Елдегі оқ-дәрі қоймалары түгел тексеруден өтеді

718

0

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс қайталанбау үшін елдегі барлық оқ-дәрі қоймаларын арнайы комиссия тексереді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев айтты.

«Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған оқиғадан кейін Қазақстан Қарулы Күштеріндегі оқ-дәрілердің барлық қоймаларын Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін комиссия тексереді», – деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, қолданыстағы әскери қоймалар мен оқ-дәрі базаларының қауіпсіздігін күшейту үшін қосымша шаралар қабылданатынын атады.

«Оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жарылыс толқынының әсерінен тежеу үшін қорғаныс үйінділерімен, яғни, төбелермен жоспарлы жабдықтау жүргізіледі. Жылда күн күркіреп, найзағай ойнайтын кезеңнің басында гарнизондардың аудандық пайдалану бөлімдерінің мамандары найзағайдан қорғау құрылғыларын тексереді. Құрылғылар ақауы анықталған жағдайда уақтылы жөнделеді.

Оқ-дәрілері бар объектілер мұқият күзетіледі. Қоршау бойындағы аумақтың күзетілетін аумағы техникалық күзет құралдарымен жабдықталады. Сыртқы қоршаудың аумағы және айналасы өсімдіктерден тазартылады», – дейді Руслан Шпекбаев.

Оның айтуынша, Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде оқ-дәрі қалдықтары әскери бөлімнің солтүстігіне қарай 200 метрге, оңтүстік бағытта 400 метрге ұшқан.

«Батыс және шығыс бағыттарға қарай ұшқан бөлшектер табылған жоқ. Қазір жарылыс салдарын жою үшін 200-ден астам әскери қызметші, оның ішінде 80-нен астам сапер жұмыс істеп жатыр», – деді министрдің орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<