Көгілдір отын – көптің игілігі

2358

0

Шиелі ауданының Ы.Жақаев ауылы 2018 жылы аймақтағы ауылдар арасында алғашқылардың бірі болып газға қосылды. Көптеген отбасы от жағып, күл шығару машақатынан құтылды.

Иіркөл ауылдық округіне қарасты елді мекен тұрғыны Ләззат Парманқұлова мұның тиімділігі орасан екеніне көз жеткізіп үлгерді.

– Талай жыл бойы отын, көмір сатып алып жүрдік. Үйіміз үлкен. Он шақты адам тұрамыз. Оны жылыту оңай емес. Бір көлікке тиелген отынның құны – 30-35 мың, көмірдің тоннасы 15-16 мың теңге шамасында. Пешті күздің қара суығынан бас­тап көктемге, күн жылығанға дейін жағатынбыз. Бұл дегеніңіз – қыруар шығын, – дейді ол.

Екі жыл болды, кейіпкеріміз қалақ ұстамайды, қолына күйе жұқпайды. Ауылға газ келгенде қатты қуанды. Онысы бірақ қалтаға аз салмақ түсірген жоқ.

– Пеш алып, газды үйге кіргізу, қосу сияқты жұмысқа 700-800 мың теңге аралығында қаржы жұм­садық. Сол үшін банктен несие алуға тура келді. Көп болса, бір шығын­даласың. Есесіне үйің таза, уақытың үнемделеді, – дейді ауыл тұрғыны.

Табиғи отын Шиелінің басқа да елді мекендеріне біртіндеп тартылуда. Аудандық тұрғын үй-коммуналық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Ы.Жақаев ауылында – 260, Бидайкөлде 210 үй тұрғындары соның қызығын көріп отыр. Байсын елді мекеніне биыл құбыр жүргізілуде.

– Шиелі кентінде 6384 өтініш тіркелсе, соның ішінде 6351 үй бүгінде газбен жылытылады. Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдарына байланысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп, облыстық басқармаға бюджеттік өтініш жолдадық. Мұндай жұмыс Еңбекші, Жиделіарық, Досбол дат­қа, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендері бойынша да атқарылуда, – дейді бөлім басшысы Дана Смаханұлы.

Игі бастаманы жоғары қар­қынмен жалғастыруға ауылдардың аудан немесе қала орталығына жақын орналасуы да әсер етеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Ерлан Жоламановтың айтуынша, Шиелідегі Ы.Жақаев, Бидайкөл елді мекендерінің тұрғын­дары бюджет кезегін күтпей, өздері ақша шығарды. Бұл істі басқалар іліп әкетті. Бүгінде Қызылорда қаласының іргесіндегі Абай, Досан, Қарауылтөбе ауылдарының халқынан сұраныс бар.

– Шамамен 100 түтіні бар ауылдарға автоматтандырылған газ тарату станциясын немесе АГРС салудың қажеті жоқ. Елді мекен маңынан құбыр өтіп тұрса, газ жеткізуші компанияға ақысын төлесе болды. Бұл – орта есеппен 250-280 мың теңге аралығында, – дейді Е.Жоламанов.

Оның сөзінше, облыс орта­лығының айналасындағы ауыл­дарда «көгілдір отын» түгел дерлік бар. Қалып тұрғаны – «Наурыз» шағын ауданы. Мұнда газ әкелу үшін қыруар қаржы керек. Ол жөнінде келесі жылдың бюджеті есебінен сұраныс жасалып отыр.

Өңірді газдандыруды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы 2004 жылы бастады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралі салынғалы Арал, Байқоңыр қала­лары, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттеріне де табиғи отын апарды. 2017 жылы Қызылорда қаласының Әл Фараби көшесінде, 2018 жылы Қарауылтөбе ауылдық округінде жұмыс жүргізілді.

– 2020-2025 жылдарға арналған ин­вестициялық бағдарламаға сәй­кес тех­никалық жабдықтар тү­гел жаңарды. Бүгінде облыс орта­лығындағы Қорқыт ата және Сая­хат шағын аудан­да­рында халықты газбен қауіп­сіз­дік тұрғысынан үздіксіз қамту ба­ғытында тиісті шаралар атқары­лып жатыр, – дейді филиал дирек­торының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлов.

Облысты газдандыру үлесі 2015 жылға дейін 34 процент болып келді. «ҚазТрансГаз Аймақтың» жұмысты үдетуі арқасында көрсеткіш бір жылда 63 процентке бір-ақ көтерілді.

Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кентінің халқы көп ұзамай «көгілдір отын» игілігін көреді деп күтілуде. Қазалы ауданының Қазалы қаласы мен Ғ.Мұратбаев ауылына да әне-міне дегенше газ барады. Қазіргі кезде Жалаңтөс баһадүр, Қ.Пірімов елді мекендері бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Арал ауданындағы 15 мыңға жуық адам тұратын Сексеуіл кентінде АГРС салу жоспарланған. Мамандар мұндай станция айналасындағы 15 шақты елді мекенді газдандыруға мүмкіндік беретінін айтып отыр.

АГРС-тың басты міндеті – табиғи, ілеспе газдың жоғары қысы­мын біршама төмен түсіру және оны қажетті деңгейде ұстап тұру. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы осы орайда елдің аузындағы «газ сапасы нашарлап кетті» деген екіұшты пікір оның сапасына қатысты екенін мәлімдеді.

– 100 абонент қосылатын жерге екі есе артық абонент жалғанған жағдайлар кездеседі. Ондай кезде газ жетпейтіні түсінікті. Үй жылымай, тамақ пісіру қиынға соғатын кез – қыстың қатты суық айлары. Бәріміз Бейнеуден келетін газды тұтынып отырмыз. Сондықтан сапасына қатысты сын еш қисынсыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Көпшіліктің қаперіне салатын нәрсе, әрбір тұтынушы үйіндегі есептегіштің жарамдылық мерзіміне назар аударуы тиіс. Ал электронды аспапты механикалық құралға сіздің өтінішіңізбен «ҚазТрансГаз Аймақ» тегін ауыс­тырып береді.

– Бірақ осыдан кейін газға ақы төлеуден жалтаратындар күрт көбейді. Өйткені механикалық есептегіш төлесе де, төлемесе де айнала береді. Электронды аспап олай емес. Карточканы толтырмаған жағдайда газ беру тоқтатылады. Коммуналдық берешек иелері арасында газ тұтынушылардың үлесі басым. Қарыз қордаланғаннан кейін компания өкілдері, амал жоқ, үйлерді «көгілдір отыннан» ажырата бастады, – дейді Е.Жоламанов.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<