Мемлекеттік қызмет – жауапты міндет

310

0

Мемлекеттік қызметкер халық пен билік арасындағы елші сынды. Сондықтан мемлекеттік органда жұмыс істейтін әр адамның ісі мен сөзі халықтың көз алдында.

Мемлекеттік қызметшінің міндеті өте жауапты. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткен «Тиімді басқару және көшбасшы жастар» атты жиында мәселе талқыға салынды. 

– Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұзбауын және оның алдын алуды Әдеп жөніндегі кеңестер жүзеге асырады. Аталған кеңес «Әдеп» кодексінің талаптарына сүйенеді. «Әдеп» кодексінде мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану керектігі жазылған. Айталық, туысыңыздың өтінішімен қызмет орныңыздағы компьютерден диплом жұмысын, іс қағаздарын шығаруға болмайды. Сондай-ақ, «қызметтік көлікпен жұмысқа келерде баламды мектепке, балабақшаға апарып салсам бола ма?» деген сауал жиі қойылады. Мектеп тура жолдың бойында болса да, бұл іске заң рұқсат етпейді. Себебі, балалар басқа бүлдіршіндердің арасында «менің әкем – басшы» дегендей сезіммен жүруі мүмкін. Бұл олардың арасында бәсекелестік, менсінбеушілік туғызады.

Мемлекеттік қызметкерлерде жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі – көлік ішінде қауіпсіздік белдігін тақпауы. Елде, ең алдымен, мемлекеттік қызметкер заңға бағынуы керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желіні қолданудың да талаптары бар, – деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары  Берікбол Байхожаев.

Ал Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжмаханов басшының іскерлік қасиеті, мінезі туралы сөз тарқатты. Қызметте абыройлы болу адамның өмірлік мақсатымен тікелей байланысты екеніне, басшының керітартпа, ашушаң мінезі тұтас жүйеге әсер ететініне тоқталды. Жиында мемлекеттік қызметшілер мен жас көшбасшылардың қабілет-қарымын қалыптастыру, дамыту турасында «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиал төрағасының орынбасары Әнуар Тоқтамысұлы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Абылайхан Сабанбаев ұсыныстарын жеткізді. 

Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан жиында жұмысқа жауаптылық мәселесі де қозғалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<