Мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты түрде запасқа шығару рәсімі өтті.
Бұл шара үлкен жауапкершілік пен тәртіпке негізделген әскери өмірдің бір кезеңінің аяқталғанын білдіреді. Отан алдындағы әскери борышын өтеу әрбір ердің – азаматтық борышы. Ал енді сол міндетті абыроймен атқару – жігіттің жүрегін түкті, ерік-жігерін мықты етеді. Сарбаздар бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын бойларына сіңіріп, әртүрлі ауқымдағы тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты. Жаңа машықтарды игерді. Қаруды дұрыс қолданып, нысананы дәл көздеуді үйренді. Отан алдында борышын өтеу кезінде сарбаздарымыз әскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Олар бірнеше мәрте іс жүзінде жоғарғы жауынгерлік машықты паш ете отырып, киелі Қызылорда шахарында қоғам тыныштығын қырағылықпен күзете білді.
Салтанатты жиында бөлім командирі полковник Ерген Бастамиев жеке құрамды маңызды іс-шарамен құттықтап, сөз сөйледі. Сөзінде: «Елім деп еңіреп туған ерлердің ерлігі мен елдігі еш уақытта елеусіз қалмайтыны анық. Осындай атаққа жетіп, ел тарихында аттарың қалатын батыр ұл болуларыңа тілектеспін. Сіздердің әрқайсысыларыңыз кез келген уақытта Отан қорғауға дайын болатын азамат болғандарыңызға сенімдімін. Мен үйіне қайтамын деп жатқан барлық сарбаздарға, олармен бір жыл бойы бірге болған барлық офицерлер мен сержанттарға алғысымды айтамын. Ата – аналарыңызға нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеген үшін ризашылығымды білдіремін»,- деді.
Қызметтік міндеттерді адал орындап, жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген сарбаздарға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.