Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі

470

0

Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын!

2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды.

Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.

Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ. Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді.

Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас.

Құрметті қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

Қаңтар оқиғалары тұтас Қазақстанды күйзелтті. Қазақстанға жасалған осы ұйымдасқан шабуылдар мен тәртіпсіздіктердің мақсаты елдің тұтастығы мен мемлекеттің негізін бұзу болды.

Бұл оқиғалар тәуелсіздікті көздің қарашығындай, айрықша ұқыптылықты қажет ететін нәзік шыныдай сақтау керектігін тағы бір рет көрсетті. Қасіретті оқиғалар бәрімізге сабақ болды. осы ойран мен кісі өлтіруді кім ұйымдастырғанын анықтау маңызды. Бұл сұраққа тергеу жауап береді.

Маған қарата айтылып жатқандарға жауап бере отырып және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға байланысты хабарлаймын:  мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бердім және содан бері зейнеткермін, қазіргі кезде Қазақстанның астанасында құрметті демалыстамын, ешқайда кеткен жоқпын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толыққанды билікке ие. Ол – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Алдағы уақытта Президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитада ешқандай да қақтығыс немесе текетірес жоқ. Бұл тақырыптағы өсек-аяң мүлдем негізсіз.

Менің 30 жыл бойы Отанымыз үшін қол үзбей еңбек еткенім баршаға мәлім. Біз оның шекарасын бекіттік. Прогресшіл реформалар жүргіздік. Тәуелсіз Қазақстанды бірге қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен нәтижелерге жеттік. Көптеген көрсеткіш бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД-да да көшбасшы болдық.

Қазақстан әлемдік қоғамдастықта белгілі әрі беделді мемлекетке айналды. Бұл – барлық қазақстандықтың ұйысуы мен бірлігінің жемісі. Елдегі тұрақтылық пен тыныштық әрдайым менің мақсатым болды. біздің бәрімізге осы құндылықты сақтау керек. біз дағдарыстан міндетті түрде өтеміз және бұдан да күшті бола түсеміз.

Президент халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жаңа реформалар бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаны қолдау қажет.

Құрметті отандастар, сіздерге денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Мемлекет басшысы лауазымында отырып жүргізген жаңғыртулар мен реформаларымды қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<