ЖАЗМЫШ

1038

0

Адамның тірліктегі жолы сан тарау. Бақытқа кенелсек те, қайғы-қасірет шексек те, оны тағдырдың ісі дейміз. Қытай жұртының ежелгі мәдени және рухани мұрасы – «Марапаттау және жазалау кітабында мынандай сөздер жазылған: «Бақыт та, бейбақтық та алдын-ала маңдайға жазулы, ал адам өзінің ниет-құлқымен соның әлдебіреуіне тап болады».
Гете өзінің бір өлеңінде жазмыш жайлы былайша ой толғайды:
Адамды мәңгі ырғатып,
Ойнайды тағдыр тіресе.
Біресе көкке шырқатып,
Құрдымға тастар біресе.

ЖҰЛДЫЗШЫНЫҢ ЖОРАМАЛЫ
«Мүйістің түнін қақ жарып,
Із тастаған ғарыштан.
Айға қонды қасқайып,
Үш жаужүрек арыстан» – бұл «Жүзжылдықтар» кітабының авторы, әйгілі астролог Мишель Нострадамустың (1503-1566) соңғы өлеңі екен. Әлгі бір шумақ өлең осыдан тұп-тура төрт ғасырдай бұрын жазыла тұрса да, ақиқатқа тым жуық еді.
Каневерал мүйісінен американдық астронавтардың Айға тұңғыш рет сапар шеккені белгілі. Олар үшеу еді. Бір ғажабы, Ай бетіне бірінші болып табан тигізген астронавт Армстронгтың зодиактық белгісі Арыстан шоқжұлдызы екен.
Астролог Нострадамустың мұндай керемет болжамының шыншылдығына қалайша бас шайқап таңданбасқа!

ҚҰРДЫМДАҒЫ ҚОРЫМ
Атақты қолбасшы Наполеонның мүрдесі Париждегі мүгедектер үйіне жерленіпті. Кезінде бұл жайды ұлы қолбасшының өзі салдыртып, соғыста жараланған сарбаздарды сонда емдетіп отырған екен.
Бір таңғаларлығы, осында қойылған Бонапарт Наполеонның мүрдесі жер бетінен едәуір төменірек орналастырылғанында болып отыр. Келгендер бейіттің бет-бейнесін толығырақ көру үшін лажсыздан тізе бүгіп, төмен иіледі екен. Мұның өзі сырт көзге тосын көрініс екендігі даусыз. Құдды ұлы қолбасшы зиярат етушілерді өзіне еріксіз табындырып қойғандай…
Жинап-терген: Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<