Қызылордада түркістандық суретшілер мен кескіндемешілердің «Кеме» атты жылжымалы көрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсімі кеше облыс орталығындағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өтті. Көршілес өңірдің көркем өнер өкілдері оны Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына арнап отыр.
Салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов атқарылып жатқан жұмыстар мен көрменің маңызына тоқталды.
– Былтыр Сыр өңірінің мәдениет және өнер саласында көптеген игі жаңалық болды. 2024 жыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен «Руханият жылы» ретінде жарияланып, аймақта халықаралық суретшілер симпозиумы өтті. Қылқалам шеберлері шежіре тұнған аймақтың тарихи, рухани орындарын бейнелеген 100-ге жуық туындысын галерея қорына тарту етті. Сырбойылық көрермен сіздердің де туындыларыңызды тамашалап, лайықты бағасын береді деген ойдамын, – деді ол.
Одан кейін Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облысы филиалына басқарма басшысы Жанмұрат Сейіловтің Алғыс хатын табыс етіп, өңірлер арасындағы рухани-мәдени қарым-қатынасты арттыруға септігін тигізгені үшін ризашылық білдірді. Филиал төрағасы, Мәдениет саласының үздігі Құралбек Қосуақов түркістандық суретшілер мен кескіндемешілердің оннан астам картинасын облыстық музей қорына сыйға тартты.
Көрмеге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сұлтан Иляев, Абдуахат Мұратбаев, Мәдениет қайраткерлері Нұрлан Шилібаев, Едіге Тұрлыбеков, Мәдениет саласының үздіктері Құралбек Қосуақов, Қарлығаш Қансейіт, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Араншы Шаржанов, Ерғали Палымбетов, Анарәлі Тіленші, Алтай Шілдерханов, суретші-кескіндемешілер Дархан Кененбай, Болат Шерниязовтың 80-ге жуық кескіндемелік шығармасы қойылды. Олар өз туындыларында ежелден ер түріктің бесігі болған Түркістан өлкесінің тарихи шежіресін өрнектеген. Сонда орналасқан киелі орындарды, тылсым табиғат көріністерін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, облыстың өркендеуі жолын бейнелеген.
Қоңсы қонған облыстар арасындағы мәдени ынтымақтастық пен байланыстың көрінісі есебіндегі көрмені сырбойылықтар бір ай бойы тамашалай алады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<