Ұрпақ тағдыры тәрбиеге тәуелді

1625

0

Еліміз тәуелсіздігін алып, тарих қойнауында қалған рухани құндылықтарымыз қайта жаңғырып, күллі жаһанға танылсақ та, бүгінгі қоғамда шешуін таппай жатқан проблемалар баршылық. Қазір қоғамды ерекше алаңдатып отырған мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, қылмыс.


Бағамдап қарар болсақ, қыл­мыс әлемі тым жасарып келеді. Бұрын тек үлкендер баратын қылмысты қазір кіші де жасайтын болды. Әсіресе, кейінгі жылдары өрімдей жастардың көз көріп, құлақ естімеген қылмыстарға ба­­руы, олардың бойында тағы­лық пен қатыгездіктің белең алуы бүгінгі күні көз үйрен­ген кө­рініске айналып бара жатқандай. Жасөспірімдер небір қылмыстар жасай отырып, тек өз жеке басына ғана зиян келтірмейді, ең алдымен отбасы қатты қасірет шегеді, туыстарына, айналасына, жалпы қоғамға зиянын тигізеді. Осының бәрін біле отырып, бұл мәселеге бейжай қарау, болашаққа алаң­дамау мүмкін емес. «Бала тәр­биесі басты байлығың, кешіксең, көретінің қайғы-мұң» деп кезінде дана Абай бекер айтпаған. Тәр­бие уысымыздан шығып кетті ме, мүмкін, бала тәрбиелеу технологияларын өзгертуіміз керек шығар. Әлде осы құбылыстың бәрін саралау, талдау өз деңге­йінде емес пе? Сұрақ көп, оның жауабын жан-жақты іздеу, осы мәселеге атүсті қарай алмайтын баршамыздан талап етіледі.


Сондықтан басты назар кә­ме­­летке толмағандар қыл­мыс жа­сағаннан кейін емес, жас­өс­пі­рім­дер арасындағы болуы ық­тимал қылмыстардың неғұрлым алдын алуға, оны болдырмауға бағытталуы керек. Ал, бұл өз кезегінде отбасы, білім ошақтары, құқық қорғау саласы, бүкіл қоғам болып біріккенде ғана іске асады. Біз осы сөзді бұрыннан да айтып келеміз, бірақ, нәтижесі көңіл көншітерлік деңгейде емес. Қылмыс орын алғаннан кейін барып қана, оның себебін біріміз-бірімізден көріп әлек боламыз. Сондықтан да, қылмыстың әлеу­меттік те, психологиялық та се­беп-салдарына алдын ала үңіл­геніміз дұрыс болады. Әрине, жасөспірімдердің келеңсіз әре­кеттерге баруына себеп те көп: оқуға, еңбекке ынтасыздық, бос уақытты қаңғырумен өткізу, құ­мар ойындарға, есірткіге, ішім­дікке, оңай олжа табуға әуестік, тағысын тағылар. Ал, оның түпкі себебі неде?


Құқық бұзушылыққа, қыл­мыс­қа көбіне толық емес, жай­сыз отбасынан шыққан балалар барады дейміз. Бірақ, байқасаңыздар, соңғы уақытта толық, ауқатты отбасынан шыққан балалардың да қылмысқа баруы жиілеп кетті. Мұның басты себебі, кей ата-аналар өз перзенттерінің ал­дын­дағы жауапкершілігін бала­ларының материалдық қажет­ті­лігін толық қамтамасыз ету ғана деп түсінеді. Олардың жү­ріс-тұрысы мен мінезінің қалып­тасуына дер уақытында, өз дең­гейінде бақылау жасамайды, өз парызы мен жауапкершілігіне бей­қам қарайды. Мұнан бөлек, ересектер арасындағы құқық бұ­зушылықтың да жасөспірім­дер­ге кері әсері болатынын ұмыт­­пауымыз керек. Өйткені, жас­­өспірімдік шақ – адамның әр нәр­сені көргісі, білгісі келіп тұра­тын еліктегіш, албырт шағы, яғни, сын сағат.
Балалар көбіне қылмысқа же­ке өзі емес, топ болып барады. Сосын сол топтан бөлінгісі кел­мейді және топ ішіндегі бе­делі үшін олар қай нәрсеге де дайын болады. Сол ортада таң­ға­жайыптар, кереметтер жа­сап, көзге түскісі, өзін-өзі көр­сет­кісі, танымал болғысы келе­ді. Олар­дың достық туралы түсі­нігі бас­қаша қалыптасады, қоғам­дағы жаңалық, жақсылыққа еш қызық­пайды, өз әлемдері өздеріне қы­зық.
Қаншама себеп-салдар іздесек те, мұны шешудің түрлі жолын ұсынсақ та, айналып келгенде, отбасы тәрбиесі алдыңғы кезекте. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп халқымыз бекер айтпаған. Себебі, отбасының бала тәрбиесіндегі қателіктері қоғамдық тәрбиедегі қателіктерге ұласып, одан әрі шиеленісіп, ақы­ры түрлі келеңсіздіктерге апа­­рады. Сондықтан да, бала тәр­­бие­сіндегі ата-ананың жауап­кершілігіне ерекше мән беріліп, ата-ана ретінде жіберген қателігі үшін ол заң алдында жауап бе­ретіндей болуы керек.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев өзінің «Құндылық­тар құлдырамасын…» атты ма­қа­ласында әлемдегі қазіргі жағ­дай адамдардың санасының сіл­кініп, рухани қозғалысын талап ететінін айтқан. Соған сай басты мақсат – қоғамдық сананы өзгерту өзектілігін, халқымыз үшін маңызды еңбек, денсаулық, білім сынды үш мұраты жайлы айта келіп, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. «Өнегелі отбасынан тәрбие алған өскелең ұрпақ қана атамекенін ардақтап, Отанын қастерлей алады» дейді. Қоғамда болып жатқан небір қайшылықтар мен келеңсіздіктердің басым бөлігі осы отбасы тәрбиесіне байланыс­ты екендігін меңзейді.


Сонымен қатар әлеуметтік қиындықтар мен психологиялық қиындықтар да баланы қылмысқа итермелейді. Алаңдайтын бір мәселе – қоғамда қазір ажырасу көп. Мұндайда бала көбіне анада қалады, ал, ана осы сәтте үлкен депрессияға түседі. Күйзеліс бі­реуде тез аяқталса, енді біреу­лерде жылдарға созылады. Бала өзімен-өзі қалады. Ажырасу кезінде бала психикасы үлкен соққы алады. Себебі, балаға әке-шешесі бірдей, екеуі де қымбат. Олар екеуінің арасындағы себепті түсінгілері келмейді, мұны ата-ана да сол кезде емес, кейін ұғынады, көп жағдайда өкініп те жатады. Осы құбылысқа саралап қарайтын болсақ, иә, көбіне себебін әлеуметтік мәселеге әке­ліп тірейміз: жұмыссыздық, қар­жылай тапшылық, баспанасыз­дық, тағы басқалар. Десек те, бұлар негізгі себеп емес сияқты. Біздің қазақ дәстүрінде үйленер ұлды әкесі, әулеттегі аға, жез­делері, қалыңдық болар қызды анасы, жеңгелері дайындайтын. Олар екі жасқа болашақ от­басы болудың қыр-сырын, кезде­се­тін қиындықтарды жауапкер­ші­ліктерін, міндеттерін, парызда­рын үйрететін. Қазір мұның бірде біреуі жоқ. Шындыққа келгенде, екі жас отбасылық өмірге еш дайындықсыз қадам басады. Сосын кездескен қиындықтар алдында дәрменсіз болады. Кіш­кентай проблемалар келе-келе үлкейіп, отбасы шырқы бұзыла береді. Сондықтан осы мәселеге біз бүгін ерекше алаңдауымыз керек, ертең кеш болады.


«Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» дейді Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов. Қазақ отбасының ықылым заманнан келе жатқан өзіне тән ерекшеліктері бар еді, олар: отбасы мүшелерінің арасындағы ерекше ізгілік, бауырмалдылық, жарасымды сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасай білу, әу­леттің өзіндік жақсы дәстүр­лерін жалғастыру. Қазір осы құн­дылықтар барлық отбасынан табыла ма? Жоқ, жаһанданумен бірге олар да жұтылып бара жатқандай.


Өкінішке қарай, бүгінде біздің кейбір аналарымыз биліктен талап етудің жолы осы екен деп, тек айқайға басатын болды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін қағиданы басшылыққа алар болсақ, сол киелі бесік иесі – аналарымыз бейәдеп емес, сабырлы, парасатты болса дейміз. Өйткені, бала үшін алдымен анасы үлгі.
Тағы бір айтатын мәселе – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен, оның алдын алумен күресетін ювеналды полиция қызметкерлерінің біліктілік деңгейін, жауапкершілігін барынша арттыру керек. Шиеленіскен істі шешу, жасөспірімдермен про­филактикалық шара барысында олардың кәсіби де, адами да әлеуеттерінің жетіспей жататыны шындық. Негізі құқық қорғау орындарының жасөспірімдермен жұмыс істейтін саласындағы ма­мандарында тек диплом ғана емес, сонымен қатар заңды жақсы білумен бірге әділдік, адалдық, жан-жақтылық, адамгершілік, па­расаттылық, көрегенділік сынды қасиеттер керек. Бұл да ойланатын мәселе.


Жер-жаһанға танылғанымыз­бен, жаһанданудың біздің мента­литетімізге мүлде жат, келеңсіз тұстары да өмірімізге дендеп енді. Әлемде осы кезге дейінгі соғыс, экология, діни экстремизм, терроризм сынды проблемаларға қазір педофилизм де қосылып отыр. Иә, бұл бұрыннан да анда-санда қылаң беріліп қалатын құбылыс болатын, бірақ, соңғы кезде елімізде жиілеп кетті. Осы құбылыстың қоғамда дендеп ке­туінің себептері зерттеліп, түбі қайдан шығатыны айтылып жүр. Белгілі психологтардың пікір­леріне сүйенер болсақ, егер ана­сы жүкті кезінде ішімдікке, есірт­кіге, темекіге құмар болса, оның миы зақымданып, ол баланың кейбір нейрондарын бұзатындығы айтылады. Сонымен қатар бала күнінде сексуалды қысым көргендер, психосоққы алғандар, жүре келе пайда болған әйел алдында өзін көрсете алмау сенімсіздігі оларды осы қадамға жетелейтін факторлар қатарына жатады екен.


Мұндай азғындар өз құрбан­дарын таңдауда да белгілі бір критерийлерге сүйенеді. Олардың уысына тез түсетіндер, әсіресе, толық емес отбасында дүниеге келгендер, бейтаныс адамдарға тез алданатындар, өзіне көңілі толмайтындар, отбасы тарапынан мейірім көрмейтіндер, яғни, ата-ана махаббаты жетіспейтіндер, отбасында сыйластық жоқтар, мүгедектер, жетім, тым ұял­шақ­тар. Ғалымдардың зерттеуі бо­йынша педофилдар тұйық келеді, көбіне жалғыз жүреді, көпшілік ортаны қалай бермейді, ойға ал­ған жоспарын орындамай жаны саябыр таппайды. Статистикаға қарасақ, педофилдардың 30 про­центі өз туыстары, 60 проценті баланы жақсы танитындар, 10%-і мүлде танымайтындар болады де­ген болжам бар. Әрине, бұл нақты сараптама бола қоймас, десек те ойланатын жағдай. Педофилияны туабітті не жүре келе пайда болатын психологиялық ауытқу деп қарайтын болсақ, осы бағытта жұмыс істейтін кәсіби мықты мамандар қажет-ақ. Мұны тек психологиялық ауытқу деп қана қарауға да болмайды, бұл аса ауыр қылмыс, зұлымдық, демек, осы қылмыспен айналысатын құрылымдағы мамандардың да аса білікті болуы ауадай қажет. Себебі, нақты анықталғанынан бөлек, өгей әке, ағадан, тағы басқа жақындарынан көрген қорлығын қорқып айта алмай жүрген қанша бала жүр арамызда…


Қазір біздің заңымызда мұн­дай қылмысқа барғандарды тек ұзақ мерзімге темір торға қа­маумен шектелеміз. Соңғы кезде кастрация әдісін де қолданып жатырмыз. Бірақ, мұның бәрі де проблеманы түбірімен жоя алмасы сөзсіз. Он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә сәбидің ба­қытты балалығын ұрлап, бү­кіл тағдырына балта шапқан қыл­мыскерге бұл жаза да аз. Ай­туға көп уақыт сияқты болып көрінгенмен, бұл жылдар да сыр­ғып өте шығады, бостан­дық­қа шыққан зұлымның сол тір­лігіне қайта көшпесіне кім кепіл? Неге мұндай адамды мемлекет соншама жыл асырау керек? Дәл осы қылмысқа келгенде гуманистіктен тапқан пайдамыз шамалы. Сондықтан әлемнің бір­неше елінде қолданылып жатқан өлім жазасының енгізілгенін қа­зір жұртшылық қалап отыр.


Сонымен бірге елдегі бүкіл педофилдардың аты-жөні нақты анықталған ақпараттық база болуы қажет, халық біліп, олардан сақтана жүруі керек. Мұндай тәжірибе Түркия мемлекетінде бар және нәтижесіз де емес. Осыған орай Мемлекет басшысы да өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ат­ты халыққа жаңа Жолдауын­да «Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық си­паттағы әрекеттері үшін қыл­мыстық жазаны едәуір қатаң­дат­тық. Алайда, бұл проблема әлі де ушығып тұр. Мұндай қыл­мыс­керлер рақымшылық алу жә­не мерзімінен еркін босану құқы­ғынан айырылып, мейлінше қа­таң жазалануы керек» деп нақты атап көрсетті.


Жарайды, қанша қатаң жа­­за­ланғанмен де, олардың өз­гер­­месі анық және жазасын өтеп шыққанмен де қайтала­май­ты­ны­на кепілдік жоқ. Сондықтан олар­ды сол түрмеде емдеу, са­уықтыру керек. Мәліметтерге, зерттеулерге сүйенсек, оларды мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, тағы басқа бел­гілеріне қарай кей жағдайда анықтауға да болады екен. Олай болса, алдын ала мықты психиаторлар жұмыс жүргізсе қалай болады? Бәлкім, белгілі бір орталықтарға тіркеу қажет болар.


Негізі бұл проблемамен жан-жақты күресу керек, ұрпағы­мыз­дың амандығы үшін, мүмкін, мен­талитетіміздегі «Ұят болады­ның» да тігісін жатқызып, балалардың жыныстық сауаттылығына ата-ана, оқу орындары болып мән беруіміз қажет шығар. Мысалы, балаға есі кіре бастағаннан көшеде өзін қалай ұстау керек­тігін, бейтаныс адаммен әңгіме­леспеу, еріп кетпеу, алданбау қа­жеттігін жиі айтып отырсақ. Мұның бәрі де қатып қалған ой емес, қайтсек, өмірге дендеп еніп бара жатқан проблемадан құ­тылудың жолындағы пікір ғана екенін жұртшылық та түсінер, ой қосар.


Қоғамдағы осындай келеңсіз көріністердің белең алуына ті­келей әсері бар және бәрімізді ойландыратын тағы бір жайт бар. Ол ғаламторға, оның ішінде әлеуметтік желілерге деген тә­уелділік. Бұл көрініс те қазір ға­ламдық проблемаға айналып отыр. Сан түрлі әлеуметтік желі­лердің жеке адамға ғана емес, жалпы қоғамға, мемлекетке ық­палы күннен-күнге артып барады. Тіпті, билік өкілдерінің өзі кейде осы желіге алаңдап, ондағы жөнді де, жөнсіз талаптар мен пікірлердің жетегінде кетіп бара жатқанын көріп, естіп отырмыз. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде ғаламтордың, әлеуметтік желілердің пайдасы да орасан. Адам өзіне қа­жет­ті мә­ліметтерді тез таба алады, жа­­ңалықтардан жылдам ха­бар­дар болып отырады, шығар­ма­шылығын жарнамалайды, биз­несін дамытады, т.б. Сонымен қа­тар зияны да жетерлік, алтынға ба­лайтын уақытымызды жоғал­тып жатқанымызды сезе бер­мей­міз, тек дайын ақпарат пай­даланып, жалқауға айналып ба­­ра жат­қандаймыз. Әлеуметтік же­ліге тәуелділік туған-туыс­тар­­мен қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізуде. Ересек адам­дардың өзін еріксіз баурап алып жатқан әлеуметтік желі ал­дын­да бала­ларымыздың тіпті қау­қарсыз екені түсінікті жағдай. Небір бүлдіргі ақпараттар мен ұлттық болмысымызға мүлде жат бейәдеп дүниелер ғаламторда өріп жүр.


Президент өз Жолдауында бү­кіл әлем сияқты Қазақстан­ның да интернеттегі түрлі ғай­баттаулардан қорғана алмай отырғандығын, салдарынан оқыс оқиғалардың орын алып жат­қан­дығын айта келіп, азамат­тар­ды, әсіресе, балаларды ки­бер­­буллингтен қорғау жөнін­дегі заң­­намалық шараларды қабыл­дауды тапсырды. Бала санасына кері әсерін тигізетін ақпараттық өнімдерді жария етуге тыйым салу керек дейміз. Бұл оңай жү­зеге аса қоятын шаруа емес сияқ­ты. Сондықтан отбасында ба­лалардың әлеуметтік желіні пайдалануына белгілі бір шектеулер қою керек. Баласының қандай әлеу­меттік желіде отырғаны, не көріп жатқаны үнемі ата-ана назарында болғаны дұрыс, демек, көп мәселе ата-анада.


Қазір ата-аналардың басым бөлігі өздерінің бала тәрбие­леудегі жауапкершілігін оларды киіндіру, тамақтандыру, қажетті бір-екі қосымша орталықтарға апару, талаптарын орындау ғана деп түсінеді. Осымен олардың тәрбиелері тәмам. Күні бойы ата-ана жұмыста, кешке балаларымен бір-екі тілге келеді, бірге тамақтанады. Сосын ата-ана да әлеуметтік желіде отырады, ба­ла өз әлемімен қалады. Тіпті кіш­кентай сәбилерінің өзін мазаны ала бермеуі үшін қолына ұялы телефон, планшет ұстата са­лады. Дәл осы көріністің қа­зір кез келген отбасында болып жатқаны, өкінішке қарай, ащы шындық. Адам өзінің ерік-жі­ге­рін балалық шақтан бастап, әлеу­меттік желіге емес, ақылға, санасына, парасатына бағындыру керек.
Тағы да Абайға жүгінер бол­сақ, «Бұрынғы ата-бабалары­мыз­дың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен: ол – елбасы, топ басшыларына тоқтай біле­тіндігі мен намысқойлығы» дей­ді. Тереңінде ақылман адам­ның сөзіне тоқтау, бірін-бірі тың­дай білу, арлы, намысты болу тү­сініктері жатыр. Мұны неге айтып отырмыз, себебі, қа­зір әлеу­меттік желілерде де, өмір­де де мәселенің байыбына бармай арандату, ушықтыру, сабыр­сыз­дық, әдепсіздік, жағдайды тек айқаймен шешем деген пиғыл көп. Оны да бүгінгі әлеуметтік қи­ыншылықтармен ақтауға тырысамыз.


Әлеуметтік желідегі түрлі фейктер, яғни, қоғамдық пікір­лер мен көңіл күйді бұрма­лаушылықпен көрсету – кез келген уақытта бұрқ ете қалатын қауіпті отпен ойнау. Әсіресе, аза­маттардың саяси санасы мен мінез-құлқын әлеуметтік басқа­рудың жасырын тәсілі – саяси манипуляция да белең алып келеді. Фейктердің ХХІ ғасырдың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі екенін ЮНЕСКО да мақұлдап отыр. Бұл қауіппен күрестің нә­тижесіздігінен де бүкіл әлемде күт­пеген келеңсіз жағдайлар орын алуда.


Жаһандық пандемия кезінде бұған көзіміз әбден жетті. Адам­дар алғашында вирустың табиғатын, оның таралу қаупін толық түсінген жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде жалған ақ­параттар тараған кезде, жұрт­шылық әбігершілікке, байбаламға бой алдырды. Мысалы, біреулер ұшақтың шаңды ізін вирус таратып жатыр десе, енді біреулер бұл ауру мүлде жоқ деді. Ал, үшінші біреу бұл адамдарға чип салудың саясаты деп шулады. Сондықтан кім пікір жазса да, әсіресе, белгілі блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, елдің ой­ын сан-саққа жүгіртпей, өз жаз­ғанына аса жауапкершілікпен қа­рауы керек.


Осы тұста тағы бір айта ке­тетін мәселе – қазір әлеуметтік же­лілерде мемлекеттік қызмет­керлердің сыбайлас жемқор­лық­пен, парамен ұсталып жатқаны туралы құзырлы орган жиі ашық ақпарат беруде. Әрине, ол дұ­рыс та, халық білуі керек. Бұл бір жағынан, сыбайлас жем­қор­­лықпен күрес саласының нәти­желі жұмысын да көрсетеді. Бі­рақ, осы мәліметтер халық ара­­сында мемлекеттік қыз­­мет­керлер шетінен сыбай­лас­тық­пен айналысып жатыр деген пікір қалыптастырып отыр. Сол себепті халықтың билікке деген сенімі азайып барады. Ал, сол параны беретін кімдер? Өзіміз емес пе? Мүмкін, пара берушілердің де атын атап, түрін түстеу керек шығар. Себебі, олар да заң бұ­зып отыр ғой. Демек, бұл мә­селеге біржақты емес, жан-жақты қарайтын уақыт келген сияқты.
Ең өкініштісі – әлеуметтік же­лідегі негізсіз, ресми емес, аран­дату, кейбір топтардың өз мүд­десін көздеп, ушықтыру мақ­са­тындағы пікірлерге таразыла­май, сараптамай, тез еріп кете беретін болдық. Осы тұста ақ­па­раттық сауаттылығымыз да же­тіспей жататын сияқты. Осыған орай әлеуметтік желідегі қандай да бір келеңсіз, алыпқашпа пі­кірге сол мәселеге қатысты құ­рылымдар, құзырлы органдар дер кезінде қалың жұртшылыққа түсінікті тілмен дұрыс ақпарат беріп отырса дейміз. Өйткені көп жағдайда желі қолданушылары осындай ресми жауап ала алмайды. Түсінбестік туындап, жағдай ушығып, проблема тереңдей тү­седі.

Біздің ата-бабаларымыз қиын­­дықтың небір түрін көрген: со­­ғысты да, ашаршылықты да, жұтты да. Соның бәрінде сабырға келген, шүкіршілік еткен, әсіресе, аналарымыз жоқтан бар жасап, шаңырақтың шайқалмауын, ел­дің бірлігін сақтап, ағайынның алауыздығына жол бермеген. Ел басына күн туған сәттерде хал­қымыз ешуақытта мейірімге, па­­­расаттылыққа негізделген ада­­­ми қарым-қатынастарын жо­ғалт­­­паған.


Әлемге әйгілі Қытай ойшылы Конфуций өз халқына қалдырған қасиетті қағидасында «мемлекетте басқарушы мен әр қызметкер, отбасында оның әрбір мүшелері өздерінің орындарын білсе, ел­де тепе-теңдік, тыныштық сақта­лады» деген екен. Ал, тыныштық болған жерде адамдар да алаңсыз, бақуатты өмір кешеді.


Қазіргі әлемді жайлаған індет пен дағдарыс жағдайында Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, терең білім, еңбек, кәсіби дағды, темірдей тәртіп пен жауапкершілік, әділдік, адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық қана жас ұрпақты бағытынан адастырмай, ұлтымызды жаңа сапаға көтере алады.


Бүгінгідей ақпарат, жасанды интеллект, роботтар заманында ұлттық құндылықтардың жойылып кетпей, сақталуына барынша үлес қосу – әрбіріміздің адами және рухани парызымыз.

Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,


педагогика ғылымдарының докторы, профессор.


М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің
директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<