Мұнай ұрлығы бойынша сот ісі басталды

621

0

 

блыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мұнай ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан топтарға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. 

Сот алдында 21 адам. Олардың ішінде кәсіпкерлер, мұнай компанияларының жұмысшылары мен күзет фирмаларының қызметкерлері, сонымен қатар, оларға «қамқорлық» көрсеткен құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары бар.

Оларға бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Атап айтсақ, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оларға басшылық ету, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, құбырларды қасақана зақымдау немесе қирату, мұнайды және мұнай өнімдерін шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау, қайта өңдеу және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану бойынша айыпталуда.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Асхат Сабыров 149 томнан тұратын қылмыстық істі өзі жүргізді.

Алдын ала тыңдау кезінде 9 айыпталушы өз істерін толық мойындады, алтауы жартылай, ал 6 айыпталушы өздеріне тағылған айыппен келіспей отыр. Олардың мүддесіне 21 адвокат және 7 қоғамдық қорғаушы жұмыс істеуде.

Айта кетейік, өткен жылдың 16 мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе Қызылорда облысы аймағында заңсыз мұнай айналымына қатысы бар қылмыстық топтардың құқыққа қайшы әрекеттерінің жолын кескен болатын. Тексеру нәтижелері көрсеткендей, өңірде екі ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олардың бірі «Жыланды қыр» және «Қоныс» кен орындарынан көмірсутегі шикізатын ұрлап, «Тұзкөл-Құмкөл» және «Шымкент-Павлодар» кен орнының мұнай құбырларын зақымдаған. Ал екінші топ ұрланған мұнайды әрі қарай өткізуді жүзеге асырып отырған.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<