Қамбаш жағалаудан неге жылыстады?

1778

0

Өкінішке қарай кеше ғана шалқыған көл жағалаудан жылыстап, өзіне жарасымды күйінен айырылғандай. Әйтеуір, биыл үнсіз, биыл тыныш, биыл жар мүжитін шапшыған толқын жоқ. Әлдебір ырымға сенетін ауыл үлкендерінің айтатынындай бар. «Қамбашқа көз тиді».

Бұл – облыстағы ең үлкен көл. Аумағы 178 шаршы шақырым. Ені – 30, жағалау ұзындығы 115  шақырымға дейін созылып жатыр. Ең терең жері 10 метрге дейін баратын көрінеді. Қамбашқа Совет жарма мен Жасұлан каналы арқылы су келеді. Бұдан бөлек, Қамбашты суға толтыруға Тәуіп жармасы да өз үлесін қосады. Мұнда сазан, алабұға, шортан, тісті мен дөңмаңдай, тағы басқа балықтар кездеседі. Көл бетінде қаз-үйректен де өзге қанаттылар, жиектегі қамыс арасында ондатр, жабайы шошқа да бар. Көл қасында  орналасқан Қосжар ауы­лында балық өсіру питомнигі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлер ұсынған демалыс орны – жағажай жаздың сәні. Бірер жыл бұрын оқушылардың қосымша білім алуына қажет орталық та бой көтерген еді.

Бұның бәрін санамалап неге айтып отырмыз. Аралдан кейінгі балық шаруашылығына үлкен үлесі бар көлдің биылғы жағдайы ушығып тұр.

– Әр жері әрқалай, кей жері жағалаудан – 250, енді бір жері 300 метрге дейін қашқан. Тереңдігі де екі метрге түсіп кеткен сияқты. Мен енді маман емеспін, бірақ, туғалы осы жердеміз ғой. 1998 жылы да осындай өрескел судың тартылуы болды. Қазіргі ахуалы да маған ұнамайды, – дейді Қосжар ауылының тұрғыны Әбілқасым Шағанбаев.

Басты себеп – бәріне түсінікті. Көлге өз мөлшерінде су түспеді. Сырдарияның сиқы жүдеу. Бұрын арқырап жатпаса да, арынынан айырыла қоймаған өзен көктем басталғалы ерекше тартылды. Тіпті, өзеннің қақ ортасынан құмшауыт аралдар пайда болып, кейбір жайпауыт тұстан адам да, мал да кешіп өте берді. Таңғалдық. Ең қиыны, диқандар судан тарықты. Сырдарияны сарқып алғандай қылып, егіске суды әупірімдеп жеткізгендей болдық-ау.

89 мың гектар

тым көп пе?!

Республикалық «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорны жыл сайын алдын ала болжам жасайды. Биыл Сырдарияда су аз болатынын мамандар айтыпты. Ауызша да айтпаған, арнайы хат жолдаған. Биылғы жылдың 2 ақпанындағы №08-08/357 санды хатында ҚР өзендер бассейндерінің консультативті алдын ала  гидрологиялық болжамы бойынша 2020 жылдың су пайдалану маусымында Сырдария өзенінде су аз болатынын жазбаша нақты көрсеткен. Осыған байланысты, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы тарапынан облыс әкімінің орынбасарына және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне егіс дақылдарын биік жерлерге орналастырмай, су көзіне жақын жерлерге орналастыру қажеттігі туралы ескерту хат та жолданған. Хатта қосымша көрсетілгендей, күрішті бекітілген егістік көлеміне сәйкес егілуіне ықпал жасау туралы да айтылыпты. 

Осы жылдың 26 наурызында  облыс әкімінің орынбасары Б.Намаевтың  төрағалығымен, жос­парланған егіс көлемін суармалы сумен қамтамасыз ету туралы жиналысында инспекция басшысы Ә. Қарлыхановтың «Сырдария өзенінен алынатын суармалы суды вегетация кезінде облысқа жеткізу мәселелері» туралы  хабарламасына сәйкес, 2400 гектар күріш дақылын қысқарту туралы мәселесі шешімін тапқан еді. Ал 28 сәуірде облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов төрағалық еткен 2020 жылғы егілетін егісті суармалы сумен қамтамасыз ету және күріш егісінің көлемін оңтайландыру туралы мәжілісінде инспекция басшысының орынбасары Ж.Нұрсейтов «Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы» туралы баяндама жасады. Мұнда да су жетпеу мәселесі қаперге алынып, аймақ бойынша тағы 5000 гектар күріш дақылын қысқарту жөнінде шешім қабылданды. Бірақ, облыс бойынша жоспарланған 87241 гектар күріштен жоғарыда айтылған екі жиындағы 7400 гектар егіс көлемі қысқартылмай, нақты 90000 гектарға жуық күріш егіліпті. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы берген мәлімет осылай сөйлейді.

Байқап отырғанымыздай, егіс көлемін жоспардан асырып орналас­тыру салдарынан Сырдарияда су тапшылығы орын алған. Әрі өзен бойында орналасқан көлдерге су жеткіліксіз барып, ондағы  дең­гейдің түсуінің бір себебі осында. Қамбаштың тартылуы да төбеден түскендей таңғажайып емес, осыған байланысты болса керек-ті. Ал инс­пек­цияның мәліметінше, енді өзен бо­йындағы көлдерді  сумен толтыру күз-қыс айларына жоспарлануда.

Сырдария сарқылмасын десек…

Су тапшылығынан құтылудың бір көзі – егінді әртараптандыру. Бұл – түрлі суды аз қажет ететін дақылдар түрін көбейту деген сөз. Әйтпесе, Қамбаш тұрмақ, Кіші Арал идеясының шаруасы шатқаяқтап кетуі де мүмкін.

Жалпы Сырдария әр жылда әрқалай ағып жүр. Ал сала мамандарының есебінше, биыл су пайдалану маусымында облыс шекарасындағы «Көктөбе» бекетінен өтетін аймаққа тиесілі судың көлемі 6,7 млрд текше метрден аспайды.

Одан кейін айтатын жайт, барлық су сарқылып егінге кетсе, суармалы шабындық жерлер бұдан құр қалады. Ар жағы түсінікті, тақырға айналып, ақ шаңдағы бұрқырайтын нәрсіз өлкеге айналады. Бұдан кейін, жем-шөп бағасы да тым аспандары анық. Өйткені ауылдағы ағайын бұрын көл жағасындағы құрақты орып алып, қыста алдындағы қарасын сонымен тойдыратын. Ал биыл Қамбаштан бөлек, көп көлдің қуарып тұрғаны тағы белгілі.

Экологтардың айтуынша, өзен суын көбіне-көп егінге пайдалану тым қиянат. Оған дәлел, Кеңестік кезеңдегі Сырдария бойын жаппай егін шаруашылығына пайдалану теңіздің біртіндеп тартылуына әбден себеп болған. Осыны түсінбей, әлі де дария суын сарқи берсек, ертеңгі еншінің қалай боларын болжау қиын!

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<