Ұлттық банк азық-түлік бағасын бақыламай, еркіне жіберген өңірлерді атады

432

0

Ұлттық банк азық-түлік бағасы өрескел қымбаттаған өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы бір айда 0,7% өсті. Әсіресе Шығыс Қазақстан (1,2%), Павлодар және Солтүстік Қазақстан (1,1%) облыстарында қымбатшылықтың қарқыны қатты. Жеміс пен көкеніс бағасы1,5% қымбаттаған. Әсіресе қырыққабаттың бағасы Алматы қаласында 17,7% артты. Ал жұмыртқаның бағасы Алматыдан басқа өңірлердің бәрінде көтерілді.

Ең жоғарғы өсім Атырау облысында тіркелді (30,2%)», – деп жазылған Ұлттық банктің инфляция туралы сараптамасында.

Ресми мәліметте, азық-түлік тауарын ауыздықсыз жіберген Шығыс Қазақстан облысындағы ахуал жеке талданған. «Өңірде жоғарғы сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 6,2%, қарақұмық жармасы 3,3%, жеміс пен көкеніс 3,4% қымбаттады.

Бұл тауарлардың республикалық орташа бағасы 0,9%, 0,5% және 1,5% көтерілген», – деп жазады Ұлттық банк мамандары. . Шығыс Қазақстаннан кеінгі орында тұрған Павлодар облысында 1-сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 5,1%, қара бидай наны 2,9% қымбаттаған.

Ал Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында ет пен ет өнімдері 2 және 1,3% қымбаттаған. «Ақтөбе облысында құс еті бір айда 8,6% қымбаттады. Солтүстік Қазақстан облысында жылқы еті 2,9%, ал қой еті 3,8% қымбаттады.

Ал республика бойынша бұл өнімдердің бағасы 0,3 және 0,4% ғана көтерілген», – делінген Ұлттық банк талдауында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<