Балықты өсіру де, өңдеу де маңызды

2018

0

Сыр өңірі тек ақ күріштің ғана емес, су маржаны – балықтың да отаны. Деректерде Кеңес үкіметінің тұсында бір ғана Аралдың өзі вагон-вагон балығымен аштыққа ұшыраған елді асырағаны айтылады. Десе де, соңғы кездері балық өңдеу көлемі ұлғайғанымен, өсіру көрсеткіші өзекті мәселе болып тұр. Оған қоса «Қамыстыбас» балық питомнигіне жөндеу қажет. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен жиында бұл мәселелердің бірден-бір шешімі ретінде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасының жай-жапсары талқыланды.

– Бұл бағдарлама арқылы облыста балық аулау көлемін 20 есеге арттыру, Аралдың солтүстік бөлігін сақтау мәселесін шешуге болады. Өңірдегі 207 көлдің 95-інде тауарлы балық өсіру мүмкіндігі бар. Қолда бар мүмкіндіктерді қарастыра отырып, балық зауыттарының жұмысын жүйелеу керек. Қазір балық өнімдерін өңдеумен және экспортпен айналысатын 9 зауыт бар. Олардың жылдық қуаты – 12,5 мың тонна. Өзбекстан 200 мың тонна балық өсіреді. Бұл көрсеткішке зер салу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселеге баса мән берді, – деді облыс әкімі.

Бүгінде өңірде балық­тың 18 түрі ауланады. Соңғы 5 жылда ауланған 40 мың тонна балықтың 82 проценті Кіші Арал теңізінің үлесінде. Рес­публика бойынша бұл бағыт­тағы өңірлік бағ­дарламаны бірінші болып біздің аймақ дайындап отыр. Өзектілігі де бар. Балық аулау қуатынан өңдеу қуа­тымыз екі есе артып кеткен. Демек, бізде өсіруді күн ұзартпай қолға алу мәселесі тұр.

– Балық өсіру 3 жыл ішінде 9 процентке артты. Бірақ өсу көлемі өте төмен деңгейде. Былтыр небәрі 144 тонна балық өсірілген. Балық қорын сақтау және оларды жасанды жолмен молайту мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Қамыстыбас ба­лық питомнигінде жылына 15 млн балық өсіріледі. Олар маңызы жоғары көлдер мен Кіші Аралға жіберіледі. Бірақ, Қамыстыбас балық питомнигін күрделі жөндеуден өткізіп, тоғандық учаскелерін қалпына келтіру, техникаларын жаңарту керек, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов.

Айта кету керек, қыркүйек айын­да балық шаруа­шы­лығын­­дағы 14 кәсіпкер сала басшы­ларымен бірге Түркістан облысының Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандары мен Шардара қаласында тауарлы балық өсіру жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасып қайтты. Сыр өңірі суды үнемді пайда­лану мәселесі туындаған соң күріш егуді де азайтып жатқаны аян. Осы жерде көлдерді сумен тұрақ­ты қамтамасыз ету мәсе­лесі қылаң береді. Балық шаруа­шылығын дамытудың өңір­лік бағдарламасында да бұл түйткілді тарқату жолы қарастырылған.

– Арнайы құрылған жұмыс тобы облыс аумағындағы тауарлы балық өсіруге бейімделген 95 көлдің қазіргі жай-күйін, оларға инфрақұрылым жүргізу мүмкіндігін зерттеді. Нәти­же­сінде шарбақтық шаруа қожалығын және тоған шаруашылығын жүр­гізу, инкубациялық цех орнату, инфрақұрылым жүргізу бойынша қажет ететін 55 көлді тұрақты сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі анық­талды. Қыс мезгілінде аймақтағы су қойма­ларын толтырып алу арқылы көктем, жаз мезгілдерінде егіспен қатар көлдерді де тұрақты сумен қамтамасыз етуге болады, – деді Б.Шәменов.

Шаруашылықтардың қажетті жабдықтарды сатып алуына жеңіл­діктер жетерлік. Мәселен, «Байқоңыр» ӘКК арқылы 422 млн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылған. Биылға 247 млн теңгенің екі жобасы жоспарда тұр. Бұдан бөлек, мемлекеттік субсидиялау да жүзеге асырылуда. Балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 процентін өтеу және ауданы 50 гектардан кем емес көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы үшін жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың 25 процентін субсидиялау жолға қойылған. Алдағы уақытта 50 процентке дейін акваөсіру субъектілері үшін балық өсірудің биологиялық негіздемесі әзірленеді. Балық өсіру материалын, дәрілік препараттарды сатып алу, бағалы балық түрлерінің толықтырушы аналық табынын сатып алу және күтіп ұстау кезіндегі, сондай-ақ, балық өсіру шаруашылықтарын құруға инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарды өтеуге арналған субсидиялар кеңейтілмек. Бағдарламаны іске асыру үшін 30,6 млрд теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Соның ішінде «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына алдағы жылы облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінбек.

– Бізде қазір лизинг арқылы жобаларды қаржыландыру жүргізілуде. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға лизинг арқылы 3 процентпен 5 жылға дейін мүмкіндік бар. Оның үстіне, бастапқы 6 айды кейінге шегеруді де ұсынып отырмыз. «Егістен сөреге дейін» қағидасымен тірі балық сату жобасы бар. Мұндай кәсіпкерлер үшін халықтың көп шоғырланған аумақтары тиімді, – дейді «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев.

Саладағы өзекті мәселе­лердің бірі – маман тапшылығы. Технолог, ихтиолог тәрізді ма­манды шаммен іздеп тап­пайсыз. Ал мұндай ма­мандыққа бау­литын оқу орындары республика бо­йынша бір­нешеу ғана. Аймақ бас­шысы бұл мәселені ше­шуді облыстық білім бас­­қар­масының басшысы Ақзира Қасымоваға тапсырды. Өңір ғалымдарының да бұл мәселеге орай айтары бар.

– Бизнес құрылымдар ғылыммен бірлесе жұмыс атқарса, алар асуымыз мол болмақ. Бұл тәжірибеде бар. Су ойдағыдай болса, біз айтып отырған 2030 жылға дейін балық экспортын 2 есеге арттыруға да, тауарлы балық өндіру көлемін 34 есеге өсіруге де қол жеткізе аламыз. Бүгінде балық ассортиментін кеңейту­ді қолға алдық. Қаяз бен көксеркені көптеп өсірсек деп отырмыз. 2030 жылға қарай өңірде балық жан басына шаққанда 14 келіден келеді. Ал маман тапшылығына келсек, Алматыда, Астанада және Батыс Қазақстан облысында сала мамандарын даярлайтын оқу орындары бар. Дегенмен, балық өндірісі қолға алынған өңір болған соң, өзімізден де оқытуға болар еді. Бір жақсысы, балаларды өндіріске апарып практика жүзінде де баулыр едік, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер бұл бағдарламаның жыл сайын есебі тыңдалып, нәтижемізді талқыласақ деген ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, бағдарлама кең өріс алса, 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал 45 көлге электр желісі тартылса, 49 дана гидротехникалық қондырғылар орнатылады.

Жиын соңында облыс әкімі өңірлік бағдарламаны бекіту туралы қаулы әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Саладағы мәселелерді шешу де бақылауда болатынын ескертті.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<