Кәсіпкерлерді не толғандырады?

455

0

Бүгінде елімізде, оның ішінде өңірде де  кәсіп ашып, өз ісін бастауға ниет білдірушілерге мүмкіндік бар. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталып,  қабылданған  түрлі мемлекеттік бағдарламалар – осының айғағы. Тек, көзін тап та, тәуекел етіп, іске кіріс!

Кеше қала әкімі Асылбек Шәменов кәсіпкерлік мәселелері бойынша жеке азаматтарға арнап қабылдау өткізді.

Жалпы  қалада 28330 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Облыс кәсіпкерлерінің 46,9%-і қаланың үлесінде. Қазіргі кезде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 647 млн теңгені құрайтын 76 жоба қолдау тапқан. Тіркелген кәсіпкерлер саны былтыр осы кезеңмен салыстырғанда 7,6 процентке,  жыл басынан бері 4,4 процентке артқан. Ал жыл басынан бері қалада, қалаға қарасты елді мекендерде 3085 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 3129 жаңа жұмыс орны ашылған.

Қала басшысының қабылдауына алғаш болып  жас кәсіпкер Ұлан Сайлау келді. Өзі мектеп оқушысы екен.  Ұлттық өнерді өрге сүйреп, насихаттап жүрген жастың бірі. Ұлан тоқыма жіппен аяқ киімнің түр-түрін тігіп, берекелі іс бастауда. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант алып, шағын шеберхана ашуды көздейді. Өз кезегінде қала әкімі Асылбек Шәменов жас шебердің таудай талабы мен өнерін қолдайтынын және кәмелет жасқа толмағандықтан мемлекеттік бағдарламаға ата-анасының біреуі қатыса алатынын айтты. Кез келген кәсіпті ашуға ең алдымен бизнес идея керек. Осы тұста шаһар басшысы инновациялық жобалар арқылы қаржы алуға өзі көмектесетінін де жеткізді.

Қабылдауға келгендердің тағы бірі – Әбілда Достанбаев. Ол 2017 жылы  жер алып, медициналық орталық ашқан. Жеке кәсіпкерге кәсібін кеңейту үшін қосымша жер қажет. Осы уақытқа дейін түрлі кедергілер, түсінбеушіліктерге байланысты сұраған жерін ала алмаған. Қала әкімі мәселені жан-жақты зерттеп, оңтайлы шешуді  қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаровқа тапсырды.

Жеңісбек Төлепбергенұлы да кәсібін кеңейту үшін жер сұрап келген. Ол Қызылжарма ауылдық округінде он сотық жерге жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналысады. Кәсіпкердің бұйымтайын тыңдаған Асылбек Шәменов  тиісті көмек көрсетілетінін айтты.

Жеке кәсіпкер Жансая Жүнісова да мәселесін жеткізді.

– «Умный дом» ЖК биыл ақпан айында «КРЭК» АҚ мекемесінен тендер ұтып алды. Біз қаладағы «КРЭК» мекемесі мен аудандық бөлімшелерінің өрт дабыл жүйелеріне ай сайын тексеріс жүргізіп, қызмет көрсетеміз. Алайда, жыл басынан бері бізге ақша аудармай отыр. Негізі келісім-шартта жыл соңына дейін ай сайын 89900 теңгеден түсіп тұруы тиіс еді. Мамыр айында басшысына арнайы хат жаздық. Бірақ жауап берген жоқ. Мекеме есепшісі апта соңына дейін аударамыз деген. Әлі күнге дейін түспей отыр. Бүгін міне, кәсіпкерлерді қабылдап жатыр дегенді естіп келдім. Олар қолдан келгенше көмектесуге уәде берді, – деді Жансая.

Жалпы қала әкімінің қабылдауына 35 кәсіпкер келіп, мәселелерін жеткізді. Айта кету керек, материал жазылып жатқан уақытта кәсіпкер Жансая Жүнісова хабарласып, шаһар басшысының қабылдауынан кейін «КРЭК» мекемесінен алашағының аударылғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Қала басшысының қабылдауы кезінде байқағанымыз, жаңадан кәсіп ашқысы келетін азаматтар немесе кәсібін кеңейтуге ұмтылғандар көптеген кедергілерге кезігеді. Бірі жерді жалға алу кезінде оған кепіл қою, инфрақұрылымы дамымаған жерлерге орналасу болса, енді біріне қаржылық сауатсыздық кедергі келтіреді. Келесі біріне қаражат жетпесе, тағы бірін жөнсіз тексерулер шаршатады.  Қабылдауға келгендер аталған кедергілердің жолын кесу, кәсіпкерлікті дамыту үшін осындай қабылдаулардың, басқа да кәсіпкерлерді қолдайтын шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалайды.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<