ЕЛБАСЫ БАСТАМАСЫНА ҮН ҚОСУДЫҢ ҮЛГІСІ

359

0

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімі. Бизнесті қолдау және қорғау бойынша басты қоғамдық институт. Мақсат – аймақта кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негіздерді қалыптастыру. Ал міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ бизнестің жүйелі жүргізілуі үшін кәсіпкерлерді заңнамалық және өзге де нормативтік ережелердің қалыптасу процесіне кеңінен қатысуына жағдай жасау.

Осы уакытқа дейін палатаның қол жеткізген нәтижесі ретінде – облыстық әкімдікпен бірге бірнеше жол карталарын жасап, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіпті дамытуға ерекше ықпал етіп отырғанын айтуға бо­лады. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен ұсы­нылған 7 бастаманың жергілікті әкімдікпен бірге сәтті жүзеге асуы­на тікелей дәнекерлігін айрықша атап өту керек. Бұл «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының Төралқа төра­ғасы Тимур Құлыбаевтың жуыр­да облысқа жасаған сапарында сөз болды. Кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ғалымбек Жақсылықов баяндап берген еді.

Сонымен, бұл бастамалардың ал­ғашқы қатарында облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаевтың қол­­дауымен республикада бірін­ші болып толық форматты Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығы құрылғанын айтуға болады. Кәсіп­керлерге қолжетімді болуы үшін жер телімдері мен инженерлік желілерге қатысты ақпараттар рес­ми интернет-ресурстарда орна­ластырылған. Атап айтқанда, об­лыс әкімдігінің сайтында Қы­зылорда қаласы мен 7 ауданның бас жоспары, түбегейлі жоспарлау жобасы көрсетілген. Мұнан өзге, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орта­лығы ауылдық елді мекендердің электронды картасын әзірледі. Кар­та демографиялық, әлеуметтік- эко­номикалық, статистикалық және өз­ге де сипаттағы ақпараттармен қамтылған. Атап айтқанда, картаға шекарасы белгіленген әкімшілік ау­мақтар, көше-жол тораптары, ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар, электр, газ, жылу, байланыс желі­лері мен су жүйелері туралы ақпа­раттар толықтай енгізілген. Ал бар­лық ақпараттар мемлекеттік органдар, сондай-ақ монополистік мекемелермен ұсынылған мәлімет­тер негізінде өзектендіріліп отыра­ды. Сондай-ақ, топографиялық жә­не космо түсірілімдері 6 ай сайын жаңартылады.

Келесі кезекте «100 сауда ор­ны» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан 70 жер телімі әрі қарай кәсіпкерлерге кон­курс негізінде беру үшін «Бай­қоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­пора­циясына берілді. Жоба бас­талғалы 20 жер телімі кәсіппен айналысатын қызылордалықтарға табысталды.

Тағы бір жетістік – кәсіпкерлер үшін маңызды консультативтік-кеңес­ші органдар мүшелігінде биз­нес өкілдерінің қатысуы 50 пайызды құрап отыр.

Азаматтарды жаппай кәсіп­керлікке тартуда палатамен қол­ға алынған «Бастау» жобасы айтарлықтай қозғау салып тұр. 2017 жылы пилоттық режимде өткен «Бастау» халық арасында үлкен сұранысқа ие болған. Облыстың 5 ауданынан 937 адам оқып, жо­баларын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде 358 қызылордалыққа барлығы 948 млн теңге несие беріліп, жаңадан 394 жұмыс орны ашылды. Жобалардың басым бөлігі, яғни ­268-і ауыл шаруашылығына қатысты. Биылғы жылы жобаға облыстың 7 ауданымен қоса, Төретам, Ақай ауылдары мен Байқоңыр, Қызылорда қаласының тұрғындары қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда Өңірлік орталық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын жүзеге асыруда облыстағы негізгі операторлардың бірі.

Палата жыл ішінде 1600 қы­зыл­ордалықты оқытып, ең кемі 320 азаматтың жобасын қар­жыландыруды көздеп отыр. Қазір­дің өзінде «Бастаудың» бірінші кезеңіне 291 қызылордалық қаты­сып, 1 ай көлемінде кәсіпкерлік саласындағы білімдерін жетілдірді. Осы қатысушылардың ішінде 262 азамат облыстық комиссия алдында жалпы құны 956 млн теңгелік бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, жобаларын қаржы институттарына ұсынды.

Мұнан өзге, кәсіпкерлер пала­тасында сұранысқа ие жобалардың бірі – «Бизнес-кеңесші» оқу курсы. Өткен жылдың өзінде «Бизнес-кеңесшінің» аясында 800 адамды оқыту міндеттемесін алса, іс жүзінде 1555 қызылордалықты оқытып шық­ты. Нәтижесінде 96 азамат өз ісін бастап кетті.

Жыл басталғалы 1283 адам оқыса, оның ішінде 758 қызылордалық облыстық әкімдік жариялаған инно­вациялық жобаларға арналған гранттарға қатысушылар. Қазірдің өзінде 1300 адам «Бизнес-кеңесшіні» оқуға кезекте тұр. Оқыған азаматтар арасында биылғы жылдың 4 айында 27 адамның жалпы құны 88,9 млн теңгені құрайтын жобалары қаржыландырылды. Жалпы жыл басынан бері палата кеңесшілері 544 азаматқа 1315 кеңес беріп, 771 қызылордалыққа сервистік қызмет көрсетті.

Айта кету керек, сервистік қыз­меттердің ішінде бизнес-жос­пар әзірлеу қызметі ерекше сұра­нысқа ие. Жыл басынан палата қызметкерлерімен бірге 713 бизнес-жоспар әзірленген болса, аталған жоспардың 622-сі облыс әкімдігімен жарияланған инновациялық грант байқауы барысында әзірленген.

Палата сарапшылары агроөнер­кәсіптік салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отыр­ған нормативтік-құқықтық құжаттарға талдау жасаған болатын. Нәтижесінде, 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы нор­ма­тивтік-құқықтық актілеріне өзге­рістер мен толықтырулар енгізу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 7 ұсынысы ескеріліп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі субсидиялау ережесіне және Ұлттық экономика министрлігінің бір ережесіне өзге­рістер енгізілді. Айта кету керек, бұл ұсыныстар кәсіпкерлермен талқыланып,  облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасымен бірге әзірленді. Бұл не өзгерістер және кәсіпкерлерге қандай тиімділігі бар? Палата төрағасы оның жай-жапсарын атап өтпек еді.

Бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы саласын субсидиялау қағидасына сәйкес өңірлердің климаттық ерек­шеліктері ескерілмей, жалпы талап қойылып келген болатын. Яғни, қағидада 1000 бастан аса­тын бордақылау алаңдарында желден қорғаныс құрылғысы мен жылытқышы бар астаулар қою міндеттелген. Бірақ бұл талаптар оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлер үшін артық әрі негізсіз шығын болатын. Палатаның ұсынысы негі­зінде 2017 жылдың 27 қаңтарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізіліп, оңтүстік өңірлер үшін бұл талаптар алынып тасталды.

Сондай-ақ,  ҚР Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің 2017 жылғы 27 қаңтардағы №30 бұйрығындағы инвестициялық субсидия ережесіне бірқатар ауылшаруашылық техни­каларына қойылған нормативтерін төмендетуге қол жеткізіліп, был­тыр желтоқсан айында 4 өзгеріс бекітілді. Осы өзгерістерден кейін жаңа техника үшін жер көлемі жетіспегендіктен субсидиялаудан бас тартылған кәсіпкерлер қайта өтінім беріп, жаңа ереже бойынша субсидия алу мүмкіндігіне ие болды.

Мұнан өзге, өткен жылдан бас­­тап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің №93 бұйрығына сәйкес шетелден әкелінетін бірқатар ауылшаруашылық техникаларына 12% көлемінде қосымша құн салығын төлеу жоспарланған. Бұйрық жобасы кезінде бұл тізімге комбайндардың барлық түрі енгізілген болып шықты. Соған байланысты облыстық кәсіпкерлік палатасы «Атамекен» ҰКП-ның басшылығына хабар беріп, нәтижесінде күріш жинау ком­байндарына қосымша құн са­лығы алынбайтын етіп бұйрық өзгертілді.

Мәселен, егер қайсыбір күріш шаруашылығы әлемдік жетекші ком­­паниялардың комбайнын ше­­­­тел­ден 150 млн теңгеге сатып әкел­­ген болса, үстіндегі 18 млн тең­ге ҚҚС төлемейтін болады. Дәл осындай артықшылық күріш жинау жаткілеріне де берілген. Түйіндей айтқанда, облыста агроөнеркәсіп саласы кәсіпкерлеріне, жалпы кә­сіпкерлікті дамытуға, баста­ма­шы­ларды қолдауға өзге өңірлерде жоқ жеңілдіктер жасалып отыр. Бұл дегеніңіз, Елбасы алға қойған бастамаларды жүзеге асырудың ай­қын дәлелі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<