Жапон философиясы табысты бизнес кепілі ме?

351

0

Жапон елі экономикасының даму сырын өз философиясын басқару тәсілі ретінде пайдалануда деп түсіндіреді. Ойлаумен жұмыс істеу қағидаттарына құрылған бірегей жүйе елдің экономикалық жағынан әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің біріне айналуына мүмкіндік берді. Бұл жүйені компанияның көрсеткіштерін жақсарту үшін қалай пайдалану керек?

Жапондықтар дұрыс әрекеттер дұрыс нәтиже береді деп санайды. Кез келген проблеманы мүмкіндігінше тез анықтау үшін процестер мен адамдар арасында байланыс орнату қажет. Шешім қабылдауда асықпай, барлығын таразылау керек те, ал іске асыру кезеңінде ештеңеден тартынбай, тез әрекет ету қажет. Компания үздіксіз өзін-өзі жетілдіріп отыратын ұйым болуға ұмтылуы тиіс. Бұл қағидалардың барлығы жапон философиясы мен өмірге деген көзқарасына негізделген.

Немаваси – келісімге апаратын жол

Немаваси жапон тілінен тікелей аударғанда «тамыр қазу» деген мағына береді. Ағаш отырғызу алдында топырақ дайындаудың бір тәсілі. Оның жапондық менеджменттегі мәні де соған ұқсас. Мұқият дайындық пен жоспарлау, содан кейін шешімді жылдам орындау. Қызметкер процесті оңтайландыру немесе мәселені шешу қажеттілігі туындаған кезде ең тиімді шешімді іздеуге кіріседі. Барлығын ойланып, лайықтысын тапқан соң менеджеріне барады. Менеджер оны басшылармен келіседі. Осылайша, мәселені шешуге көптеген адам тартылып, ортақ пікірге келеді. Мәселе жоғары басшылыққа жеткенде, шешімі де дайын тұрады.

Немаваси көмегімен жұмыс нәтижесінің максималды ықтимал саны ойластырылып, пысықталады. Қателерді түзету, уақыт пен ресурстардың қосымша ысырап болуына жол бермейді. Бұл стратегия жұмыс процесін жөндеу тұрғысынан өте дұрыс. Қателікті болдырмауға мүмкіндік береді, барлық қатысушылардың уақытын үнемдейді.

Кайдзен стратегиясы

Кайдзен – Жапонияның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің құпиясы. Масааки Имай «Кайдзен: жапондық компаниялар табысының кілті» кітабында бұл принципті басқаруда қалай қолдану керектігі туралы алғаш рет айтқан. Кайдзен тәжірибесі шағын қадамдармен үздіксіз жетілдіруді қамтиды. Егер менеджмент принциптері туралы айтатын болсақ, кайдзен барлық қызметкерлерде ойлаудың ерекше түрін қалыптастыруды көздейді. Негізгі мақсат – ұзақ мерзімді перспективада үздіксіз даму, ресурстардың қалыпты жұмсалуы, тәжірибелі, демек беделді басшының болуы, өзара көмек пен қолдау атмосферасын құру. Компанияға кайдзен принциптерін енгізу үшін ортақ мақсатқа жұмылған ұжымдық мәдениетті дамыту қажет.

Өзіндік рефлексия және хансэй

Хансэй болмаса, кайдзенмен айналысу және немаваси философиясын ұстану мүмкін емес. Хансэй жұмыста кеткен қателер ғана емес, мәселені сәтті шешкеннен кейін де үздіксіз өзін-өзі талдауды ұсынады, яғни, қатені түсіну, ашық мойындау, оның себептері мен драйверлерін жақсырақ түсіну үшін егжей-тегжейлі есеп дайындау.

Бұл ретте қате жасау фактісі емес, оны талдау басты рөл атқарады. Компания табысқа немесе сәтсіздікке нақты не әсер ететінін неғұрлым көп зерттесе, соғұрлым оны болашақта қайталамау ықтималдығы жоғары болады.

Мұндағы басты мәселе – қателіктерді мойындай білетін орта құру. Біздің менталитетімізде сәтсіздікті жаман нәрсе ретінде қабылдау мәдениеті бар. Шын мәнінде, қателер барлық жерде және әрқашан болады. Бұл – кез келген белсенді әрекеттің нәтижесі. Қатені зерттеу және тиімділікті арттыру үшін материал ретінде қабылдаудың өзі маңызды. Қызметкерлер қателік жазаға себеп емес, ал талдау өсу құралы екенін көріп, түсінуі керек.

Табыс факторларын қарастыратын болсақ, мұнда объективті талдау маңызды емес, өйткені бұл тиімді шешімдерді масштабтауға мүмкіндік береді. Кейде жетістік те кездейсоқ болуы мүмкін. Жетістік жүйелі жұмыстың нәтижесі емес, кездейсоқтық болса, онда қызметкердің өзі мұны анықтауы маңызды. Егер бұл жасалмаса, іс жүзінде сәтті нәтижеге ешқандай қатысы жоқ қате тұжырымдар мен масштабтау факторларының жоғары қаупі бар.

Жапондық менеджмент принциптерін қолдану қиын болуы мүмкін. Бірақ бұл тәжірибелер әбден мойындалған, көптеген бизнестің табысқа жетуіне септігін тигізген. Сондықтан компанияға бәсекелестік артықшылық берері сөзсіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<