Сұраныстағы дәрілер тез сатылуда

1641

0

«Сенім» емханасы 25 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл маусым айында есепте тұрған 640 адамға тегін антибиотик берілсе, шілденің екі аптасында бұл көрсеткіш 250 шамасында болды.

Құрамында бірқатар сала өкілдері бар арнайы мониторинг тобы емханалар мен дәріханалардың жұмысын тексеруді жалғастырды. «Сенім» ЖШС директоры Жанат Аяпованың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты пневмония, тыныс алу жолдарының жіті респираторлық аурулары бойынша емхана есебіндегі ересектерге антибиотиктер, ал балаларға оған қоса ыстық түсіретін препараттар таратылуда.

– Осы күні дексаметазонға сұраныс жоғары. Бірақ ол медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіне кірмейді. Дәрі тыныс алу жүйесінің проблемасы бар, оттегі тапшылығын сезінген науқастарға стационар жағдайында беріледі, – деді бас дәрігер.


Соңғы күндері емхана қызметкерлерінің жұмысы сәл-пәл жеңілдеген сияқты. Былайғы күндері 20-30 шақыру ғана қабылдайтын меди­ци­налық ұйымға өткен аптаның бір күнінде 100 шақыруға дейін түскен. Бүгінде ол біршама азайды.


– Үй жағдайында емделетін, емханаға келе алмайтын науқастарға дәрі-дәрмек жеткізу үшін арнайы бригада құрылды. Тегін дәрілік заттар туралы түсіндірме жұмыстары пациенттерге дәрігердің қабылдауына келген уақытта және арнайы жүгінген жағдайда жүйелі жүргізіліп отырады, – деді Ж.Аяпова.


Мониторинг тобы «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандарында орналасқан бірқатар дәріхананы тексерді.
Топ мүшелері баға тұрақтылығы мен дәрі мөлшерін бағамдап көрді. Белгілі болғандай, микробқа, вирусқа қарсы және ыстық түсіретін дәрілерге сұраныс әлі жоғары. Сол себепті дәрі-дәрмек сөреге түскен бойда сатылып кетіп жатыр. Сейсенбіден бастап қор толыға бастады. Әйтсе де, эуфиллин, дексаметазон, преднизолон, меропенем, В1, С витаминдері, уми­феновир сияқты пре­па­раттар тапшы.


– 8 шілдеден бастап жұ­мысын бастаған мо­ниторинг тобы 6 меди­ци­на­лық ұйым мен 40-тан астам дәріхананы аралап көрді. Дәріханаларда бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ, – дейді Ғалима Азирова.

Бүгінде қала дәріханалары мен фармацевтикалық компаниялардың қоймаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Шілденің басынан бастау алған мониторинг барысында дәріханалардағы дәрі-дәрмек тапшылығы, чексіз, рецептсіз препараттарды сату және бағаны негізсіз өсіру фактілері анықталған болса, қазір жағдай бұрынғыға қарағанда жүйеленіп келе жатқаны байқалады.

Кеше де біз арнайы мониторингтік топпен бірге кезекті бақылауға шығып, қаладағы 8 дәріханада мониторинг жұ­мыстарын жалғастырдық. Алдымен «Арай» сауда үйіндегі «Europharma» дәрі­ханасына соғып, қазір тап­шы, халықтың сұранысындағы дәрі-дәрмектерді қарап шықтық.

Дә­рі­ханада дексаметазон, С витамині, парацетамол жоқ. Алайда, оның орнына зитмак, суммамед, цефазолин, цефтаролин, оспамокс, амоксиклав пен анальгин секілді аналогтар, ыстықты түсіретін, антибактериалды дәрілік заттар бар екен. №3 емханадағы «Ansar» дәріханасында да цефтриаксон, ципролет, метрид, зитмак, оспамокс, амоксиклав, цефазолин болды.

Күні бүгін мұндағы қор азитромицинмен, аскорбин қышқылы, анаферонмен және өзге де жаңа препараттармен толықпақ. Нұрбол Кәукейдің Абай көшесінде орналасқан дәріханасында анаферон, тизин, анальгин, цефазолин, цефтриаксон бар. Кардиомагнил, анаферон, тромбас препараттары бүгін сатылымға шықпақ. Диагностикалық орталықтағы «Фарматека» серік­тестігіне қарасты №7 дәріханада да парацетамол, С витамині жоқ.

Алайда, амоксиклав, левофлоксацин таб­­леткалары сатылымда. Абай кө­шесіндегі «Lab Service Company» ЖШС-ның дәріханасына да кеше жаңа дәрі-дәрмектер түрі жеткізілді. Оның ішінде глюкоза, эуфиллин, дексаметазон, кардиомагнил, натрий хлорид пен тромбас бар.

– Қалада фармацевтикалық қыз­метпен 178 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады. Олардың қызметін мониторингтік топ қадағалауда. Құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, экономикалық тергеу департаменті мен кәсіпкерлік және туризм басқармасы, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту ассоциациясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар топ бүгін де бірқатар дәріханаларды аралап, кезекті бақылауды жүзеге асырды. Шара алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау дапартаменті басшысының орынбасары Ғалима Жаксылыққызы.


Сонымен қатар сала маманы күні кеше қаладағы «Жанерке Фарм» дәріханалар желісіне бөлшек саудада өткізу үшін 17 сауда атауындағы дәрілік заттың гроприносин, глюкоза, амбро, мильгамма, аскорбин қышқылы, омепразол және тағы да басқа дәрілердің 396 қорабы келіп түскенін хабарлады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<