Тұзды бөлме тынысыңды ашады

368

0

Шиелілік жас кәсіпкер Бибінұр Мүтәліпова «Соль+» тұзды ем орталығын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Тұзды бөлменің жалпы аумағы 150 шаршы метр, сыйымдылығы 10 адамға арналған.

Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен жабдықталған. Арнайы аппараттан тазартылған, өңделген тұз ауаға тарайды. Емдік тұз Қызылордадан әкелінеді. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашқан.

– Орталықтың ішінде барлық гигиеналық талаптар сақталған. Иммунитетті көтеру үшін 10 күн ем алады. Ал егер аурудың асқынған түрі болса, онда курс мерзімі 15-20 күнге дейін созылуы мүмкін, – дейді кәсіп иесі.

Табиғи емдік қызметтер көрсететін орталықтың экологиялық аймақта орналасқан аудан жұртшылығы үшін пайдасы зор. Әсіресе, түрлі ауруларға шалдығып, антибиотиктер қабылдап, иммунитеті әлсіреген жандарға көмегі көп.

Жас кәсіпкердің анасы орталықтың қалай ашылғанын айтып берді.

– Аймағымыздың ауасы таза емес екені белгілі. Соның салдарынан бронхит ауруына шалдыққандар көп. Өзім де балаларым жөтеліп, ауырғанда қатты алаңдап кетемін. Сөйтіп, отбасымызбен ақылдасып, осындай адам денсаулығына пайдалы жоба дайындауды жөн көрдік. Кәсіпті былтыр  желтоқсан айында бастадық. Расында, тұзды ем орталығын басқа қалаға іздеп баратын едік. Бүгінде кәсібіміз нәсібімізге жарап тұр, – дейді Индира Жантөреева.

Тұзды бөлменің емдік қасиеті бұрыннан белгілі емес пе? Бронхит, жүрек аурулары, невроз және аллергия сынды ауруларға бірден-бір шипалы. Сондай-ақ тыныс жолдарын микробтардан қорғайды. Айта кетейік, тұз йодталмаған және 2,5 тонна.

Емдік қызметтерді алу ересектер үшін – 1000 теңге, балаларға – 500 теңге. Бұл – негізгі бағасы. Дәл қазір жеңілдік жүріп жатыр. Ашып айтсақ, ересектерге 500 теңге, ал 3-12 жасқа дейінгі балаларға тегін қызмет көрсетілуде. Көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге де жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, мұнда массаж қызметін көрсететін маман да бар. Кәсіпкер болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытқысы келетінін айтады. Оның мақсаты – аудан тұрғындарын өзге қалаларға сабылтпай,  қолжетімді бағамен ем алуына мүмкіндік жасау.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<