Әйел бақыты – қоғам айнасы

835

0

Бүгін Қызылорда облысының мемлекеттік архив ғимаратында «Әйел бақыты – қоғам айнасы» тақырыбында білім, мәдениет, журналистика және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесу өтті.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі К.Қалымбетова, Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қ.Есімсейтова, №268 мектеп-лицейінің директоры Ж.Сейтжанова, «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы М.Боранбаева және әнші Қ.Ахметқызы қатысты.

Кездесудің мақсаты – шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып жүрген аналарымыздың тағылымды әңгімелерінен ғибрат алу.

Жиында Күлән Жантемірқызы мен Қаршыға Құрмашқызы сөз алып, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан Жұлдызай Қожамұратқызы «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген халықтық тәрбиенің отбасынан басталатынын, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ананы ардақтап, қариясын құрметтей білетін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу керектігін жеткізді. Майра Қадірбекқызы әрбір адам қоғамда белсенді болу керектігін, өзін-өзі дамытып, әрдайым ізденіс үстінде жүру қажеттілігін айтты. Жеті перзент тәрбиелеп, әрі мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген Қуаныш Ахметқызы өнегелі отбасының береке-бірлігін, асыл қасиеттерін, балаға тәлім-тәрбие беру, отбасындағы ата-ана рөлінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жиында әйелдер қауымының қоғамдағы орны, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі сөз болды.

Кездесу соңында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғарғы колледжінің студенттері аналарға арнап ән шырқады және қонақтарға мерекелік сыйлықтар табысталды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<