Алматы тұрғыны қызылордалық полицейлерге алғыс айтты

430

0

Қызылордалық полицейлер жолда қалып қойған жүк көлігінің жүргізушілеріне қолұшын созды. Еліміздің ішкі істер министрлігіне олардың атына алғыс хаты келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға биылғы жылдың 1 қарашасында болған. Сол күні «Самара-Шымкент» трассасының 1688-шақырымында жол жиегінде «HOWO» жүк көлігі бұзылып, тоқтап қалды. Жүк көлігі Ақтөбеден Алматыға бет алып бара жатқан болатын. Сол сәтте облыстық полиция департаментінің патруль полиция ротасының инспекторлары Нұрмұханмед Мұсалимов пен полиция аға лейтенанты Қайрат Сейіт жол бойында патрульдеу бағытында жұмыста жүрді. Тәртіп сақшылары көп ойланбастан көлігі бұзылған жолаушыға көмекке келді.

Автокөлікті Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал елді мекенінің жанындағы «Ақсарай» кешеніне эвакуациялауға көмек көрсетті. Сол жерде жолаушыларға тамақ жеткізіп береді. Қазіргі уақытта автокөлік аталған кешенде жөндеуде тұр. Жөнделгеннен кейін оны көлік иесі алып кетеді. Жолаушылар одан кейін облыс орталығына жеткізіліп, Алматы қаласына жолға шыққан. Алматы тұрғынының жұбайы күйеуіне қиын сәтте қолұшын созған полицейлерге алғысын білдіріп, еліміздің Ішкі істер министрінің атына жолдады.

Нұрмұханмед Мұсалимов полицияда 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ал Қайрат Сейіттің полиция қызметіне келгеніне биыл сегіз жыл толды.



Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз