Әр адам – уақыт перзенті. Ақылы көптің аясы кең болады, тамыры терең шынардың саясы кең болады.Осындай жандардың қатарынан орын алған, еңбегімен елге еленген, сыйластыққа бөленген, құрмет пен абыройға қолы жеткен ардақты жандардың бірі, кішілерге абзал аға, үлкендерге ізетті іні бола білген Әбжәлел Айбосынов 1925 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Он жылдық мектепті бітірген соң, жұмыс істеп жүріп аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі болды. «Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» ауыр заманда Қазалы ауданынан 10754 жерлесіміз майданға аттанды. Солардың ішінде Әбжәлел Айбосынов та Забайкальеде жапон соғысында радист болған.
Соғыстан жеңіспен қайтқан жас жігіт өз теңін тауып Кәрима атты қызды жар етті, шаңырағын тіктеп, түтінін түтетіп, ұрпағын көбейтті. Ағайынға адал, достарға жақын болды. Адамға бармақтай бақ керек, қисыны, оралымы келетіндей сәт керек, соны пайдалана қоятындай бап керек. Тыныштықты сақтайтын да, баптайтын да әрине, әйел.
Әбекең мектепте мұғалім, директордың орынбасары, директор, аудандық білім бөлімін 22 жыл басқарды. Қай кезеңде де адамның, қоғамның абыройын асқақтатып жүрген ер еңбегі – бүгін мен келешек үшін өнеге, елге мақтаныш. Еңбек өрге, бедел төрге шығарады деген осы. Әбжәлел аға осындай елге құрметті болумен 65 жасқа келгенде өмірден озды. Шүкір, артында жақсы өнеге мен өсиет сөздері, тәрбиелік мәні бар, айта жүретіндей істері қалды. Ол кісінің тазайындығын, жарасымды киінетінін, әдептілігін, кішіпейіл, адамгершілік қасиетін айтып, еске алып жүретін ағайын-туыс, халқы бар.
Білім беру саласында көп жыл қызметтес, ағалы-інілі болып жүргенімде Әбжәлел ағамыз бен Кәрима апамыздың ешкімге де болмасын демейтін, кісінің ақысын жемейтін, біреу жайлы әңгіме термейтін, үлкендерге сәлемі түзу, ағайынға адал, Отан қорғау жорығында Забайкалецтер деген құрметті атақ алған, бірге болған жолдастарымен жақсы қарым-қатынаста, жүрген жеріне үлгі, ерекше жаратылған, ішкі мәдениетіне, жан дүниесінің тазалығына тәнті болатын едік.
Төккен тері елеусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен, бірнеше медальдің иегері, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім, Халық ағарту ісінің озаты, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Әбекең өмірден кетсе де, артында қалған көзі мен еңбегін бағалайтын халқы бар. «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді» деп Қорқыт ата айтып кеткендей, тегін білу дегеніміз – ру, тайпа, жүз болып бөліну, араға іріткі салып жарылу емес, ұлт болып бірігу, ұлт қамын бірлесіп жасау, күллі қазақ болып намысты қорғау. Әкенің өсиетін ұғынып, ананың қасиетін түсініп өскен бала қор болмайды. Бүгінде олардан өрген немере-шөбере – атасы мен әжесінің жолын жалғаған өрендер. Олар түрлі мамандық игеріп, халқына адал қызмет етуде. Астанадағы кәсіпкер қызы Дина басшы, қалған балалары қоштап Әйтеке би кентіндегі өздері өсіп-өнген қарашаңырақ орнына Әбжәлел Айбосыновқа арнап музей ашты.
Адам баласы табиғатқа тәуелді болғандықтан, оның тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуына ең алдымен ата-тегінен дарыған қасиеттері, ата-анасының аялауы мен өскен ортасының ықпалы және өзінің ой-өрісінің көкжиегі, болашағына деген сенімді көзқарасы мен білімге құштарлығы, ұмтылыс жігері мен іскерлік қабілеті мейлінше әсер етеді.
Аталған жұғымды қасиеттердің бәрі бірдей адамда ұштасуы мүлде мүмкін емес, олардың ішіндегі ең пайдалысын ұтымды түрде іске асыра білсе, өмірдің қолайсыз ызғарын бәсеңдетіп, мақсатқа жол ашады. Қалдырған қолтаңбасы, ізі тұлғаның қасиеттерін көз алдымызға елестетіп, ұмытпай еске салуды ескертеді. Өзі дүниеден өтсе де, айтқан сөздері мен тыңғылықты атқарған істері, байсалды мінезі мен биік тұлғалы адамгершілігі ел жадында сақталып қалады. Сондай азаматтарының бірі Әбжәлел Айбосынов болатын.
Жақсы журналист өмірді қайта жандандырады. Әділдікті ашып айтып, кемшілікті орныменен сынап түзеуге жол ашады. Еңбегі сіңген ерлерді елдің есіне салып, өскелең ұрпаққа үлгі етіп, өнеге тұтуға жол ашып, тарихтан орын алуға мүмкіндік тудырады. Әбжәлел Айбосыновтың 100 жылдығына арнап кітап жазылды. Бұл азаматтың атында үлкен көше мен музей бар. Ардагерлер аллеясындағы «Елге еңбегі сіңгендер» тақтасында мәрмәр тасқа суреті қашалған.
Әбекең кәсібіне мықты, істеген ісі нақты, бір сөзді, қызметіне берілген, қарамағындағы қызметкерлеріне адал, олардың еңбегін бағалайтын, қадірін білетін әділ басшы болатын. Талапшыл мейірімді, сыпайы, өте тазайын, әдепті, мәдениетті, сабырлы да салмақты, адамның сөзін бұзбай аяғына дейін тыңдайтын. Білім саласын жетілдіру мен жасаған озық тәжірибелері және білімге енгізген жаңалықтары жетерлік. Ол кісі – ауданның өркендеуіне, жастардың біліммен сусындап өсіп- жетілуіне, ұстаздардың сауаты мен білімінің көтерілуіне зор үлес қосқан, әділеттің, кемеңгерліктің, біліктіліктің, әдептіліктің, сауаттылық пен адалдықтың, ұяңдықтың үлгісін көрсете білген жан.
Тарихты тұлғалар жасайды. Оның білім саласын басқару тәсілі, тәжірибесі, кең жүректілігі, мәдениеттілігі, әдептілігі, тазайындылығы да аңызға айналған. Бірге қызметтес болған әріптестерінің аузынан тек қана жақсы лебіз, пікірлерді естумен келеміз. Ерекшелігі – адамның сөзін аяғына дейін тыңдап, шешімін сол жерде бірден айтатын әділдігі, ешкімді бөле-жармайтын қайырымдылығы табиғат сыйға берген кеңпейілділігінің бір көрінісі іспеттес. Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» дейді. Халық – қазы, еңбек – таразы. Білім саласын басқарып отырған басшылар осындай азаматтардың еңбегін елесе екен. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» дейді халық даналығы. Әбжәлел Айбосынов тарихи тізімге енгізетін нағыз қайраткер азамат деп білеміз.
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Білім
саласының құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





