Диқандардың жұмысына көңілі толды

696

0

Кеше Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысымен танысты.

 Алдымен Жайылма ауылдық округіне барды. Сапар барысында аудан әкімі Жайылма ауылдық округі диқандарының тынымсыз еңбектеріне баға берді. Биыл диқандар жыл сайын егілетін 550 гектарға жуық бақша дақылдарын 50 пайызға дейін азайтып, 250 гектарға жуық жерге мал азықтық дақыл жоңышқасын екті. Аудан әкімімен бірге сапарда болған аудандық мәслихат хатшысы Ғ.Сопбеков пен ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Т.Зейдалиев егістіктерді әртараптандыру, шахталы Керіз суларын тиімді пайдалану тәрізді Жайылманың жаңашылдық еңбектері туралы оңды пікірлерін білдірді. Сенім шаруа қожалығының егіс басындағы әңгімелесуде ауыл әкімі Ә.Бөкеев алдағы уақытта әртараптандыру бағытында атқарылатын нақты жұмыстарды баян етті.

Келесі кезекте аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ауыл тұрғындары С.Дүйсенбаев пен У.Пазыловтың аулаларындағы қарбыз тұқымын өсіру үшін жасалған шағын жылыжайларымен танысып дақылды ерте пісімге іліндірудің мән-жайлары туралы диқандармен сұхбат құрды.

Сапар соңы Қаратау етегінде орналасқан, әлеуметтік стратегиялық маңызы зор басты нысан Жиделі су қоймасында жалғасын тауып, ондағы жиналған су тоған кемерінен асып жатқандығы диқан қауымның көңіліне медет беретіндігі сөз етілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<