Теңге тиыннан құралады

447

0

Бала бағып, үйде отырған әйелдер көбіне дамуды тоқтатпас үшін жұмыс істегенді жөн көреді. Бұл бір жағынан кіріс көзі болса, екінші жағынан өзіне ұнайтын іспен айналысу адамға ерекше көңіл-күй сыйлайтыны анық.

Қазалылық Ақмарал Әбсаттар бір жарым жылдан бері ақша жинағыш жасап, тапсырыстар қабылдайды. Оның айтуынша, шығыны аз, жасау жолы оңай кәсіп. Қызығушылығы түскен саланы үйрену де қиын болмаған көрінеді. Қазір тиыннан теңге құрап ақша жинауды жақсы көретіндер үшін оның 10-нан астам түрін табуға болады. Қалауыңызша дизайнын да өзгертіп, тойбастар мен шағын отырыстарға 100-ден аса тапсырыс та қабылдайды.

– Бүгінде жұртшылықтың қаржылық сауаты артып келеді. Ақша жинауды әдетке айналдырғандар да жетерлік. Тіпті ата-аналар балаларына кішкентай кезінен тиын жинап, оны дұрыс жұмсауға үйретуде. Әлеуметтік желіден көріп қалып, гипс сатып алып үйде жасап көрдім. Алғашқыда дұрыс шықпады. Кейін қолым икемделе түсті. Шығын аз кететін болғандықтан, қайта-қайта тәжірибе жасаудан қорықпадым. Кәсіптің үлкен немесе кішісі болмайды. Ол бастысы тұрақты табыс әкеліп тұруы керек. Әрбір тапсырысты дер кезінде орындап, өнімнің түрін көбейтіп келемін. Мекемелерге, дүкендерге өткіземін. Бір данасы 500, ал көбірек тапсырыс болса, бағасын 400-450 теңгеге дейін түсіріп беремін, – дейді.

Негізгі мамандығы бойынша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Ақмарал кішкентайымен бала күтіміне байланысты демалыста. Ол әлеуметтік желі арқылы аудан, қалалардан келген тапсырыстарды орындайды. Мұнан бөлек, қобдиша жасауды үйреніп, қазір оны да сатуда. Ал кәсіп бастауға жүрексініп жүргендерге ештеңеден қорықпай, тек алға ұмтылуға кеңес береді.

«Көз қорқақ, қол батыр» деп неге айтты дейсіз? Тәуекел етіп, кәсіп бастағанда, бастысы қорқынышыңды жеңе білген жөн. Әсіресе, үйде бесік тербетіп отырған аналар үшін қандай іспен айналысамын десе де мүмкіндік көп. Бастысы, оған деген ықыласыңыз бен қызығушылығыңыз болса жетіп жатыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<