Малдың жайын баққан білер

706

0

Қазалы ауданындағы Майдакөл ауылдық округінде орналасқан «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігі «Сырдария-1» кредиттік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен берілген 20 млн теңге несиеге 500 бас қой сатып әкелді. Оның 481 басы аналық қой болса, қалған 19 басы асылтұқымды аталық екен. «Екі жасар қошқары баспақтай» дегенді ауыл адамдары айтып жүрді.

Мұндай жағымды жаңа­лыққа жөн сұрасуды «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын, оның ішінде есін білгеннен тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты ауыл баласының қызығушылық танытуы орынды да шығар.

Уақыт оздырмай Бекарыс­тан би ауылының тұрғыны, «Ғибрат» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ниетәлі Әбді­кә­рі­мовке қоңырау шалып, талабына оң  болсын айттық. Ниетәлі шаруа жайын тіз­бектей жөнелді. Замандасымыз көзін еңбекпен ашқан азамат екен. Кезінде кеңшарда түрлі жұмыстар атқарыпты. Шаруашылық тараған соң өз бетінше тіршілік етуге көшеді. Бақша да екті, мал да бақты. Көл алып, балық аулады. Уақыт өте  атакәсіпке бет бұрды. Жаман болған жоқ. Кәсібінің алға жылжуына мемлекет тарапынан берілген қаржылай қолдау үлкен септігін тигізді. 

Алдымен 2015 жылы жыл­қы өсіруге 17 миллион  несие алды. Мұнан соң сиыр өсіруге 10 миллион теңге қаржы иеленді. Шаруасы алға басып, мал басы көбейді. Жылқыға алған несиені толық жауып, сиырға берілген қаражатты да еңсерді. Енді жоғарыда айтып өткеніміздей қой басын көбейтуге құлшына кірісті.  Шіліңгір шілденің аптабында, қаңтардың қақаған аязы, көктем-күздің жауын-шашы­нында Ниетәлі ғана емес, отбасы мен туған-туыс, шар­уашылық мүшелері бел шеше еңбек етіп, ортақ іске үлесін қосты. Ниетәлінің ай­туынша, ауызбіршілігі жа­расқан шағын ұжымда жалақы уақытылы беріліп, өзге де жеңілдіктер шама-шарқынша ­жасалады. Ал мұндай қадам еңбек өнім­ділігін арттырары хақ.

Қазір Н.Әбді­кәрі­мов бас­шылық жасайтын «Ғибрат» жеке кәсіп­керлігі мүшелері мал қыстату науқанына әзірлікпен қар­баласып жүр. «Хан шүңгіл» аталатын аумақта үйі, қора-қопсысы, иелікке қарасты жері,  ауыл шаруашылығы техникасы да бар. Төрт түлікке қажетті шөпті өздеріне тиесілі аумақтағы шабындықтан да­йындайды. Ауызсуды қыстау басындағы құдықтан алады. Төрт түлікке суды сол маңа­йдағы ойпатқа күз мезгі­лінде су жығып, қыста суат есебінде пайдаланады. Биыл­ғы аяқсудың тапшылығы  шаруа­шылыққа аздап салмақ түсіріпті. Соның салдарынан шөп көлемі жылдағыға қара­ғанда аздау әзірленіпті. Десе де, қолдағы малды толық қам­та­масыз етеді деген есеп бар.

Қазекеңнің мал басы мен  бала санын сұрамайтынын ескеріп, күмілжіп қалғанмын. Алайда бұл сауалымды кәсіпкер айтқызбай түсінді.

– Бейнетінің зейнетін көргенді кім қаламайды?! Кәсіп қылған соң қара-құра болғаны жақсы ғой. Ұжымда 4 адам еңбек етеді. Мал басы төлінің есебінен көбейіп жатыр. Осылайша  несиені жауып отырамын. Бүгінде иелігімізде 200-ден астам сиыр, тай-құлынды қосқанда 300-ге тарта жылқы, 20-дан астам нар, аруана,  яғни түйе бар. Асыл­тұқымды ет бағытындағы қылшық жүнді қошқарды Шымкенттің Ордабасы ауданынан әкелдім. Аналық саулық қойлар  Еділбай тұқымынан. Бір жарым жасар қошқардың салмағы 162 келіні құрайды, – деді ол.

Кәсіптен береке тапқан деген осы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы