Жүрек жылуының жарқылы

384

0

Бүгінгі күні әлеуметтік салада 2 мыңнан астам адам еңбек етуде. Демек, әлеуметтік қызметкерлер жұмысының нәтижесі қоғамда адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсерін тигізуде. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала мамандарымен «дөңгелек үстел» басында кездесіп, емен-жарқын пікірлесті.

Жиынға ұзақ жылдар әлеуметтік салада еңбек еткен ардагерлер, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев қатысты.

Аймақ басшысы кәсіби мереке иелерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, егемендік алған кезеңнен бері азаматтарды әлеуметтік қорғаудың алғышарттары жасалып, көпсалалық, бірнеше әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты дамуына қосқан үлесін атап өтті.

–    Сонау тоқсаныншы жылдары зейнетақы төлемдеріне енгізілген өзгерістер, әлеуметтік көмек көрсету реформаларының әртүрлі кезеңдері, соның ішінде дүние жүзінде орын алған пандемия кезінде де жұмысы тоқтамаған саланың бірі – осы. Уақытпен санаспай жұмыс атқарып, азаматтарды қабылдауды бір мезетке де тоқтатпаған – осы әлеуметтік сала. Алғашқылардың бірі болып мүгедектігі бар адамдардың, жеке көмекшілердің, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың вакцина алуы үшін жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, індеттің алдын алуға үлес қосуда. Аймақ тұрғындарының жұмыспен, әлеуметтік көмектермен, мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақылармен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасының өз деңгейінде болуы – мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерінің бірі. Әрбір жасаған еңбек  халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге бағытталған, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында сала ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Геннадий Максин, Күлзия Дүзелбаева әріптестерін құттықтап, қиын кезеңдердегі еңбек жолдары туралы естеліктерін бөлісті.

Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Кездесу   жергілікті өнерпаздардың ән-жырымен жалғасты.

Айта кетейік, 30 жыл ішінде өңірдің әлеуметтік қорғау саласында бірқатар жемісті жұмыс жасалды. Аудандар мен Қызылорда қаласында жұмыспен қамту орталықтары ашылды. 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

2013 жылдан бастап халықтың осал топтары қатарынан шыққан 1249 студент облыс әкімінің грантымен білім алды. Оның 654-і оқу орындарын аяқтап, түрлі салаларда қызмет атқаруда.

Бюджеттен тыс көздерден көмекке мұқтаж халықтың әлжуаз топтарынан шыққан 8143 адамға 124,1 млн теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді.  50 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі  35-тен 60 түрге ұлғайтылды.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<