Өзара сенім мен әріптестік серпіні

368

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден басталды. Одан әрі Женевада өткен ДДСҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясына, Инвестициялық дөңгелек үстел отырысына қатысты. БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесу өткізді.

Женева қаласындағы Әулие Петрдің Кафедралды соборының алдында өткен ресми кездесуден кейін Мемлекет басшысы Швейцарияның Президентімен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелан бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Содан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды. Президенттер Швейцарияның туына құрмет көрсетіп, Құрмет қарауылын бойлай өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Өзара сенім жағдайында өткен кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы салаларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.

Бұдан бөлек, екі ел басшылары Бреттон-Вуд институттары, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты қарастырып, аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай мен осы елге гуманитарлық көмек көрсету мәселесін сөз етті.

Сонымен қатар пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, Орталық Азиядағы су дипломатиясына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелан саяси және экономикалық байланыстардың оң қарқынын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді. Мемлекет басшысы Швейцариямен жан-жақты қатынастарды дамытуға баса мән беретінін және осы елді Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі санайтынын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланға Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтты. Екі ел басшылары ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, фармацевтикалық өнеркәсіп және «жасыл» жобалар салаларындағы бірлескен жұмыстарды атқару үшін мемлекеттеріміздің әлеуеті зор екенін айтты.

Келіссөздер аяқталған соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцария Президенті Ги Пармелан белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасындағы керемет жәдігерлердің бірі – қазақтың барқыттан жасалған тұскілемін бірге тамашалады.

Аталған жәдігерді қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында аталған жәдігер екі ел арасындағы мәдени байланыстардың ерекше символына айналды.

Анри Мозердің топтамасында тұскілемдер, ұлттық қарудың түрлері: айбалталар, қылыштар, қанжарлар, сондай-ақ ат әбзелдері және басқа да бұйымдар бар. Қазақ даласының билеушілері аталған жәдігерлерді зерттеушіге сыйлық ретінде берген және олар Швейцарияға жеткізілген. Экспонаттардың ішінде тұскілемдердің алатын орны ерекше. Олар қазақ халқының көркем туындысы ғана емес, сонымен қатар Қазақ хандығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін құнды материал болып табылады. Мемлекет басшысы тұскілемнің бірегейлігін және оның тарихи құндылығын атап өтіп, аталған өнер туындысының Қазақстанда да көрмеге қойылатынына үміттенетінін айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<