«Бастаумен» кәсібін бастады

427

0

Жаңақорған ауданында «Бас­тау» жобасына қатысушылар қатары мол. Олар бизнес сауат­тылықтарын арттырып, мемлекет қолдауы арқасында кәсіп­терін ашуда.

Жобаның аудандық үйлестірушісі Заура Қарабалаеваның айтуынша, былтыр ауданда 195 азамат оқытылып, оның 140 жобасын сәтті қорғап шыққан. Оның ішінде 108 жоба қаржы­ландырылды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Ахметов өткен жылы «Бастау» жобасын сәтті бітіріп, өз кәсібін ашқан болатын.

Балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, қашау, шапқы, егеу, пышақ секілді бұйымдар Даниярдың күнделікті еңбек құралы. Шебер ағаштан ою ойып, көркем бұйым жасайды. Жаңақорғандық азаматтың бұл кәсіппен айналысқанына да 10 жылдан асыпты. Еңбек өнімділігін арттыру үшін шебер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кеңес алып, «Бастау» жобасы аясында оқыды. Оны сәтті қорғаған ұста 2,5 млн теңге несие алып, қажетті құрал-саймандарын алады.

«Бұл жұмысымның тез жүруіне сеп болды. Қасымда бір жұмысшы бар. Екеуміз күнде тапсырыс қабылдаймыз. Балабақшаға қол жуғыштар, өзге де түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасаудамыз», – дейді ұста.

Данияр бүгінде ағаштан қол жуғыш, сандық, үстел, кітап сөрелері сынды түрлі бұйымдар жасайды. Алдағы жоспары үлкен ағаш шеберханасын ашу. Аудан тұрғындарынан түскен тапсырысты дер кезінде орындап, қызмет аясын кеңейту.

Айта кету керек, биыл облыста «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 250-і жаңақорғандық үміткер. Жоба қатысушылары 1 ай мерзімде 12 модуль бойынша білім алады. Модульдер кәсібін енді бастап жатқан азаматтар үшін барынша пайдалы. «Бастауды» үздік тәмамдап, өз жобасын сәтті қорғағандар 19 млн теңгеге дейін жылдық 6 проценттік мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыруға және бизнес ашқан соң жан-жақты қолдауға ие болады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

 «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<