«Шиелі Шұжық» сапалы өнім шығарады

1367

0

Шиелі ауданындағы  «Шиелі Шұжық»  ЖШС шұжық цехы қазіргі кезде аудан ғана емес, облыс көлеміне жақсы танымал. Одан шыққан өнімдер дастарханның сәнін келтірумен қатар, дәмін татқан жанның таңдайында қалады.

Сонау 2005 жылы құрылған цех біршама қиындықтарға байланысты 2017 жылы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.  Дегенмен, кәсіпорын басшысы, белгілі кәсіпкер Патима Маханбет қиындықтан шығудың жолын іздеп, өндірісті іске қосты. Осылайша кәсіпорын 2020 жылы жұмысын қайта бастады. Кәсіпкер  «Байқоңыр» ӘКК-дан осы жобаға 32 млн теңге несие де алды.  Істің көзін тапқан кәсіпкерге кешегі пандемия да қолбайлау болмады.  Жаңа  құрылғылар сатып алып, жұмысын жандандырған кәсіпкер бүгінгі күні 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Цехта заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында  күніне 500 келі шұжық өндіріледі. Жалпы мұнда шұжық өнімдерінің 12 түрі бар.

– Өнімді нарыққа емін-еркін шығару үшін талапқа сай барлық жұмыстарды жасадық. Сертификат, арнайы штрих-код та алдық. Ендігі мақсат – өнімнің сапасын тұтынушыларға түсіндіру, сапаның жоғары екеніне көз жеткізу. Өйткені сырттан келетін шұжық өнімдері өте көп. Нарық болғасын бәсеке қызу. Сондықтан тұтынушылар қатарын арттыруымыз қажет, – дейді Патима Шаймерденқызы.

Сондай-ақ, кәсіпкер қазіргі кезде облыс әкімінің қолдауымен 2 процентпен 20 млн теңге несие алған. Ол қаржыға мал, жем-шөп алып, цехқа қажетті ет өндірілуде.

– Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Әсіресе, өндіруші кәсіпкерлердің жұмысы ауыр. Өндірген өнімді дүкен иелеріне апарып, оның сапасын, дайындалуын түсіндіруге тура келеді. Сондайда тыңдағысы келмейтін кісілер де көп кездеседі. Амал жоқ, өнімімізді сату үшін кейде  бір жерге бірнеше рет баруымызға тура келеді. Мен цехқа технолог маманды Тараз қаласынан алып келдім. Көпжылдық тәжірибесі бар білікті маман. Қазір енді осы салада оқыған бір жас қызды үйретіп отырмыз. Жұмысқа жастарды көптеп тартудамын. Өйткені келешегіміз жастардың қолында. Олардың білгенін, үйренгенін қалаймын. Аудандық жұмыспен қамту бөлімімен тікелей жұмыс жасаймын, – дейді кәсіпкер.

Патима Маханбет аудан, облыс орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне де тұрақты қатысады. Тұрақтылық, әрине, тұтынушы талғамынан табылу деп білеміз.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<