Атамыз қазақ Алла берген үлкен сый өмірді – сынақ, ал тағдырды – күрес деп тұп-тура тауып айтқан. Мына жалғанда мақсат-мұратсыз, мән-мағынасыз күн кешіп жүргендер аз емес. Керісінше бар күш жігерін білімі мен қабілетін туған жерді түлетуге, ел еңсесін тіктеуге арнаған азаматтар баршылық. Солардың бірі Тереңөзек кентінің тумасы, өмірінің соңына дейін халық үшін аянбай еңбек еткен, ел болашағын ойлаған ардақты азамат Расул Әбутәліпұлы Есенов еді. Қайран қысқа ғұмыр қыршын азаматты 40 жастың қырқасына шыққанда қапыда қалдырды. Оның әлі де туған елге берері мол еді.
Үнемі жайдары қалпы күлімдеп, адам атаулыға жақсылық жасауға дайын тұратын Расул жас кезінен еңбекқор болып өсті. Әкесі Әбутәліп ұлағатты ұстаз, анасы Бақыт апа халыққа қызмет көрсету саласында жемісті еңбек еткен, аудан халқының құрметіне бөленген жандар. Екеуі де қоғамдағы кез келген кемшіліктерге төзбейтін, тура айтатын, игі істерімен танымал бүгінде зейнеткер кісілер. Балаларын да барынша адал, бауырмал, еңбеккеш болуға баулыды. Сол тәрбиенің арқасында Расул талапшыл, ізденімпаз, бейнеткеш болып өсті.
Сонау 1990 жылдары ол «Углесбыт» ЖШС-ін құрып, елді көмірмен қамтамасыз етті. Кейінірек іскер азамат аудан халқына арнап құрылыс материалдары дүкенін ашты. Шаруашылық пен кәсіпорындарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін станция салды.
Аудан көлемінде тұрғын үй салу жұмыстары басталғанда Расул Есенов қажетті мамандарға және тұрмысы төмен отбасыларға арналған үйлерді салуға құлшына кірісті. Бүгінде бірнеше отбасы Расул салған үйлерде тұрып жатыр. Жергілікті меценат ретінде де оның тындырған еңбектері зор. Аудан көлеміндегі мәдени-спорт шараларына үнемі демеушілік жасады. Қалжан ахун, А.Тоқмағанбетов ауылдарындағы «Тағзым» алаңдарын күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғыртты. Қалжан ахун ауылдық округі әкімдігінің ғимараты мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ үшін «Құмкөл» кенішінде шағын қалашық тұрғызуға ықпал жасады.
Суармалы егістік алқаптарына су жеткізу үшін қажетті құрылғылармен жабдықталуы және каналдардың су өткізу қабілетінің жоғары деңгейде болуына да атсалысты. Қалжан ахун, «Шаған», «Іңкәрдария» елді мекендерінде, сондай-ақ Шиелі ауданына қарасты «Сұлутөбе» каналын тазалап судың іркіліссіз келуіне ықпал жасады. Өзі де кент маңайы жанынан мал бордақылау кешенінің құрылысын салып, төрт түлік асырауға, сонымен қатар егін егуге жер дайындады.
Халық қамын ойлаған Расул Әбутәліпұлы аудан орталығында күріш ақтайтын зауыт ашып, оның өнімдерін өзге облыстар мен тіпті көрші мемлекеттерге экспорттауды қолға алды. Осы зауыт арқасында кенттегі біраз азаматтар жұмыспен қамтылды. Әттең «екінші күріш ақтайтын зауыт ашсам» деген игі жоспарын асыл азамат іске асыра алмай қалды. Сондай-ақ «Аудан орталығынан 80 орындық заман талабына сай монша салып, ел игілігіне берсем» оған қоса «кенттегі 2-3 көшені жеміс ағаштарымен жайқалтсам» деген асқақ армандарына да қысқа ғұмыр мұрсат бермеді.
Ел мүддесін әрдайым жоғары қоятын Расул Есенов аудан орталығындағы қайырымдылық іс-шараларына да белсене араласты. Мешіт құрылысына қажетті материалдарды алып берді. Жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түліктен көмектесті. Бүкіл әлемді абыржытқан пандемия кезінде облыстық және аудандық ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараттарын, оттегі балондарын алып берді. Бейіт-қорымдарды қоршауға нақты көмектерін аямады. Мұқтаж жандарға қол ұшын беруге қай кезде де дайын тұрды.
Осындай игі істері мен тындырымды тірліктері оны абырой мен беделге, құрмет-қошеметке бөледі. Еңбеккештігінің арқасында халық сеніміне ие болып, 2 рет облыстық мәслихат депутаты болды. Талай мемлекеттік марапаттарды иеленді. Бірнеше рет «Жомарт жүрек» аталымы бойынша Алғыс хаттар алды, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанды.
Артында өшпестей із қалдырған, үлгі-өнеге көрсеткен ардақты азаматтың адал жары – Гүлмира, қыздары – Фатима, Рахима, ұлдары – Фархат, Рахат және немерелері оны әрдайым мақтан ете алады. Себебі ол туған жері мен елі үшін зор еңбек еткен азамат болды.
Биыл ардақты азамат тірі болғанда ердің жасы 50-ге келер еді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Жақсының атын жаңғырту елге жасаған еңбегін дәріптеу мақсатында Расул Әбутәліпұлы Есеновке көше атауын беру игілікті іс болар еді. Ең бастысы – ардақты азамат атаусыз қалмаса игі…
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер-журналист.
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<