Ыстық нанды ықыласпен ұсынады

418

0

Арал ауданында жеке кәсіппен айналысатындар қатары көбейіп келеді. Олардың дені өз кәсібін дамыту мақсатында мемлекеттің қолдауымен кәсіптерін кеңейтуде. Сондай азаматтың бірі – Серікбай Саянов. Ол жуырда ғана өзі иелік ететін «Қуантқан» азық-түлік дүкені жанынан наубайхананы іске қосты.

Серікбай өз қаражатымен жүргізіп келген кәсібін кеңейту үшін Өңірлік қаржыландыру орталығынан төменгі пайызбен несие алған. Оған бұрынғы дүкенін жандандырып, сонымен қоса, наубайханасына қажетті жабдықтарды жеткізіп отыр. Бүгінде онда нан пісіретін электр пеші, қамыр илейтін, ұн елейтін, нан таситын арнайы жабдықтардың түр-түрі бар.

– Тұтынушылар саны күн санап артуда. Ал өнімімізге тұрғындар дән риза. Үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Үшеуі де аспаз. Қазір мұнда нан және нан өнімдерінің түр-түрі дайындалады. Аспазшылар күніге 200-ден астам бөлке нан пісіреді.

Енді сатылым жайына келсек, қазір ауданда нан бағасы 100 теңгеден жоғарыламаса, төмендеген жоқ. Ал біз халықтың қалтасына ауырлық салмас үшін 80 теңгеден сатып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Аудан орталығы болғасын наубайханалардың мол болатыны сөзсіз. Дегенмен тұрғындар нанды үйіне жақын жерден алғанды жөн көреді. Кәсіп иесі бұл жайды да ескеріпті.

– Тұрғындарға ыстық нан қажет. Сол себепті нанды белгіленген мөлшерден артық пісірмейміз. Аспаздарымыз мықты, өз жұмысын жауапкершілікпен атқарады. Наубайханада нан пісіретін жабдықтардан басқа нан өнімдеріне арналған стеллаж, май мен қамырды сақтайтын тоңазытқыштар мен  мұздатқыш, арнайы қалыптар да бар, – дейді ол.

Кәсіпкердің мақсаты белгілі – кәсібін кеңейту. Қазір ол пісірілген нан өнімдерінің басым бөлігін өзінің «Қуантқан» азық-түлік дүкені арқылы сатуда.

Ең бастысы, кәсіпкердің тұтынушылармен ауызбіршілікте еңбек етіп жатқандығы қуантады.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<