Икемді жұмыс кестесі туралы естігеніңіз бар ма? Бұл жайында көбі білмеуі мүмкін. Отбасымен қатар жұмысын да істеп жүрген нәзік жандылар үшін өте тиімді. Сонымен мұндай жұмыс кестесін кімдер қолдана алады?
Бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметшілер икемді жұмыс кестесіне көшкен. Тәулігіне тиісті 8 сағатты өз ыңғайына келтіріп, жеке өмірі мен отбасына уақытын арнай алады. Жаңа жүйе бойынша кесте жасағандардың бірі – облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Әлия Хожбанова. Бұл салада қызмет еткеніне 19 жыл толыпты. Үш баланың анасы түскі үзілісті қысқартып, кешкілік жұмыстан ерте қайтуды дұрыс деп шешкен. Соның арқасында бір баласын мектептен, 2 кішкентайын бөбекжайдан уақытылы алып жүр.
– Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы №120 бұйрығымен мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан, аралас қашықтан, икемді режимде жұмыс істеу қағидалары бекітілген болатын. Қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс уақыты режимі мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санатының кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы кестені қамтамасыз етеді. Ол жұмыскердің өтініші негізінде жұмыс берушінің актісімен белгіленеді. Себептері уақыт режимі және икемді жұмыс уақыты кезеңі көрсетіледі. Өтініш «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы не персоналды басқару жөніндегі ведомстволық ақпараттық жүйеге беріледі. Мұндай режимді қолдану кезеңі 6 айдан аспауы тиіс. Кадр қызметі уақытты бақылау және есепке алуды жүргізеді. Маған өткен жылдың 1 ақпаннан бастап 6 ай мерзімге икемді жұмыс уақыты режимі белгіленді. Тағы да қажеттілік болғандықтан мерзімін алты айға ұзарттым. Түскі үзіліс уақытын 1 сағатқа қысқартып, балаларымды балабақшадан уақытылы аламын, – дейді ол.
Икемді жұмыс кестесін мемлекеттік қызметшілермен қатар еңбек шарты негізінде жұмыс жасайтындар да пайдалана алады.
– Жұмыс уақыты әдеттегідей 8 сағат. Бұл форматтың артықшылығы – қызметкер өзіне жүктелген 8 сағатты ыңғайына қарай қоя алады. Көпбалалы немесе асыраушысынан айырылған жартылай отбасы, үйінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ата-аналар осы кестемен жұмыс жасауына болады. Дегенмен бір нәрсені ескеру керек. Бұл алғашқыда 6 айға беріледі. Одан кейін қажеттілік болса, тағы создыра алады. Мұндай кесте жалақысына әсер етпейді, – дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы Жасұлан Шынтасов.
Икемді кестеге көшу үшін қызметкер «Е-қызмет» жүйесі арқылы өтініш береді. Бұл өтініш 10 күн ішінде қаралады. Басшы мен қызметкер арасында келісім-шарт орнағаннан кейін, кадр қызметі бақылап отырады. Айта кетейік, қазір аймақта 60 мемлекеттік қызметкер икемді кестемен жұмыс істеуге көшкен.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<