Жылыжай салу жанданып келеді

930

0

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде мектептер жанынан жылыжай кешендерін салу қарқын алып келеді. Бұл бастаманың маңыздылығы сол –оқушыларды еңбекке баули отырып, қоршаған ортаға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту. Қарапайым еңбекке қалыптасу­ға тәрбиелейді.

Айталық, бүгінгі күні аймақтағы 13 мектепте ұс­таз­дар және оқу­шылардың еңбе­гімен жылыжай жұмысы жолға қо­йылған. Оның 5-і Қызылорда қаласында, 3-і Арал ауданында, сол сияқты Қазалы, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында жабдықталған. Ал­дағы уақытта Жалағаш ауданында да жалғасын табады.

Ұстаздардың көмегімен оқушы­лар жылыжайда түрлі өсімдіктерді баптап, көкөніс өндіруге ниетті. Жұмысты жандандыру үшін мектеп оқушылары ғылыми бағытта түрлі идеяларды тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті. Соның бір көрінісі – Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицейде аумағы 40 шаршы метрді құрайтын жылыжайда гидропоника, яғни өсімдіктерді  топырақсыз, жасанды субстратта өсіру әдісі арқылы қияр, аскөк, ақжелкеннен өнім алуда. Алдағы уақытта мектеп дирекциясы жылыжайды смарт бағытта дамытуды қолға алмақ.

Ауылдық жердегі мектептерде де жылыжай кешенінде өнім өндіру тәжірибесі кең қолданысқа еніп отыр. Айталық, Шиелі ауданы, Алмалы ауылында БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы салынған жылыжайда жылына 500 түп қияр егіліп, шамамен 1 тоннаға дейін өнім алынып келеді. Мұнан бөлек, шалқан, тұрып (редиска), аскөк егі­леді. Ал, Арал қаласындағы оқу­шылар үйі базасында тамшылатып суару әдісі арқылы 30 түп қызанақ, 50 түп қияр егіліп, шыққан өнімдер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін үлестіріледі.

Мектептердегі жылыжайда көк­өніспен қатар жеміс-жидек шығымы жақсы. Мәселен, Арал ауданындағы №73 мектебінде жүзімнің 4 сортынан 30 түп егілген. Оқушылар алғашқы өнімді биыл ала бастайды. Иә, осылайша жас өркендер Абай ақын айтқан.»Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» сөзінің мағынасын ұғып, өз еңбе­гінен өміріне қажетті тәлім түйетіні анық.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<