Арал ауданының әкімі құрылысы аяқсыз қалған саябаққа қатысты түсінік берді

350

0

Арал ауданы Сексеуіл кентінде құрылысы аяқсыз қалған саябақтың қазіргі халі мүшкіл, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
Әу баста бұл жер жасыл желекке оранып, көпшілік серуендейтін орынға айналады деп жоспарланған болатын. Абаттандыруға бөлінген аумақтың жобалық құны 125 млн теңгені құраған еді. Алғашында 5 млн теңге қаржы бөлініп, оған тиісті жұмыстар жүргізілген. Десе де, мердігерлер межеленген жұмыстарды толық орындамаған. Жақында ғана журналистермен жүздескен Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев бұл мәселе бойынша қажетті шаралар атқарылатынын айтты.
«Биыл аудандағы тіректі елді мекендерді одан әрі дамыту жоспарда тұр. Оның ішінде Сексеуіл кенті де бар. Жалпы, өткен жылы Арал қаласында облыс әкімінің қолдауымен рәміздер алаңы ашылды. Ал аудан орталығындағы шағын рәміздер алаңын Сексеуіл кентіне көшіріп, әлгі аумақ абаттандырылып, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Биыл қолға алатын боламыз»,- деді М.Оразбаев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда саябақтың аумағы толық қоршалған. Жақында кент жастары бұл жерді «Жастар саябағына» айналдырса деген ұсыныс көтерген еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<