Сауалдар мен өтініштер жауапсыз қалмайды

313

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен брифинг өтіп, онда аймақ басшысының кезекті есеп беру кездесуінің нәтижесі туралы баяндады.

Қуанышбек Досмайылұлының айтуынша, облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде тұрғындар көп шоғырланған жерлердегі 183 жәшік, «Call-орталығы» және сайт арқылы барлығы 426 ұсыныс-пікір түскен. Қазіргі кезде өтініш иелеріне жауап берілуде. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті және қаржы талап ететін маңызды 32 мәселенің тізбесі әзірленді.

– Барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулерін Қызылорда облысы өңірлердің ішінде бірінші болып аяқтады. Жалпы облыс бойынша 157 есепті кездесу өткізіліп, оған 25 907 тұрғын қатысты. Есепті кездесулер барысында тұрғындар тарапынан 413 ұсыныс-пікір айтылды. Олардың 214-і экономикалық және 199-ы әлеуметтік сипаттағы мәселе, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, есепті кездесуде аймақ басшысы тек 2017 жылы ғана емес, сонымен бірге, соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырған болатын. Осы орайда, әкімдік мәслихатпен бірлесе отырып, «Нұр Отан» партиясы филиалы және Қоғамдық кеңестің қатысуымен шешім қабылданып, 2018 жыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғанын айта кету қажет.

Сондай-ақ, кездесу барысында залдан және бейнеконференция байланысы арқылы 18 ұсыныс-пікір айтылды.

– Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімінің халыққа есеп беру кездесуі ағымдағы жылы 14 ақпанда Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өтті. Есепті кездесу мазмұны жағынан да, техникалық сүйемелдеу жағынан да озық болды. Ашықтықты қамтамасыз ету және мейлінше көп халықты тарту үшін барлық технологиялар қолданылды,– деді Қ.Ысқақов.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<