Құрылтай

Абырой асуындағы азамат

5

0

Жапондарда «Жақсы құрылысшы ғимарат тұрғызады, ал нағыз құрылысшы елдің болашағына қызмет ететін мұра қалдырады» деген сөз бар. Мен мықты құрылысшылардың абыройы өздері салған ғимараттардан да биік тұрады дер едім. Себебі олар салған мектептен балалар білім алса, ауруханада адам жанына шипа табады, тұрғын үйлерде мыңдаған отбасының шамы жанады. Қасиетті Сыр өңірінде де елдің болашағына қызмет ететін мұра қалдырып жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қызылорда облы­сының құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Әбдімәжит Әлмағамбетұлы Жансақалов.

Бұл жазбамызға арқау болған Әбдімәжит Жансақалов 1956 жылы дүниеге келген. Мәкеңнің балалық шағы қарапайым еңбек адамдарының ортасында өтті. Әкесі Әлма­ғамбет Жансақалов – ұрпақ тәрбиесінде ең алдымен адалдықты, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты бірінші орынға қойған жан. Әбдімәжит ағаны жақсы танитындардың айтуынша, ол кісі мектепте зеректігімен ерекше­лен­ген әрі өнерге де жақын болған екен. Ән айтуды сүйді, тіпті бір кезде әнші болуды армандады. Алайда тағдыр оны құрылыс саласына жетеледі.

1973 жылы Сырдария ауданына қарасты Коммунизм елді мекеніндегі №43 қазақ орта мектебін бітірген 17 жастағы Әбдімәжит Әлмағамбетұлы сол жылы Қызылорда поли­техникумына оқуға түседі. Алайда азаматтық борышын өтеу – әрбір ер-азаматтың міндеті екенін терең түсінген ол 1974-1976 жылдары әскер қатарында болып, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Әскердегі тәртіп пен жауап­кершілік оның бойындағы еңбекқорлық пен табандылық қасиеттерін одан әрі шыңдай түседі. Әскерден кейін оқуын жалғастырып, 1978 жылы техник-құрылысшы мамандығын алып шығады. Осы жылы оның еңбек жолы «Главсовхозстрой» мекемесінің жобалау-іздестіру экспедициясында аға инженер қызметінен басталады. Бұл үлкен құрылыс саласына жасалған алғашқы кәсіби қадам еді. Кейінгі жылдары ПМК-44 мекемесінде инженер, учаске шебері, аға прораб қыз­меттерін атқарып, өндірістің қыр-сырын меңгерді. Өндірістен қол үзбей жүріп 1981-1987 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызыл­орда филиа­лында білім алып, инженер-құрылысшы мамандығын иеленді.

1985 жылдан бастап Сырдария аудандық агроөнеркәсіптік бірлес­ті­гінде құрылыс саласын қадағалау тобының басшысы ретінде ұйымдас­тырушылық қабілетін көрсетті. Ал 1990 жылдары СПМК-1 мекемесінде өн­дірістік-техникалық бөлімнің басшысы, бас инженер, кейін мекеме басшысы қызметіне дейін көтерілді. Бұл оның білімі мен тәжірибесіне, іскерлігі мен азаматтық беде­ліне артылған сенімнің нәтижесі еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қа­зақстан үшін оңай болған жоқ. Экономика тұралап, өндіріс орындары тоқтап, көптеген құрылыс ұйымы жабылды. Осындай қиын кезеңде ұжымын сақтап қалу кез келген басшының қолынан келе бермейтін іс еді. Әбдімәжит Жансақалов дәл осын­дай сын сағатта қайсар мінез танытты. Ол қиындықтан қашпады, қайта жаңа мүмкіндіктер іздеді. Осылайша «Дәнекер құрылыс ком­паниясы» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­ті­гінің тарихы басталды. Бүгінде «Дәнекер құрылыс компа­ниясы» дегенде жұрттың есіне сапалы құрылыс пен көптің игілігі үшін атқарылған жұмыс түседі. Мұндай деңгейге жету оңай болған жоқ. Құрылыс компаниясы алғашқы жылдары Байқоңыр қаласында, Қызыл­орда қаласы мен облыс аудан­дарындағы тұрғын үйлердің, мектеп­тердің жылу, су және кәріз жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Тағы бір айта кетерлігі, 2003 жылы Қызылордада алғашқылардың бірі болып мемлекеттік сатып алу кон­курсының жеңімпазы атанып, Қар­мақшы ауданының Жосалы кентінде туберкулезге қарсы күрес диспансерін салған.

Уақыт өте келе серіктестік өңірдегі ең ірі құрылыс ұйымдарының біріне айналды. «Таза су» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламалары аясында ондаған ауылға ауызсу жеткізілді. Бұрын таза суға зәру болған елді мекендерге жаңа инженерлік желілер тартылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды.

«Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-ның ел игілігіне тапсырған әлеуметтік нысандары аймақ тари­хының ажырамас бөлігіне айналған ауқымды жобалар екенін атап өткен жөн. Серіктестік күшімен бой көтерген жаңа мектептер мен балабақшалар, ауылдық клубтар, емханалар, көп­салалы балалар ауруханасы, фельд­шерлік-акушерлік пункттер, тұрғын үйлер, мәдениет және спорт нысандары бүгінде халыққа қызмет етіп келеді. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы әуежайдың алғашқы терминалын салу жұмыстарына да өз үлесін қосты. Бұдан бөлек облыстық Қан орталығы, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жобасы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қызылорданың сол жағалауындағы жаңа тұрғын аудандар – мұның барлығы «Дәнекер құрылыс ком­паниясы» ЖШС-ның өңір дамуына қосқан елеулі үлесін айғақтайды.

Көпжылдық тәжірибе мен сапалы еңбек нәтижесінде компания Сыр өңірінің сәулеттік келбетінің қалып­тасуына, әлеуметтік инфра­құры­лым­ның дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға зор үлес қо­сып келеді. Әсіресе облыс орта­лы­ғы­ның сол жағалауындағы жаңа қаланың қалыптасуына қосқан үлесі ерекше.

Әбдімәжит Жансақалов құрылысқа тек кәсіп ретінде қараған емес. Оның түсінігінде әрбір мектеп – болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция, әрбір аурухана – адам өміріне деген қамқорлық, әрбір тұрғын үй – бір отбасының бақыты. Сондықтан ол қай кезде де «саннан бұрын сапа» қағидасын басты орынға қойды. Тағы бір айта кетерлігі, қандай қызметте жүрсе де, ол қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Бірнеше мәрте қалалық және облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, халықтың сенімін ақтады. Сай­лаушылармен тұрақты кездесіп, тұрғындар мәселесін көтерді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету, демеушілік жасау, жастардың білім алуына көмектесу сияқты игі бастамалардан да сырт қалған емес.

Әбдімәжит Әлмағамбетұлының басшы­лығымен бой көтерген басқа нысандарды айтпай-ақ қояйық, бірақ кейінгі жылдары, әсіресе 2-3 жылдың бедерінде ел игілігі үшін салынған ғимараттарды атап өткен жөн ғой деп білемін. «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС Қызылорда қаласының сол жағалауында жылына 5-10 мың донация қабылдауға қауқарлы IV санаттағы облыстық Қан орта­лығын салды. Бұл нысан – өңірдің денсаулық сақтау саласындағы маңызды инфра­құ­рылымдық жобаның бірі. Орталық зама­науи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, қанды қабылдау, өңдеу, сақтау және тарату процестерін халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нысанның пайдалануға берілуі тұр­ғындарға көрсетілетін меди­циналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, өңірдің медициналық қауіп­сіздігін нығайтуға елеулі үлес қосты. Бұдан бөлек спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында Қызылорда қаласының сол жағалауында заманауи Үстел теннисі орталығы салынды. Орталық бұқаралық спортты дамытуға, жасөспірімдер мен жастарды жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тартуға бағытталған. Нысанда халықаралық талаптарға сай жабдықталған жаттығу залдары мен жарыстар өткізуге арналған алаңдар қарастырылған. Бұл жоба салауатты өмір салтын насихат­тауға және өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік берді. «Келешек мектебі» жобасы аясында «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС Қызылорда қаласында 900 орындық заманауи мектеп салды. Бұл мектепті республикада алғашқылардың бірі болып ел игілігіне табыстағанын да айта кетейік. Білім ұясы жаңа технологиялармен жабдықталып, за­манауи қауіпсіздік жүйе­лерімен, кең әрі жарық оқу каби­неттерімен, пәндік зертханалармен және спорт зал­дарымен қамтамасыз етілген. Аталған мектептердің пайдалануға берілуі оқу­шы­лардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және білім сапасын арттыруға оң ықпал етті. Дәл қазір бұл құрылыс компаниясы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 7 қабатты әсем тұрғын үйлерді салып жатыр.

Ә.Жансақаловтың еңбе­гі жоғары бағаланып, мемлекет тарапынан марапаттар иеленді. Қазақ­станның құрметті құры­лыс­шысы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері атанды. Қызылорда облысының, Қызылорда қала­сының және Сырдария ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

Әбдімәжит ағаның тағы бір ерекшелігі – қарапайымдылығы. Қан­ша жерден үлкен құрылыс компа­ниясын басқарса да өзін өзгеден биік ұстамайды. Ұжыммен ақылдасып жұмыс істейді, жастардың пікірін тыңдайды, тәжірибесін бөліседі. Басшылықтың мәні билік жүргізуде емес, жауапкершілікті бірге көтеруде екенін жақсы түсінеді. Өмірлік зайыбы Зүбайра апаймен бірге тәрбиелеген ұл-қыздары бүгінде әке өнегесін мақтан тұтады. Жақындарының айтуынша, ол жұмыстан қанша қолы босамаса да, отбасына уақыт бөлуді ешқашан ұмытқан емес. Балаларына ең алдымен адал еңбек етуді, адамға құрметпен қарауды үйретті. Бүгінгі таңда «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС өңірдегі ең қуатты құрылыс ұйым­­дарының біріне айналды. Зама­науи техникамен жабдықталған, тә­жірибелі мамандардан құралған ұжым күрделі инженерлік және әлеуметтік жобаларды сапалы жүзеге асырып келеді.

Халық даналығында «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген сөз бар. Сол секілді тұлғалық тұрпаты бір бөлек Әбдімәжит Әлмағамбет­ұлының азаматтық бейнесінен кейінгі ұрпақ еңбекқорлықты, жауап­кер­шілікті, қарапайымдылықты және елге қызмет етудің шынайы мәнін үйренері сөзсіз.

Бақыт ЖАҚАНОВ,

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары