақ тарихында алар орны ерекше. Сан ғасырлық мәдениетімен қоса, тарихы бар қала бейнесінде саяси, рухани мән жатыр.

Қызылорданың тарихында оның атауы бірнеше рет өзгергенін айта кеткеніміз жөн. Ең алғашқы атауы Ақмешіт 1818 жылы берілген, 1853 жылы Перовск, 1922 жылы қайтадан өз атын алса, 1925 жылы Қызылорда атауына ие болды.

1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болғаны тарихтан мәлім. 1960-1970 жылдары қаламызда целлюлоза-картон, тоқылмайтын маталар, аяқ киім фабрикалары болған. Жаңадан салынған Гагарин, Титов елді мекендері арқылы қала аумағы ұлғайып, көркейе түсті.

Қызылорда облысында өсетін күрішпен қатар, түрлі дақылдар шет елдердің қызығушылығын туғызып отыр. Ежелгі Сыр бойында өмір сүрген данышпан Қорқыт атамыз, Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Жанқожа, Бұқарбай, Тоғанас батырлар мен Кеңес Одағының батыры атанған майдангерлер есімі – ел мақтанышы. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдары мен даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевты дүниеге әкелген де осы қасиетті Сыр топырағы. «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртына жуық болуы керек» – деп жазған Сұлтанбек Қожанов.

Бүгінде қаланы көркейту үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Зәулім ғимараттармен қоса, түрлі ойын-сауық алаңдары салынды. Қызылорда ерекше кейіпке еніп келеді. Үйлер мен жолдарды айтпағанның өзінде, «Анаға тағзым», Отбасы орталығы, Өнер орталықтары алыстан көз тартады. Осыдан-ақ Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады.

Арайлым ЖАЛҒАС,

І.Қабылов атындағы №12 IT мектеп-

лицейінің 9 «А» сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<