Әсемдік әлеміне талпыныс

942

0

Гербарий – мәңгілік сұлулық. Бұл әдіс өсімдіктерге ерекше әр береді және оны көбіне үй интерьеріне пайдаланады. Ең қызығы, осы әдіспен сәнді әшекей бұйымдар жасауға болатынын қызылордалық Елдос Төлепберген дәлелдеп жүр. Елдос – Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектептің оқушысы.  Жақында «Елбасы медалін» иеленді.

– Жастар мобильді болуға тиіс. Мен осы қағиданы ұстанамын. Шығармашылыққа жа­қын­мын, содан болар түрлі сайыстардан қалыс қалған емеспін. Осыған дейін де түрлі байқауларда жүлделі болдым. Ал, «Елбасы медалін» алуым маған ерекше әсер сыйлады. Креативті, талантты, ғылым, өнер, спорт саласында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деп танылған қатарластарымның арасынан суырылып шығу үлкен мотивация берді. Алар асуымның алда екеніне сенім күшейді.  Әрқайсысымызда ерекше бір қасиет бар. Маған жан-жақтылық бұ­йырған деп білемін. Алдағы уақытта соны пайдаға жаратсам деймін, – дейді кейіпкеріміз.

Елдос байқауда «Да­­рын», «Еріктілік», «Спорт» бағыттары бо­йын­ша алға шыққан. Мұнда өзінің ерекше хоб­биінің де үлесі барын айтады.

– Медаль 14 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастарға патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұс­танымы үшін берілді.  «Таланттар мен дағды» бағыты бо­йынша қола медальға қол жеткіздім. Бұл – сүйікті ісімнің пайдасы. Ісмерлікке бұрыннан қызығатынмын. Гүл өсірумен де айналысамын. Осы екеуін біріктіру жайлы көп ойландым, осылайша гербарий әдісімен зергерлік бұйымдар жасауға кірістім. Бұйымдардың барлығын бүгінгі трендке сай етуге тырысамын. Әрбір дүниені жасамас бұрын сол әшекейді тағатын қыз-келіншектің бейнесін көз алдыма елестетіп, оның келбетін аша түскім келеді. Сырға, білезік, алқа жасаймын. Ең бірінші дала гүлдерін гербарий әдісі арқылы басып кептіріп, арнайы қалыпқа саламын. Технологиясы біршама уақыт алады, бірақ шыдам мен төзім керек. Мәселен,  кептіру уақыты әр өсімдік үшін жеке таңдалады, жапырақтары мен гүлдің қалыңдығы мен шырындылығына байланысты. Дәнді дақылдар бірнеше күн кептіріледі, шырындар мен үлкен гүлдер бөлме температурасында кем дегенде 2 апта кептіруді қажет етеді, – дейді Елдос.

Болатын бала алысқа қарайды. Әңгіме барысында Елдостың болашаққа жүйелеген жоспары көптігін аңғардық. Алдағы уақытта ол өз ісін шағын бизнеске айналдыруды ойлайды. Ал, оның өзіне деген талапшылдығы әр ісін алға сүйрейтіні айтпаса да түсінікті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<