Білімді, білікті, бірегей

303

0

Сыр елінің бүгінгі өскен-өркендеген кескін-келбетіне айшықты қолтаңба қалдырған аға буынның еңбегін қарапайым көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Аймағымыздың әрбір жетістігінде сол адамдардың маңдай тері мен алақанының ыстық табы бар. Азаматтық асқақ тұлғасын қарапайым болмысына сыйдырып, мен былай қылып едім демейтін сондай тұлғалар қатарында Имамадин Оңғарбаевтың есімі алдыңғы қатарда тұрады десем, ақиқатым – осы.

Имекеңмен сонау 2004 жылдан бастап етене араластым. Ол кезде мен облыс әкімінің орынбасарымын, Имекең қала әкімінің орынбасары болатын.   Қаланың өндіріс, тұрғын үй, жылу, су, электр жарығымен қамтамасыз ету саласына жетекшілік жасады. Бұл әкімдік жұмысының қайнап жататын, түйткілі көп бөлімі болып саналады. Тіпті, сол кезде әкімдік тек қана жылу, су, электр мәселесімен ғана айналысатындай көрінетін. Имекең осы саланың жетекшісі есебінде тынымсыз жұмыс үстінде жүрді.  Бұл қалаға газ келмеген уақыт, мазут қымбат. Қаланы жылумен қамтамасыз ету сын көтермейді. Кеңестік заманда салынған жылу орталығы тозығы жеткен. Кәріз жүйелерінің кенеуі кеткен. Ауызсу мәселесі айтылса ащы теріңді шығарады. Қаланы ауызсумен қамтитын «Водаканал» мекемесі жекенің қолына көшкен. Бюджетте қаражат тапшы.    

Қала әкімі Мұрат Үдербаев пен Имекең екеуі бірлесіп отырып, осы мәселелерді облыс әкімі Икрам Адырбековтің алдына қойды. Бұл енді жай ғана мәселе етіп қойса, орындала салатын жайт емес. Оған нақты ұсыныс, қиын түйінді шешетін жол табу керек.

Икрам Адырбекұлы өте талапшыл еді, алайда, қандай істі болса да ақылға салып шешетін. Ауызсу мәселесіне байланысты салалық мамандардың ой-пікірін тыңдап, «Водоканал» мекемесі бюджет есебіне қайтарылды. Осыған орай кәсіпкерлерді жинап, қалаға көмек беру туралы үйлестіру жұмыстары жүргізіле бастады. Жиналған қаржы ауызсу мен кәріз жүйесін жөндеуге жұмсалып, осыдан кейін ғана су мәселесі бір жөнге келтірілді. Әбден тозығы жеткен ауызсу құбырларының бір жерін жөндесең, екінші жері қайта жарылып жататын. Қалаға жылу маусымында жылу берілмейтін. Осы кезде Имамадин Оңғарбаев КМРЦ қазандықтарын реконструкциялау, олардың қасына газды пайдаланатын жаңа қондырғылар қою туралы ұсыныс жасады. Оның техникалық мүмкіндіктерін мамандармен бірлесе отырып есептеп, тиімділігін көрсетіп берді. Сол ұсыныстың арқасында қаланың мөлтек аудандарына шағын жылу орталықтарын орнату жұмыстары іске асты.

Сонымен бірге, жылу трассасындағы үлкен құбырлар қаптаусыз, жалаңаш жататын. Сондықтан ыстық су қаланы аралап, қажетті жеріне жеткенше қанжылым күйге түсетін. Осы жағдайды көріп, жылу құбырларына орама жүргізу жұмысына да мұрындық болған Имекең еді.

Имекеңнің іскерлігінің арқасында арыздан көз ашпайтын көптеген кемшіліктер майдан қыл тартқандай білінбей, бір істің артынан бір іс осылайша орайын тауып жатты.

Аймақ басшысы Имамадиннің осындай біліктілігін көрді, бағалай білді. Сондықтан оған жоғары жауапкершілік жүктеп, өзінің орынбасарлығына шақырды. Сөйтіп ол 2005 жылдан облыс әкімдігінің өнеркәсіп және құрылыс саласын басқарды. Талап күшті, жұмыс ауыр, бірақ, Имекеңнің сала басшысы ретінде бірде-бір рет ескерту алып, жұмысына сын тағылғанын көрген жоқпын. Бұл жерде маманның ең алдымен білімділігі көрініп тұратын. Менің білуімше, Имекең мектепті де, институтты да үздік бітірген. Ал сол білімін тәжірибемен толықтыруда өзін аямайтынын, бейнет қылдым деп міндет қылмайтынын көзіммен көрген адаммын.

Осы жылдары облыс әкімдігімен бірге Имамадин де су тасқыны, Қармақшы ауданынының Т.Көмекбаев, Қуаңдария ауылдарының маңына зымырантасығыштың құлауы, қаланы газдандыру сияқты бірнеше ірі мәселелермен бетпе-бет келді. 

Дария тасуынан Сырдария, Жалағаш аудандарын су басу қаупі туды. Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылының бірнеше үйін су шайып кетті. Ел әбігерге түсті.

Қала шетіндегі саяжай тұрғындарын су кешіп жүріп, оқу орындарының жатақханаларына көшірдік. Сондай сын сағатта Имекең екеуміз түнімен дария жағалап, далада, көлігіміздің ішінде ұйықтайтынбыз. Мұндай кездерде осындай азаматпен қызметтес болғаныңа шүкір дейсің. Жүрегі батыр, қорқасоқтау жоқ. Мынау енді не болады деген уайымға салмайды, жақсы сөзімен шаршағаныңды ұмыттырып жібереді. Асып-сасып жүрген адам оның сабырлы, қарапайым қалпын көргенде бойын тіктеп, қуат алады.

Имекең қаланың газдандыру жұмыстарына көп еңбек сіңірді. Осыған байланысты өзім білетін мына бір жайтты айтсам болады. Газдандыру жұмысына қатысты мемлекеттік сатып алу бойынша жарияланған тендерді ресейлік компания ұтып алған еді. Жергілікті басшылық тарабы олардан оң жұмыс талап етті. Ал олар жұмыс жүргізуге асықпады, «газдандыру жергілікті құрылысшылардың қолынан келмейді, бізсіз оны атқара алмайсыңдар» деген көзқарастарын да жасырмады. Ал тұрғындар үйлерінде күндіз көрпеге оранып отырды. Осы кезде өзін суықтың өтінде қалғандай сезінген Имекең облыс әкімінің орынбасары есебінде тосын қадамдарға барды. Таразы басында халық тағдыры тұрғанда ештеңеден тартынбады. Қайтадан тендер жариялап, жұмыс жасай алатын лайықты мамандарды тапты. Қатарда жүрген өз мамандарымыз ресейліктердің игермей кеткен ақшасын тиімді жұмсап, келесі жылға қаражат алу үшін ұсыныс түсірді. Сонда жергілікті мамандарды бағаламай жүрген ресейліктер өз кемшіліктерін мойындап, жөндерін тапты. Олардың облыс әкімінің орынбасары бізге не қауқар қылар деген ойы орындалмады. 

2005 жылы қалаға толық жылу беріле бастады. Осы жылдың аяғына таман, қазан айында Имамадин Оңғарбаев қала әкімі болып тағайындалды. Бұрынғыдан да артығырақ жауапкершілік жүктелді. Осы қызметінде Имекең өзіне тиісті болған барлық міндетті абыроймен алып жүрді. Халыққа жақын болды. Іздеген адамға тар кабинетінен емес, кең ел-жұрттың ортасынан табылды. Мен оның осы бір жауапкершілікті жанымен сезіне білетін, іскер, жанашыр мінез ерекшеліктерін айрықша айтқым келеді.

Қала басқару оңай ма, жоғарыдан қатаң тапсырма, ел-жұрттан талап-тілек толастамай түсіп жатады. Басшының өзіне арнайтын уақыты болмайды. Имамадиннің қала әкімдігінде қызмет еткен аз ғана мерзімде көптеген мәселенің түйінін тарқата біліп, еңбектенгенін біз жақсы білеміз. Ол жылдар экономикалық тұрғыдан қиын кезең еді. Жаңа айтып отырған жылу, су, жарық, тұрғын үй деген мәселенің бәрі басына тартсаң, аяғы ашық қалатын жағдайда болды. Имекең соның бәрінің оябын тауып, білімділігімен, біліктілігімен орындай алды.

Мен 2008-2012 жылдары Жаңақорған аудынының әкімі болып қызмет еттім. 2010 жылы Имекең «Қазатомөнеркәсіп» басшыларының шақырумен Жаңақорған ауданында салынып жатқан СКЗ-U күкірт қышқылы зауыты директорының бірінші орынбасары болып қызметке барды. Екеуміз бір ауданда жүрген соң қызмет бабымен де, жай тіршілікте де жақын араластық.

Бұл – күкірт қышқылы зауыты құрылысының қара жерден басталған кезі. Қайда жүрсе де шоққа суарылатын болаттай қиын істің ортасына түсетін Имекең бұл міндетін де мүлтіксіз атқарды. Негізінен еуростандартқа сай салынатын зауыттың құрылыс жұмысын жапондық компания алған еді.

Зауыт Қазақстанның уран өнеркәсібін жерасты шаймалау әдісімен уран өндіру технологиясындағы ең басты реагент болып табылатын күкірт қышқылымен қамтамасыз етуге арналған. Сондықтан оның құрылысы да күрделі, мамандарға қойылатын талап та қатаң. Жапон мамандары Имекеңнің тәжірибесіне сенді, жауапкершілігін бағалады. Әйтпесе, олардың мұндай жауапты істі екінің біріне ұстата салмайтыны аян.

Имекең сыртта жүріп, күн-түн демей, көп жұмыстың көзін тауып, арынын басты. Ол кімге қандай іс тапсыру керектігін жақсы біледі. Оған қоса адаммен тіл табысу, әркімге құрметпен қарау, біреудің жағдайын өз жанынан өткізе білу – Имекеңнің нақ бейнесі.

Мұнан кейін Имамадин «Қазсушар» РМК «Арал ОДСП Қызылорда филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл жұмыста да алдынан көлденеңдеп шыққан қиындықтар аз болмады.

Ол кезде елді мекендер топтық су құбырларынан су ішетін. Осы жұмыстарда Имамадин басшы есебінде қордаланған көп мәселелердің түйінін шешті.   

Облыстағы көлдер жүйесіне баратын су жолдарының тазалануына, экологиялық жағдайдың жақсаруына, көлдер жүйесінде балық шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше түтікті құдықтар қазылып, елдің алғысын алды.

Арал, Қазалы аудандарын «Сарыбұлақ» жерасты, Жаңақорған, Шиелі аудандарын «Жиделі» жерасты таза ауызсуымен қамтамасыз етуде қажырлы еңбек етті.

2012 жылы қыс қатты болды, топырақ қабатының қату тереңдігі 2 метрден асып кетті. Осыған байланысты тозығы жеткен құбырлар температуралық өзгеріске ұшырап, магистральды құбыр бойында ондаған апаттар орын алды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қазалы мен Сырдария аудандарында  ауызсу мәселесі туындады. Екі ауданның халқын ауызсумен қамтамасыз ету үшін резервтен жүз миллиондаған теңге бөлініп, апаттық учаскелер жөнделді. Бұл – сол кезде өте қомақты қаржы. Осы қаржыға Имамадиннің табандылығы арқасында қол жетті.

Сол қаражатты игеру үшін Қызылордадағы құрылыс мекемелерінің басшыларын жұмыс істеуге көндірген де Имекең еді. Өйткені, ол мекемелер бұл жұмыстан пайда көрмеді, ел мүддесі, одан беріде Имекеңмен арадағы сыйластық оларды осы ауыр жұмысқа жұмылдырды.

Сол мердігерлер құбыр тарту, сорғы стансаларын орнату, жер бедеріне байланысты вантуз қондырғыларын қою секілді жұмыстарды атқарды. 

Негізі екі су құбыры жүргізілу керек. Өйткені, бірі істен шықса, халық сусыз қалмас үшін екіншісін қосу қажет. Сол кезде Арал, Қазалы елді мекендеріне ұзындығы екі жүз шақырым екінші су құбыры тартылды. 

Ел қиналғанда ер болмысын таныту әркімнің еншісі емес. Оған үлкен ұйымдастырушылық қабілет, жеке бастың абырой-құрметімен бірге, елге, жерге деген махаббатқа толы үлкен жүрек керек.  

Мұнан кейінгі жылдары тікелей Имекеңнің басшылығымен Шиелінің «Жиделі» топтық су құбырын, Жаңақорғанның «Талап», «Сырдария» топтық су құбырлары қайта жаңғыртылды.

«Талап» топтық су құбырының құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп, ауылға таза су тарту жұмысы жүргізілді. «Талап» топтық су құбыры бойынша Шалқия, Құттықожа, Бірлік, Қыраш, Қосүйеңкі, Манап, Бесарық, Кеңес, Кейден, Талап, Аққұм және Бесарық стансаларына құбыр тарту жұмыстары жасалды. Осы жобаға қаралған миллиондаған қаржы игерілді. Онан кейін атқарылатын жұмыстар үшін келесі жылдарға тағы қаржы қаралды. Сол қаржыға Бірлік ауылына дейін тартылатын су құбыры жүргізілді. Бас тоғаннан Бірлікке дейін он шақырымнан астам аралықта құбыр тартып, су желісіне қосылды.

Мен осы кездерде Жаңақорған ауданының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, ҚР Парламенті Сенатының депутат болдым. Қай жерде жүрсек те елдегі жұмыстың бәрі көз алдымыздан өтті. Сол жетістіктерге жету жолында өзімізге қатысты болған міндеттерге араласып отырдық.  

Айта берсек, Имекең атқарған жұмыстар бір мақаланың жүгі емес. Елге жасаған еңбегі жөнінен Имекең – облыстың айнасы дейтін абыройлылар қатарында тұрған тұлға. Біздің ең негізгі айтпағымыз бұл кісінің адами мінез, қадір-қасиетке бай екендігі. Көп ішінде тұйық, өзін алға шығара бермейтін Имекеңнің дос ішінде әдемі әзіл, тапқыр сөзімен ерекшеленетіні бар. «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» дегендей, осы бір жылы жүзді жанның сол мінезі айналасындағыларды өзіне еріксіз баурайды.

Имекеңнің зеректігі, зейіні ерекше. Анда-санда заң аясынан аспай аңға, балыққа шығатын құмарлығымыз бар. Ондайда Имекеңді алдымызға саламыз. Өйткені балықшының баласы табиғаттың қыр-сырын жақсы сезінетіні өз алдына.

Сондай бір аң аулаған күні Жаңадарияның бойын жағаладық. Бір кезде дарияның шетінен әлдекім құрып қойған аудың жібі шығып жатқанын байқадық. Мұз астында қалыпты. Қашаннан құрулы жатқанын кім білсін. Имекең осы ауда балық бар деді. Біз бұған сенбедік, болса да ол балықтар әлдеқашан өліп қалған шығар. Бірақ, Имекең мұзды ояйық деген соң, машинадан әртүрлі темір-терсек тауып, қалыңдығы отыз-қырық сантиметр болатын мұзды сүңгілеп оя бастадық. Қара терге түстік. Шынында ауда бес-алты сазан бұлқынып жатыр екен. Имекеңнің айтқаны келді, біз таңғалдық. Балықты алған соң: «Енді аудың егесіне ақысын тастап кетуіміз керек. Бұл – балықшылардың дәстүрі», – деді ол. Біз мұны да білмейтін едік, сөйтіп, қалтамызды қарманып, біраз ақшаны шүберекке түйіп, аудың жібіне байлап кеттік.

Имекең сырт көзге жай қимылдайтын, шабан адам секілді көрінеді. Ал оның әбжілдігін жанында жүргендер жақсы білеміз. Ойда-жоқта қырғауыл пыр ете қалса, біз мылтығымызды оңтайлаймыз дегенше, Имекең атып түсіреді. Оғы далаға кетпейтін мергендігін өзі мақтаныш қылмайды, ал көрген адам таңырқап тұрады.

Имекең ешкімнің көңілін қалдырмайтын адам. Лауазымды қызмет еткен кездерінде де оған өкпелі жан болған жоқ, тек алғыс білдірушілер болды. Жалпы адам көңілін қалдыру – халқымыздың дәстүрінде де, дінімізде де ауыр нәрсе. Осыған бір мысал айтайын.

Баяғыда бір әйел кісі ауыл арасында келе жатып қолына шыбық алып, аяқ жолдың үстін сызғылап отырған бір балаға кезігеді. Оның қылығын қызықтап:

– Балақай, не істеп отырсың? – деп сұрайды.

– Жәннатты телімдеп, сатып отырмын, – деп жауап береді бала. 

– Маған да жәннаттан аз ғана жер телімін берсең қайтеді? Бағасы қанша тұрады? – деп сұрайды.

– Екі тіллә тұрады, – дейді бала.

Әйел балаға айтқан ақшаны ұстатып, басынан сипап өз жолымен кете барады. Сол күні түс көреді. Түсінде жәннатта жүр екен. Ертеңіне ол кешегі оқиға мен көрген түсін күйеуіне айтады.

Мұны естіген отағасы әйелінің айтқан жеріне барса, әлгі бала айтқандай-ақ жол үстін сызғылап отыр екен.

– Не істеп отырсың? – дейді ол балаға.

Бала жәннатты телімдеп, сатып отырғанын айтады.

– Онда сен маған жәннаттың бір телім жерін бер. Бағасы қанша?

– Екі жүз мың тіллә!

– Сен не деп тұрсың?! Әйелімнен екі тіллә алыпсың, маған неге осынша қымбат айтасың? – дейді оған әлгі адам.

– Алайда, әйеліңіз ол ақшаны жәннатты алу үшін емес, менің көңілімді табу үшін берді. Сіз өз басыңызды ғана ойлап тұрсыз. Жәннат арзан да емес, қымбат та емес. Жәннатты алуды көңілді табудан бастау керек, – деп жауап береді бала.

Бұл баланың кім екенін білмейміз. Менің білетінім Имекең де – әр істі адамның көңілін табудан бастайтын кісі. Мүмкін әлгі мысал әңгімені осындай зиялы жандардың бейнесін жасау үшін ойдан шығарған шығар. Не де болса ойға қонымды. Өйткені, ондай адамдар өмірде бар, солардың бірін біз де айтып отырмыз.

Бұл мысалдар Имекеңнің бойындағы ептілік, ермінезділік, байқағыштық, байсалдылық секілді қасиеттерін паш етеді. Жалпы ол кісінің басқадан бөлек, көптен ерек мінез-құлық, жақсы қасиеттердің иесі екенін айтқым келеді.

Қазақта бірегей деген сөз қолданылады. «Бір де болса бірегей, сүт бетінде кілегей» демеуші ме еді. Имекең де – өз замандастарының ішінде қаймақтай қалқып алып көрсететін, мақтан тұтуға лайық бір бейне.

Бекмырза ЕЛАМАНОВ,

қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының

және Қармақшы, Жаңақорған

аудандарының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<