Төлемдер тіршіліктің өлшемі бола ала ма?

1606

0

Фото: ашық дереккөз

Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі» екенін баса айтты. Халықты қолдауға арналған әлеуметтік заңдарға биыл бірқатар өзгеріс енді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш көбейді. Жәрдемақылар артты ма? Өссе, қанша процент? Облыста 23 388 тұрғынның мүгедектігі бар, оның 5 342-сі − балалар. Оларға қандай қолдау болмақ? Таразылап көрейік.

Елімізде «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес қаңтар айынан бастап әлеуметтік көрсеткіштер белгіленіп, төлемдер мөлшері қайта қаралған.  Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 3063 теңге болса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 36018, зейнетақы 46302, ең төменгі жалақы  60000 теңге болды. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау  және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айгүл Маханова былайша тарқатты:

− Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына  байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы артты. Сондай-ақ I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға, ауыр және зиянды жұмыс істеген жандарға төленетін мемлекеттік арнайы жәрдемақыларға да өзгеріс енді. Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7%-ке артты. Облыс бойынша 238,4 мыңнан аса зейнетақы және жәрдемақы алушының төлемдерінің мөлшері қайта есептелініп, қаңтар айынан бастап төленуде. Биыл әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 60 жас 6 айды құрайды, − дейді ол.

Балалар жәрдемақыларының мөлшері де артқан. Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері  бірінші, үшінші балаға 116394 теңге, ал төрт және одан да көп бала туғанда 192969 теңгеге көбейді. Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты бірінші балаға 17643 теңге, екінші балаға  20859 теңге, үшінші балаға  24045 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 27261 теңгені құрайды. Ал 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар  көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланып, төленеді. Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әрбір балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.

Атап айтқанда, биылғы жылға 4 баласы бар отбасыларға 49100 теңге, 5 балаға 61383 теңге, 6 балаға 73666 теңге, 7 балаға 85948 теңге,  8 балаға 98 016 теңге, 9 балаға 110 268 теңге, 10 балаға 122520 теңге және әрі қарай, бала санына қарай есептелініп, төленуде.

«Күміс алқа», «Алтын алқа» иеленген аналар биылдан бастап 6,4 айлық есептік көрсеткіш немесе 19 603 теңге жәрдемақы алады.

Бұл жаңалық көпбалалы аналарды қуантты. Қала тұрғыны  Қымбат Тәжиева − 7 перзент өсіріп отырған Батыр ана. «Күміс алқа» иегері осы айда 105 мың теңге жәрдемақы алыпты.

− Жәрдемақының көбейгенін аңғардым. Қазір баланың киімі үлкендер киімінің бағасымен шамалас. Азық-түлік те шарықтап тұр. Әлеуметтік заңға өзгеріс енуі дер кезінде көрсетілген қолдау деп ойлаймын. Үнемдеп бәріне жеткізуге тырысамыз. Балаларды қосымша үйірмелерге бергім келеді. Қаражат қол байлап тұр. Кішкентайым үш жасқа толса жұмыс істеймін, − дейді Қымбат. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар заңнамаларға өзгеріс енгізілгенін жоғарыда айтып өттік. Бұл өзгертулер мен толықтырулардың аясында олардың күтушілері де көбейген жәрдемақы алуда.

− «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңына келесідей өзгеріс енді. Бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға 1,40 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жаңадан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Аталған жәрдемақы жеке көмекшінің қызметімен қамтылмаған, бөгде адамның тұрақты күтіміне мұқтаж I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған және туыстық қатынастарына қарамастан тағайындалады. Бірақ I топтағы мүгедекке күтім жасаушы ретінде айқындалған адам екеуі бір елді мекенде тұруға тиіс, − дейді Айгүл Байтұрсынқызы. 

Бұған дейін аталған жәрдемақы 18 жасқа дейін мүгедек балаларды тәрбиелегені үшін ата-анасына, қамқоршысына  және  бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға 1,40 ең төмен күнкөріс деңгейінде төленіп келді. Облыс бойынша  өткен жылы І топ мүгедегіне  күтім жасайтын 309  адамға  48023  теңге  берілсе, биыл бұл қаржы 50426 теңгені құрайды. Аталған жәрдемақы осы айда 49 адамға тағайындалған. Жылдың тағы бір өзгерісі елімізде мүгедек балалар 16 жастан бастап 18 жасқа дейін топтарға бөлінетін. Енді оларды сырқатының ауырлық дәрежесіне қарай 7 жастан 16 жасқа дейін бөлмек. Облыс бойынша  3080 балаға мүгедектік топ белгіленіп, олар алатын жәрдемақының  мөлшері 37 % ұлғайған.

Сонымен қатар, заңда мүгедек балаға, бала кезінен мүгедек адамдарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, ата-анасының біреуі қайтыс болған жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу құқығы  көзделген. Бұл өзгерістер  асыраушысынан айырылған және отбасы құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыс бойынша 208 отбасы осы жәрдемақыға ие болды. Мұнан бөлек, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына да өзгерістер енді. Онда зейнетақы  төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа дейiнгi мүгедек  балаға күтім жасау кезеңі 18 жасқа дейін ұзартылды.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Сиюов салада шешімін күткен мәселе көптігін айтады. Жыл басталмай жатып 30 мүгедек қоғамдық қабылдауға келген.

− Мүгедек жандардың еңбекке жарамдылары бұған дейін қоғамдық негізде жұмыс істеп 42500 теңге жалақы алатын. Енді бұл қаржы 60 мың теңгеге көбейгелі көп адам жұмыссыз қалып отыр. Себебі мекемелер қаржыларына өзгеріс енгізбеген. Бұрын үш адамды жұмысқа алған мекеме енді тек екі адамды ғана алады. Көбіне мүгедек баланы емге апаратын аналар көмек сұрап келеді. Сырқат балаға портал арқылы ем-дом шығындары өтелгенімен қасында болатын жақынына ешқандай әлеуметтік қолдау жоқ және ауруханалардағы порталды да ұзақ күтеді. Кезегі келгенше тапсырған қан талдауларының мерзімі өтіп жарамсыз болып қалады. Қайта тапсырады. Осындай мәселелер мүгедек балаға қарайтын аналарға үлкен ауыртпашылық салады. Заңға өзгерту енгізіп балаға да, анаға да жағдай жасау қажет, − дейді ол.

Бұған дейін Сағатбек облыс әкімімен кездесіп, біршама мәселе көтерген еді. Аймақ басшысы да қолдау білдіріп, қала көшелеріндегі пандустарды бірге аралады.

− Қоғамдық бірлестікке ғимарат сұрап алдық. Мақсатымыз − өз-өзіне қызмет көрсету орталығын ашу. Қазір ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін мекемелерге хат жазып жатырмыз. Артық жиһаздарын, компьютерлерін әкеліп беріп жатыр. Орталықты ашсақ, мүгедек жандардың құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіпке баулығымыз келеді. Мақсатымыз − тағдырластарыма қол ұшын созу. Жоспарымызды орындауға кірістік. Кедергі көп. Әйтсе де аймақ басшысының бізге назар аударып, қолдау білдіруі − көңілге демеу, − дейді Сағатбек Қуанышбайұлы.

Мүгедектер қоғамының ғимаратты қалпына келтіру мақсатында көпшіліктен көмек сұраған жазбасы желіде жарияланды. Мәселеге бей-жай қарамаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова арнайы барып, қоғамдық бірлестіктің жағдайымен танысты. Облыстық волонтерлер офисінің еріктілері атынан екі компьютер сыйға тартты. Бастамаларына қолдау білдіріп, ғимаратқа керек жабдықтарға қол жеткізуге жәрдемдесетінін жеткізді.

«Көмекке шынымен мұқтаж адамдар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс» деді Президент Жолдауда. Қоғамға өзгеріс әкелетін заңдарға халықтың артар сенімі мол.  Оларды жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, рухын көтеру әлі де маңызды түйткіл болып қала бермек.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<