Академик асуы

536

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» деп көрсетті. Әлбетте, қоғамның дамуы жолында ғылымның орны ерекше.

Осы орайда, ғалымдардың қажырлы еңбегі, зерттеу жұмыстары теориялық деректер мен заңдылықтарын ашумен қатар практикалық маңызы бар нәтиже беруі тиіс. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген ғалым Ләззат Балтабайқызы Құлымбетоваға ҚР Ұлттық инженерлік академиясының толық мүшесі – академик атағы берілді.

Ұлттық инженерлік академияның негізін қалаушы, ұйымдастырушысы және оның алғашқы президенті академик Ө.Жолдасбеков болатын. Қазір белгілі ғалым, Парламент Сенатының депутаты, академик Б.Жұмағұлов басқарады. Құрамына ірі өндіріс ошақтар, ғылыми-техникалық және инженерлік орталықтар, облыстық филиалдар және бөлімшелер кіреді.

Қазақстан тұтыну бірлестігіне қарасты Қарағанды кооператив институты іргесі қаланғаннан бастап еліміздегі экономикалық білім беру жүйесінің беткеұстар ғылыми мектебі болды. Бұл оқу ордасында (қазір Қарағанды экономикалық университеті – ҚЭУ) кезінде Мәскеу, Қазан, Киев, Санкт-Петербор, Новосібірде білімдерін шыңдаған ұстаздар дәріс берген-ді. Қазір де болашаққа жетелейтін, жол ашатын ҚЭУ кез келген мектеп түлегінің арманын орындауға септігін тигізетіні ақиқат.

Осы оқу орнының түлегі, академик Л.Құлымбетова Қарағандыдағы №38 мектепті 1981 жылы үздік бітірген. ҚЭУ-ді, Мәскеудің кооператив институтын бітірген. 1997 жылы Қазақ тұтыну бірлестігіне қарасты ҚЭУ-нің аспиранты, ал 2001 жылы кандидаттық қорғап, 2002-2003 жылдары экономика ғылымының кандидаты, доцент атағына ие болды. «Жаһандану кезінде Қазақстанның жылжымайтын мүлік дамуының ерекшелігі» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, 2011 жылы профессор атағын алды. Кейін ҰИА-ның корреспондент мүшесі, 2018 жылы экономика бөлімінің ғылыми секретары болып сайланды. Екі монография, 7 оқулық авторы және 5 тілдік «Көк бизнес» глоссариясының иесі. Оның басқаруымен 4 адам магистрлік қорғады. Алыс және жақын шет елдерде 114 еңбегі жарияланған.

«Жоғары оқу орындарының үздік педагогы», «Тәуелсіздік құрылысшысы», көптеген мақтау қағаздарының иегері. «Көк бизнестің құрылуы мен дамуы» және «Экоинновацияны жетілдіру» атты екі жобаның ғылыми жетекшісі.

Ләззат Балтабайқызы – еліміздің, туған жерінің алдында парызын өтеп жүрген жан. Әлі де Қазақстанның әлеуметтік дамуына қосар үлесі мол.

М.Мерей

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<