Баспасөз хатшысы

1044

0

Былай қарағанда баспасөз хатшысы болу оңай  секілді. Мекеме жайлы дайын ақпаратты БАҚ өкілдеріне ұсынып, іс-шара ұйымдастыруда белсенді болса жетіп жатыр деп ойлаймыз. Алайда бүгінгі заман талабы әріптестерімізге жаңа міндеттер жүктеді.

Баспасөз маманы сол мекеменің айнасы іспеттес. Өзі жетекшілік ететін саланың қыр-сырын біліп қоймай, оның қоғамдағы бет-бейнесін, ашықтығын қалыптастыру, жариялылықты ұстану секілді қағидалар тікелей PR менеджерге байланысты. Ал осы салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келетін, қай кезде де БАҚ-тағы әріптестеріне ақпаратты дер кезінде жеткізетін Әсел Абзалдың еңбегі ерекше.

Журналистикадағы қадамы «Ақмешіт ақшамы» газетінде тілші болудан басталған. Мұнда 2007-2015 жылдар аралығында түрлі тақырыптарда қалам тербеді. Белгілі журналист Сағитжан Бермағамбетов атындағы байқаудың жеңімпазы атанып, «Үздік жас журналист» номинациясын иеленді. 2013 жылы облыс әкімінің стипендианты атанып, бұл жолы да «Үздік жас журналист» марапатын еншілеген. 2015-2016 жылы қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде жұмыс істеп, «Мамандығым – мақтанышым», «Ән әлемі», «Шуақты шаңырақ» айдарларын жүргізді. Қазір облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз хатшылығында алты жылдан бері жұмыс істеп келеді.

– Еңбек жолымды тілшіліктен бастадым. Сол уақытта біраз мекемелердің баспасөз хатшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Ақпарат алуда кедергілерге кезігетінбіз. Сонда «неге қолдарында тұрған мәліметті беруге қиналады» деп ойлайтынмын.  Кейін өзім де осы қызметке келген соң, жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін түсіндім. Басылымда жұмыс істегендіктен, әріптестерімнің жағдайын білемін. Сондықтан сұраған мәліметтерін неғұрлым тезірек беріп, мүмкіндігінше толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етуге тырысамын. Сондай-ақ, облыстық ассамблеяның барлық іс-шараларын ақпараттандыру, әлеуметтік желілерде жариялау да менің міндетіме кіреді. Әр тоқсан сайын атқарылған жұмысқа есеп беремін. Желіде теріс көзқарас қалыптастыратын жариялымдарды саралап, пікір білдіремін. Біздің жұмысымыздың жүйелі жүруіне ең бірінші жергілікті БАҚ-тың ықпалы зор. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, – дейді Әсел.

Әселдің өмірлік серігі – «Хабар 24» арнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков. Он екі жылдан бері өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келетін жас отбасы. Сәт сайын алмасып жатқан ақпараттар ағынында қандай жаңалық болса бірге талқылайды. Қоғамдағы жағдайларға орай көзқарастары кейде бір  тоғысса, арасында қарама-қайшы пікір туындайтын кездері де жоқ емес. «Оның да пайдасы бар. Себебі журналистикада пікіралуандылығы маңызды. Қандай мәселе болсын әртүрлі қырынан қарауға үйреніп келеміз. Астарына, түпкі мәніне үңіліп, сараптап талдауға тырысамыз. Бір үйде екі журналистің  болуының артықшылығы осы шығар» дейді әріптесіміз.

Төрт баланы дүниеге әкеліп, берекелі шаңыраққа айналған Әсел мен Нұрланға сырттай сүйсінетіндер көп. Тұла бойы тұңғышы Таңнұр таңмен таласа туып, ата-анасының  төл мерекесіне тарту болыпты. Ал Мерейлім 1 наурыз – Алғыс айту күнінде дүниеге келген. Отбасының атұстары – Әлинұр мен Шахнұр да қатар ержетіп келеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<