Керектінің бірі – кәріз құдығы

476

0

Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде тұратын Перизат Бисенова биылдан бастап өнім шығаруды қолға алған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант ұтқан ол кәріз суын төгуге арналған құдық дайындады.

– Біз бұған дейін халыққа монша қызметін көрсетумен айналыстық. Сондай-ақ жолдасым да арнайы техника – ассинизатор және манипулятор көлігімен тұрғындар сұранысын өтеп жүр. Ал өзім былтыр «Бастау бизнес» жобасы бойынша курс бітіріп, сертификат алғанмын. Биыл мамыр айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ойымда кәріз суын төгетін бетон құдықтар дайындау бар еді. Кәсіп осылай басталды. Сол мақсатпен жұмыс жүргіздік, – дейді Перизат.

Әрине, ұтқан қаржы мұндай ауқымды бизнесті бастауға аздық етері анық. Бірақ Перизат мойымай, қолдағы барды ұқсатып, өнімдерін өткізіп келеді.

– Иә, ұтқан грант қаржысына керекті дүниелер алдым. Цемент илейтін құрылғы, арба, күрек, тағы басқа қажеттіліктер алынды. Сондай-ақ шеберлерге қолдан құдық құюға арналған қалып істеттік. Негізінен тапсырыс беретіндер – аудан орталығының тұрғындары. Елді мекендерден де сұраныс бар. Әлгінде айтқанымдай, бізде жүк көтергіш манипулятор бар. Сол арқылы тапсырыс берушінің үйіне дейін өнімді жеткізіп береміз. Қазір заман дамыған ғой. Instagram әлеуметтік желісі арқылы жарнама жасап, сол арқылы танысқан тұрғындар да тапсырыс беріп келеді, – дейді кәсіпкер келіншек.

Кәсібінен бөлек, бес ұл-қыздың оқуы мен тәрбиесіне жиі назар аударатын Перизат алдағы уақытта өз бизнесін үлкейткісі келеді. Қолдау болса, алдағы уақытта аудан аумағынан үлкен жер алып, шағын зауыт ашуды, сол арқылы пескоблок және газоблок өндірісін бастауды жоспарлап отыр.

Кәсіп ашып көкжиегіңді кеңейту мүмкін еместей көрінетіні рас. Сондай-ақ қаржы жағы қалай болар екен деп дүдәмал күйге түсетінімізді де жоққа шығара алмаймыз. Рас, кәсіпкерлікпен тек ауқаттылар ғана айналысатындай көрінетін. Бірақ сырдариялық Перизаттың бүгінгі отбасылық кәсібі көпшілікке жақсы мысал бола алады. Ұл-қызын адал еңбекке баулып, отбасылық бизнесті дөңгеленткен кәсіпкер ананың қиындығы көп болса да тұрмысқа керекті дүние ұсынғанына біз де қуандық.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<